Мәдениет

«Әйелдер бір іс бастады»

«Әйелдер бір іс бастады»

Ең үздік комедиялық шығарма деп танылды

Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында V республикалық «Тәуелсіздік толғауы» конкурсы мәреге жетті. Шығармалары жүлдегер деп танылып, Астана қаласындағы Конгресс-холда арнайы марапатталған байқау жеңімпаздары қатарында жерлесіміз, жазушы-драматург Елен Әлімжан да бар. Аталмыш байқаудың отандық композиторлар мен драматургтердің, ақындардың шығармашылығын қолдау, ұлттық опера, балет және музыка саласының бәсекелестігін арттыру мақсатында бірнеше аталым бойынша ұйымдастырылып өткізілгені белгілі. Драмалық шығармалар додасында Елағаңның «Әйелдер бір іс бастады» комедиясы «Ең үздік комедиялық шығарма» номинациясы бойынша екінші жүлдеге ие болды. Елен Әлімжан бірқатар хикаят, әңгімелер және эсселер кітаптарының, сондай-ақ, «Бір қазаққа – бір қатын!?.», «Тақталас», «Жанұран» секілді комедиялардың да авторы. Аталмыш туындылары М.Әуезов атындағы академиялық, Жамбыл, Ақтөбе, Торғай, Талдықорған, Жетісай, Қырғызстан («Ұчур») театрлары, халықтық атағы бар басқа да көптеген өнер ұжымдары сахналарында қойылды. «Әйелдер бір іс бастады» – драматургтің төртінші комедиясы. Жүлде құтты болсын, Елаға!

«Ақ жол-Ақпарат».