Әлеумет

Нан өндірісін дамытқан отбасы

Нан өндірісін дамытқан отбасы

Халықтың талап-тілегін тыңдап, кез келген мәселенің оң шешілуіне баса назар аударған билікке ел сенімі де нығая түспек. Көтерілген мәселенің сөз жүзінде қалмай, іске асып жатқанын әкімнің халықпен кездесуінен кейінгі нәтижелерінен көпшілік көріп жүр. Айталық, Жуалы ауданының тұрғындарымен кездескен облыс әкімі Нұржан Нұржігітовке аудан тұрғыны Әшіркүл Наурызқұлова наубайхана ашу үшін жеңілдетілген несие алғысы келетінін жеткізген болатын. Бүгінде кәсіпкер жұбайымен бірге наубайхана ісін сәтті жүргізіп отыр.

Әшіркүл Бейбітқызы мемлекеттен «Тараз» әлеуметтік- кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамынан тұрақтандыру қорын жасақтау негізінде 15 миллион теңге несие алып, қосымша картоп, сәбіз, пияз өнімдерінің 108 тоннасын сатумен де айналысады. Пияздың 35,2 және сәбіздің 33,3 тоннасы үйде, ал, картоп өнімінің 40 тоннасы «Злиха» шаруа қожалығының қоймасында сақталады. Наубайхана жұмысын жүргізуге мемлекеттен арзан бағадағы ұнмен қамтамасыз етілген. Ол барлық жұмыстарын жұбайы Нарқозымен ақылдасып, бірге жүргізіп, жуалылықтардың тапсырысына қарай нан өнімдерін пісіріп, көпке ұсынып отыр. Алтын құрсақты батыр ана Әшіркүл Наурызқұлова іскерлігімен аудан жұртшылығына танымал кәсіпкер. Наубайхана жанынан азық-түлік дүкені де жұмыс істейді, онда тұрмысқа күнделікті қажетті заттар сатылады. – Наубайханамызда екі германиялық пеш, бір миксер (қопсытқыш құрал), бір қамырға арналған каталка, үш нан сөресі, бір кептіргіш, бір нан жаятын үстел, бір ұсақтау аппараты, тағы бір пеш және тәтті бәліштердің алуан түрін бір мезетте дайындайтын арнайы пеші бар. Германиялық пеш бір пісіргенде 50 дана нанды дайындап шығарады. Өздігінен су бүркіп, піскен уақытында автоматты түрде дабыл қағып, белгі береді. Ол да жұмысымызға үлкен көмек. Шаруа көбінше арнайы құрылғылардың көмегімен жүзеге асады. Бір күнде базар орталығындағы аудан тұрғындарына 50 дана және жақын дүкендерге 80 дана нан пісіріп, сатамыз. Санитарлық талаптарды қатаң сақтауды басты назарда ұстаймыз. Себебі, мұнда адамға қуат берер азық дайындалады. Әзірге үш адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп отырмыз. Олардың біреуі бөлке нанын пісірсе, екіншісі ыстық самса, ал үшіншісі қаттама нанын көпшілікке тез арада ыстықтай әзірлеп береді. Жаздың ыстық күнінде ыстық пеш маңында тізе бүкпей еңбек ету оңай шаруа емес. Ол үшін адамға табандылық қажет, – дейді кәсіпкер Әшіркүл Бейбітқызы. Шаңырағында бала тәрбиелеп отырса, еңбек нарығында да өзінің іскерлік орнын қалыптастырған Батыр ана елімізде гендерлік саясатты дамытуға да үлес қосып жүр. Гендерлік саясат – Қазақстанның әлеуметтік, экономикалық өмірінде де өзекті үрдіс. Әйелдердің экономикаға белсенді араласуы елдің дұрыс даму жолында келе жатқанын, әр адамға тең мүмкіндік берілетінін көрсетеді. Бүгінде еліміздің шағын және орта бизнесіндегі әйелдер кәсіпкерлігінің үлесі 45 пайызға артуы қуантарлық жағдай.  

Қамар ҚАРАСАЕВА.

Жуалы ауданы.