Әлеумет

Тозығы жеткен электр тіректері әлі бар

Тозығы жеткен электр тіректері әлі бар

Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылғы Жолдауында «Монополиялардың пайдасын шектеу қажеттілігі мен инфрақұрылымға инвестицияларды қамтамасыз ету арасындағы тепе-теңдікті сақтау маңызды. Елімізде электрмен жабдықтау желілерінің үштен екісі, жылу коммуникацияларының 57 пайызы және су құбыры желілерінің жартысына жуығы тозған. Бұл сандар өздері туралы айтады. Тарифтерді жасанды түрде ұстап тұру желіден ажыратуларға, аварияларға және нәтижесінде азаматтардың денсаулығы мен өміріне қауіп төндіруі мүмкін. Монополиялық нарықтарда «инвестицияларға айырбас ретінде Тариф» жаңа тарифтік саясатына көшу қажет. Желілер мен қуаттардың тозу көрсеткіштерін кем дегенде 15 пайызға қысқарту қажет», деген еді. Осыған байланысты Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополиялар департаменті Қағидалардың 361-тармағына сәйкес, табиғи монополия субъектісі инвестициялық бағдарламаның сомасын түзетуді назарға алып, арнайы баспасөз турын ұйымдастырды. Оған Тараз қалалық мәслихатының депутаттары мен «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының өкілдері де шақырылды.

«Жамбыл электр жүйесі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі инвестициялық бағдарламаның жобасын іске асыру бағытында атқарып отырған жұмыстарымен таныстырды. Жалпақтөбе ауылындағы электр энергиясын тарататын сымдар мен ағаш тіректер елу жылдан аса уақыттан бері қолданылып келеді. Қазір бірқатары жаңасына ауыстырылып жатыр. Инвестициялық бағдарламаны іске асыру электр энергиясын тасымалдау бойынша көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Бұл тұтынушыларды сенімді және үздіксіз электрмен жабдықтауды қамтамасыз етеді. «Жамбыл электр желілері» серіктестігінің 2021-2025 жылдарға арналған инвестициялық бағдарламасы облыс әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының және Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитеті облыс бойынша департаментінің бірлескен бұйрығымен 5 740 474 мың теңгеге бекітілген. Оның ішінде 1 131 632 мың теңгесі биылға қарастырылған. Ол кернеуі 35-110кВ қосалқы стансасы үшін жабдықтар, кернеуі 6-10кВ қосалқы стансасын, өлшеу құралдарын, АСКУЭ және байланыс жабдықтарын, автокөліктер паркін жаңарту және арнайы техника, компьютерлік техника сатып алуға бағытталған. Биылғы шілдедегі №48-НҚ Бірлескен бұйрығымен жалпы сомасы 1 500 432 мың теңгеге түзетіліп, осыған байланысты биылға арналған «Жамбыл электр желілері» серіктестігі инвестициялық бағдарламаны түзетуге облыс аудандары бойынша 6-10/0,4 кВ электр беру желілерін реконструкциялайды. Бүгінде инвестициялық бағдарлама бойынша Қаратау қаласында 110/6/6кВ «Қаратау-2» қосалқы станциясына операциялық токты басқару шкафын орнату, арнайы техника сатып алу жұмыстарын жүргізіп, аталған серіктестік Тараз қаласы мен облыс аудандары бойынша әуе желілері -0,4 кВ электр беру желілерін қайта жаңартуды жалғастыруда. Мекеменің маңызды міндеттерінің бірі – халықты электр энергиясымен тұрақты қамтамасыз ету. Жыл басында -0,4 кВ әуе желілерінде жүргізілген талдау нәтижелері бойынша Тараз қаласы мен аудандарда ағаш тіректерді жаңа темір бетонға және жалаңаш сымдарды оқшауланған түріне ауыстыру қажеттігі анықталған. Өйткені, олар 1960-1970 жылдары салынған әрі тозығы жеткен. Бүгінде инвестициялық бағдарлама аясында аталған серіктестік мердігер ұйымды тарта отырып, Тараз қаласының және қала маңындағы учаскенің жалпы ұзындығы 10,29 километр болатын -0,4 кВ әуе желілерін ҚҚС-сыз жалпы сомасы 102 432,394 мың теңгеге қайта жаңартуды жүргізуде. Баспасөз турына қатысқан депутаттар электр желілерін таратушы мекеме қызметкерлеріне халыққа ұсынылатын бағаны төмендетудің жолын қарастыруды баса айтты. Қайткенде де, ел тұтынатын электр қуаты үшін төлейтін ақы қалтаға ауырлық салмағаны абзал.  

 Қамар ҚАРАСАЕВА.