Күзетшіліктен басқа жұмыс қолымыздан келмей ме?
Күзетшіліктен басқа жұмыс қолымыздан келмей ме?
Таразға келген соң, Қордайға дейін ұзақ жол болғандықтан, кафеден түстеніп алуға бел будық. Кафе үлкен. Кең залы тапсырыс берушілерге арналған. Ас дайындау бөлмесі де қабырғасы терезе болғандықтан, алыстан көрініп тұр. Ала тақиялы кісі қасындағы 4-5 шәкіртіне қолын сілтеп бірдеңелерді түсіндіріп жатыр. Шәкірттерінің бірі картоп аршып, бірі салат турап, бірі еттің дәмін көріп жатыр. Қарап тұрған ешкім жоқ. Ал, тапсырыс берушілердің бәрі өзіміздің қандастар. Шай, тамақ тасып жүрген қызметшілер де өз бауырларымыз. Дүйсебай жездем әлгі даяшы қазақ жігітінің біреуіне: «Неге анау ала тақиялы жігіттерге ұқсап ас пісіріп үйренбейсіңдер? Неге тым болмаса шаш қысқарту өнерін меңгермейсіңдер? Қашанғы даяшы боласың?» деп айтып- айтып тастады. Анау жігіт үнсіз қалды. Ұялғаны болар. Ұялғанына да шүкір. Жездем маған қарап «Анау ала тақиялы ұстазды көрдің бе? Бес шәкіртін үйретіп жатыр. Енді бір айдан соң, оларға сертификат береді. Осылайша бұл жігіттер басқа кафеге жұмысқа кіріп, өздері табыс табатын болады. Олар да шәкірт тәрбиелейді. Ал, біз неге осындай өміршең жұмысқа ұмтылмаймыз? Неге қолымыздан күзетшіліктен басқа жұмыс келмейді?» деп ашына сөйледі. Мен де үнсізбін. Тараздық белгілі кәсіпкер Меруерт Лештаеваның «Адам талпынса барлық мақсатқа жетеді. Аспазшы бола жүріп, жалға мейрамхана алып жұмыс істедім. Кейіннен өз мейрамханам болды. Бірақ, оны кейбір кісілер қиянат жасап тартып алды. Қайтадан ұмтылдым. Қазір екі мейрамханам жұмыс істеп тұр. Ал, әлгі кісі маған қиянат жасап тартып алған мейрамхана жұмысын жүргізе алмай, шығынға батты» дегені еске түсті. Демек, алға ұмтылған кісінің табысқа жететіні анық. «Маған күзетшілік жұмыс жетеді» деп алаңсыз жүре беретін дәурен алысқа кеткен тәрізді. Сіз не дейсіз? Әлде расымен де күзетшіліктен басқа жұмыс қолымыздан келмей ме?..
Есет ДОСАЛЫ.