Абыройға бөленген Алмас
Абыройға бөленген Алмас
Осындай әр күндері ұлағатқа толы бақытты отбасылар біздің өңірде де аз емес. Олар ұрпақ санын көбейтіп, жаңашыл істі жүзеге асыруда да өзгелерге үлгі болып отыр. Мұндай өнегелі жас отбасыны Шу ауданы Абай ауылынан да кездестірдік. Ол – жаңашыл істің жаршысы болып жүрген Алмас Ахметовтің отбасы. Алмастың атасы Ыбырайхан кеңшардың алғашқы техника саласын басқарушысы, гараж меңгерушісі болған екен. Әкесі Ержан кеңшарда ұзақ жыл аға шопан болып еңбек еткен. Анасы Гүлнар да көмекші шопан болып, мал шаруашылығында тер төккен. Негізі, Гүлнардың касса қызметі бойынша жоғары білімі болған. Жоғары дипломына қарамастан, отағасымен бірге, жарының қабағына қарап, мал шаруашылығында еңбек еткен. Алмас Ержанұлы осыдан 16 жыл бұрын Қапшағай қаласынан Сайра деген арумен танысып, көңілдері жарасып, бірге шаңырақ көтереді. Сол күннен бастап Алмас пен Сайра бір тілек, бір құрмет, бір мүдде жолында жарасым тауып келеді. Айта кетерлігі, Сайра қаланың қызы болса да, ауылда тұру туралы Алмасқа өзі ұсыныс айтыпты. Ауылдың үлкендері мен жақсыларына, әулеттің үлкендеріне сәлемін үзбеген ізетті келінге құрметпен қарайтындар көбейген. Қалалы жердің қызы бола тұра, таң қараңғысынан оянып, самаурынға от салып, бірнеше сиырды сауып үлгеретін Сайраға енесі Гүлнар да дән риза. Ауыл әжелері де «Көсегең көгерсін, айналайын» деп ақ баталарын жаудыртып жүргені. Алмас пен Сайра ақылдаса келе, несие алып, кәсіп ашуға бел буады. Сөйтіп, 2019 жылы 5 миллион теңге несиеге қол жеткізіп, оған сүт өнімдерін өңдейтін құрал-жабдықтар алып, іс бастап кетеді. 5 миллион теңгеден басталған бизнес қазіргі таңда 7-8 есе ұлғайған. «С.Тілеумаханова» жеке кәсіпкерлігі бүгінде жылына 30 тонна айран, 2 тонна қаймақ өндіріп отыр. Тәулігіне 200 литр сүт дайындап, одан түрлі өнімдер шығарып келеді. Тіпті, «Аделья» деген сүт өнімдері қазіргі кезде брендке айналған. Аделья – Алмастың қызының есімі. Бұл кәсіпкерлік алдағы уақытта ет, сүт, балық, тауық өндіру бағытында өз кәсіпкерліктерін дамытуды ойлайды. Бұйыртса, ол мақсаттарына да жетеріне күмәніміз жоқ. Ауыл экономикасының дамуына үлес қосып жүрген жас кәсіпкерлер Алмас пен Сайраның отбасылық өмірлері де талай шаңыраққа үлгі. Бір-біріне деген құрметтері мен сыйластық, махаббаттары жоғары екеуіне қызығатындар көп. Алмас пен Сайра бұл күнде алтын асықтай ұл, күміс қасықтай қыз өсіріп отыр. Бес ұл-қыздың ата-анасы. Ата-аналары кәсіпкер кісілер болған соң ба, балалары да осы тұрғыда ой ойлайды екен. Мәселен, тұңғыштары Нұрасылдың ойы келешекте ветеринар маман болу. Ата-анасы бастаған кәсіпті дамытып, асыл тұқымды малды немесе жоғары сапалы сүт өнімдерін Еуропа кеңістігіне шығарып, халықаралық деңгейде табысқа жетуді көздейді. Қазіргі таңда 10-сынып оқитын Нұрасылдың болашақтағы арманы осындай. Бүгінгі таңда Нұрасыл сүт өнімдерін дамытуға қатысты республикалық деңгейдегі ғылыми жобаның жеңімпазы. Ал, 8-сыныпқа көшкен Ерасыл өзге тілдерді меңгеруге шебер екен. Ол қазақ тілінен бөлек орыс, ағылшын тілдерінде жақсы сөйлей алады. Болашақта басқару мамандығын меңгеріп, үлкен жекеменшік кәсіпорынға басшы болуды мақсат етеді. Сол кезде әлемнің бірнеше алпауыт елдерімен іскерлік байланыс жасамақшы. Бірнеше тілді осы мақсатта үйреніп, меңгеріп жүр екен. Ал, 5- сыныпқа енді көшкен Нұрали Алмасұлының мінезі тұйықтау. Жасы кішілеу болғандықтан, ағаларындай болашақты нақты болжамаған. Дегенмен, күрес үйірмесіне барады, футбол ойнайды. Бұл бала болашағын спортпен байланыстыруы да мүмкін», – дейді әкесі. Жақында Шу ауданына сапары кезінде осы жеке кәсіпкерлікті облыс әкімі Нұржан Нұржігітов арнайы аралап, жас кәсіпкерлер Алмас пен Сайраның жобаларына көңілі әбден толды. «Сіздердің қадамдарыңыз қуантады. «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша алған қаржыларыңызды жылдап өтесеңіздер, тағы да басқа бағыттар бойынша 24 миллион теңгеге дейін несие алып, кәсіптеріңізді дамытуға болады», – деп қолдау білдірді. Біз отағасы Алмас Ахметовтің үлгілі отбасы жайлы пікірін білген едік. Ол: «Барлығы үлкен кісілердің тәрбиесі арқылы болады. Ыбырайхан атамыз салған ұлағатты жолды жалғастырып келеміз. Ержан әкем, Гүлнар анам да ауылға сыйлы кісілер. Адал еңбектерімен біздерді бағып-қағып, жеткізді. Енді біздер қолымыздан келсе, ата-ана алдындағы парызымызды өтеуге тиіспіз. Мен әрдайым ата-анамның қабақтарына қараймын. Олар жадырап жүрсе, барлық әлем күліп тұрғандай болады. Сайра екеуміз балаларымыздың болашағы туралы осы бастан ойланып, жақсы жолдарға бағыттап отырмыз. Болашақта ұлдарымыз жолымызды жалғап, қолымыздағы кәсібімізді дамытып жатса қуанамыз. Өзімнің отбасымдағы, әулетімдегі осы жақсылықтарды өзге отбасына да тілеймін. Мемлекетіміз берекелі, татулығы мол отбасымен дамиды. Әр сәби үшін өз ата-анасының орны бөлек. Сондықтан, еліміздегі әр шаңырақтың өсіп-өніп, бақытты болғандарын қалаймын. Кәсіпкерлігім ұлғайып жатса, көптеген жас отбасыларға қолдау көрсетіп, ауылымыздың дамуына мұнан үлкен үлесімді қоса бергім келеді», – деді.
Есет ДОСАЛЫ.
Шу ауданы.