Спорт және туризм

Жеңістен - жеңіске!

Жеңістен - жеңіске!

«Тараз» волейболшылары І турдан кейін топ тізгінін қолға алды

Өңір волейболы өркен жая түсті. Ұлттық лиганың алғашқы турында қарсыластарынан қара үзіп кеткен жамбылдық волейболшылар өздерінің жеңісті жорықтарын жалғастыруға мүдделі. Командаға беларусь маманы Виктор Иванович Бекша тағайындалған соң, жерлестеріміздің сапына Ресейден Константин Порошин, Украинадан Олександр Дмитриев, Беларусь елінен Андрей Радюк сынды белді легионерлер келіп, командамыздың жақсы нәтиже көрсетуіне септігін тигізді. Ұлттық лиганың «B» тобына түскен «Тараз» волейболшылары кіші турда да, үлкен турда да қарсыластарынан айқын басым болды. Шыны керек, біздің топтағы «Алматы» командасы ел чемпионы, ал Павлодар кубок иегері, «Шығыс» біріншіліктің қола жүлдегері болғанына қарамастан жерлестеріміз сесті командалардан еш сескенген жоқ. «Алматыға» 3-2 есебімен есе жібергенімен, екінші күні Павлодарды 3-1 есебімен, үшінші күні «Шығысты» 3-0 есебімен ойсырата ұтты. Өзге кездесулерде «Алматы» ұпай жоғалтуына байланысты «Тараз» 7 ұпаймен топ тізгінін қолға алды. Бұдан соң Өскеменде өткен жалпы турда қос топтың командалары өзара мықтыны анықтады. Алғашқы кездесуінде «Тараз» «Есіл Петропавл» командасын үш сетте қапы қалдырса, келесі күні Оралдың «Конденсат-Жайық мұнай» ұжымынан 3-1 есебімен айласын асырды. Үшінші күні жерлестеріміз батыс өңірінің тағы бір мықтысы саналатын «Атырауды» да жеңілуге мәжбүрледі. Есеп 3-0. «Тараздың» жеңісті сериясы мұнымен түгесілген жоқ. Соңғы турда «Тараз» волейболшылары «ТНК Казхром» деп аталатын хромтаулық команданы да тізе бүкітірді. Есеп 3-1. Павлодар мен Өскемен қалаларында өткен кіші және үлкен тур ойындарында жарқын жеңістерге қол жеткізген жамбылдық волейболшылар екінші орынға тұрақтаған Павлодар командасы­нан 5 ұпайға ұзап кетті. Осылайша бірінші этап біздің жерлестер үшін жемісті аяқталды. Алда әлі үш кезең бар. Бірден айта кетейік, 24-28 желтоқсан аралығында «Тараз-Арена» спорт кешенінде екінші тур ойындары өтеді. Кезекті кезеңді өз жерімізде қабылдайтынымызды ескерсек, жерлестеріміз үшін жеңісті жорықты жалғастырып, қарсыластарымыздан тағы да қара үзіп кетуге мүмкіндік туындайтыны анық. Ендеше, «Тараз-Аренадан» табылайық, командамызға қолдау білдірейік, ағайын!

Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».