Әлеумет

Қаратау петроглифтері

Қаратау петроглифтері

Ғалым, жазушы Жолтай Әлмашұлы: «Қаратаудың мұнарлы биік шыңының бір иеніндегі кезеңге көкжал қасқыр келіп тоқтағалы біраз уақыт: ол селт етіп бір орнынан қозғалар емес; бар дүние қызығын бір сәтке тәрк еткен өлі қалып! Бәлкім, тас мүсін бе екен? Жоқ! Кенет қарт көкжал басын зеңгір аспанға қарай кекжите көтеріп алды да, ащы даусымен ұлысын кеп! Сол зарлы үн аспанды жаңғырықтырды, тіпті ауыл үстінде де біршама уақыт күңіреніп тұрып алып еді» деп Қаратаудың биік шыңдарының құдыреттілігін осылайша көрсетеді.

XX ғасырдың 60-70 жылдары археология ғылымында петроглифтерге деген аса қызығушылық ғалымдардың жеке-дара зерттеулерінен көрініс тапқан. Сонымен қатар, соңғы жиырма-отыз жылдықта әлем ғалымдары арасында ел тарихына терең үңіліп, тастағы суреттерді зерттеуге деген жаңаша көзқарастар қалыптасты. Осындай көзқарастар аясында туындаған зерттеулер барысында Қазақстанның шексіз таулы-далалы аймақтары да қамтылып, жүздеген петроглифтік орындар анықталған. Олардың біразы ежелгі ғибадатхана орындары яғни, ежелгі адамдардың ұзақ уақыт бойы мекендеген тұрағы, рухани мәдениетінің жетістігі болып саналатын орталықтардан табылған тастағы жазулар. Қаратаудың соңғы сілемдері Қызылорда облысының Жаңақорған және Шиелі аудандары аумағында жатыр. Сол аумақта орналасқан Сауысқандық шатқалында ата-бабаларымыздың тасқа қашап жазған жазбалары сақталған. Шиелі ауданына қарасты Еңбекші ауылынан 50 шақырымдай қашықтықта, профессор Мадияр Елеуов басқарған Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің Тұран археологиялық экспедициясы зерттеу жұмыстарын жүргізген. Олар Үлкен Қаратау жотасының Сауысқандық шатқалындағы жартастарға салынған суреттердің ірі шоғырланған орнын ашқан. Археолог Мадияр Елеуов: «Бұл жотадағы тасқа қашалған таңбалар көп. Ол әйгілі Таңбалы тастан бір мысқал да кем түспейді», – деген пікір айтады. Тау-тастарындағы сызбалар сан түрлі тәсілдермен қашалып, оған көп бейнелер салынған. Тас ғасырдан кейінгі кезеңде сана иелері өздерінің тыныс-тіршілігі жайында тасқа қашап бейнелеуді дұрыс көрген. Онда шаруашылық, тұрмыс-салт пен жол-жоралғы, дүниетаным тасқа басылған. Ең негізгі көріністер тіршілік иелерінің аңшылық пен балықшылық секілді кәсіптерге қатысты екені көзге көрінеді. Сонымен қатар, мұнда антропоморфтық фигуралар, бұқалар, арбалар, түйе және басқа аң-құстармен солярлық символдар бейнеленген. Бұлардың барлығы әртүрлі сюжеттермен композицияларға біріккен, сан алуан тұрмыстық діни-таным, мифологиялық ой-өрістермен тікелей байланысты. Ең көрнекті сюжеттер қатарына қолдарына шоқпар ұстаған ер адам бейнелері, көп жағдайларда бастарына аң немесе құс іспеттес маска киіп, үстіне мал терісінен яғни, құйрық тұсының терісін қалдыра отырып тіккен арнаулы костюм киген абыздар бейнесі қола заманындағы діни- нанымның ерекшеліктерін және оның кейбір ғұрыптық тұстарын көрсетеді. Сауысқандық петроглифтерінде кескінделу пішіні ерекшелеу болып келетін бірін-бірі дәлме-дәл қайталайтын бірнеше көріністер кездеседі. Мұнда жартылай тізе бүгіп отырған тәрізді бүйірінен кескінделген, аң құйрықты киім киген тағы басқа да жағдайдарда көрсетілген адамдар бейнесі кең тараған. Ежелгі бейнелер қатарына бір көріністе кездесетін бұқа-турларды айта кетуге болады. Петроглифтік дүниелер өнерінің мәні терең, бейнесі мазмұнды болып келеді десек, ежелгі замандағы адамдар аңыз әңгімелерге ден қоя отырып, мифтік бейнелерді де тасқа қашай білген. Сондай-ақ, мұндағы суреттер қоршаған ортаға қатысты көріністерді де көз алдыңа келтіреді. Осыдан-ақ, қазақ халқының өткен тарихынан да мәдениетке жақын болғанын анық аңғаруға болады.  

 Мақпал СҮЙІНБАЙ.