Мемлекеттік қызметшілер ант қабылдады
Мемлекеттік қызметшілер ант қабылдады
Салтанатты рәсімнің шымылдығы мемлекеттік Әнұранмен түріліп, алғы сөз Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыс бойынша департаментінің басшысы Лесбек Ілебаевқа берілді. – Конституция – бұл негізгі заң, мемлекетіміздің төлқұжаты. Тәуелсіз еліміздің мақсаттары мен басымдықтарын іске асыру үшін мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігі, мемлекеттік аппарат қызметінің кәсібилігі мен ашықтығы Конституцияның мызғымас қағидаттарына байланысты. Бүгінгі өмірімізде орын алып жатқан барлық оң өзгерістер Ата Заңның шеңберінде жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда мемлекеттік қызметшілердің кепілді құқықтары мен оларды әлеуметтік қорғаудың шаралары заңнамамен нақты қарастырылған, – деді Лесбек Құралбайұлы. Сонымен бірге, салтанатты жиында облыс әкімі аппаратының басшысы Мәди Мәтен, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департамент басшысының бірінші орынбасары Дәурен Омаров, «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалыс» республикалық қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының директоры Қасымхан Төлендиев, ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясы облыс бойынша филиалының директоры Рауан Садырқұлов құттықтау сөз сөйлеп, мемлекеттік қызметшілердің жұмысына сәттілік тіледі. Келесі кезекте, мемлекеттік қызметшілер салтанатты түрде ант беріп, жиын соңы естелік суретке түсумен жалғасын тапты.
Мақпал СҮЙІНБАЙ.