ЖЕЛ ЭЛЕКТР СТАНЦИЯСЫНЫҢ ҚУАТЫ АРТАДЫ
ЖЕЛ ЭЛЕКТР СТАНЦИЯСЫНЫҢ ҚУАТЫ АРТАДЫ
Жалпы, Сарысу ауданында бес жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан қытайлық «China Power» компаниясы әлем елдерінде ірі электр станцияларын салумен қатар, оны басқарумен айналысып келеді. Олардың ауданда салған 100 мегаватты «Жаңатас» жел электр станциясы бүгінгі таңда толық қуатында жұмыс істеп тұр. «Жаңатас» жел электр станциясы» серіктестігінің бас директоры Гуо Кимнің айтуынша, Сарысу ауданында жүзеге асырылған жел электр станциясында жылына 350 миллион киловатт электр энергиясын өндіру жоспарланған. Жалпы, станция Сарысу ауданын ғана емес, бірнеше елді мекенді жарықпен қамти алады. Кәсіпкердің айтуынша, бұл – Орта Азиядағы ең алып жоба. Жабдықтары Қытай Халық Республикасынан әкелініп, орнатылған. Жобаның жалпы құны 150 миллион АҚШ долларын құрайды. Жоба аясында қуаты 2,5 мегаватт болатын 40-тан аса жел энергетикалық блок пен электр жабдықтарын, сондай- ақ, бір станция торабы мен көпфункционалды орталық салынған. – Бізді қызықтырғаны – бұл өңірдің жақсы климаты. Егер мұнда жел көзі болмағанда үш жылда мұндай айтулы жобаны жүзеге асырмаған болар едік. Біз осы аймақтың климатын зерттей келе, жергілікті билік тарапынан қолдау болып жатса ендігі жерде жел электр станцияларын ғана емес, күн электр станцияларын салуға да ниеттіміз. Қазақстанның қай өңірін алып қарасаңыз да желден де, күннен де электр қуатын өндіруге болады. Қазіргі таңда Қазақстан дұрыс бағыт таңдап, тура жолда келе жатыр. Болашақта алдыңғы қатарлы электр қуатын өндіретін елге айналатынына сенімім мол, – дейді Гуо Ким. Сондай-ақ, серіктестік өкілі осы жерден жел және күн электр энергиясына қажетті құрал- жабдық өндіруге арналған зауыт салуға ниетті екенін де жеткізді.
Марат ҚҰЛИБАЕВ.