Мәңгілік махаббатқа ескерткіш
Мәңгілік махаббатқа ескерткіш
Отау құрған жас жұбайлардың аудан орталығында атбасын бұратын тағы бір орны пайда болды. Осындағы Астананың 10 жылдығы дендробағында «Қозы Көрпеш-Баян сұлуға» арналған ескерткіш бой көтерді. Ескерткіш авторы – белгілі сәулетші Айдархан Сихаев. Мәңгілік махаббатқа қойылған белгінің төменгі тұсына жергілікті ақын, марқұм Қайыпназар Шотбасовтың бір ауыз жыр шумағы қашалып жазылған. Ескерткіштің ашылу салтанатында сөз алған аудан әкімі М. Шүкеев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Р. Шәметов, «Жастар орталығының» мүшесі Н. Оңғаров бұл орын аудан жастарын махаббат деген ұлы сезімді қастерлеуге, адалдық пен сертке берік болудың маңыздылығын ұғындыруға аз да болса көмектеседі деген ойларын білдірді.
Гүлшаһар ӘБДІҚҰЛОВА.
Байзақ ауданы.