Әлеумет

Өнер иесін жеңісімен құттықтады

Өнер иесін жеңісімен құттықтады

Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов Кенен Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының әншісі Айна Қалмағанбетованы қабылдады.

Өңір басшысы өнер иесін жуырда ғана Қырғыз Республикасының Чолпон- Ата қаласында өткен «Мейкин Азия» танымал музыка орындаушылардың ІІІ Халықаралық Ыстықкөл фестиваліндегі жарқын жеңісімен құттықтап, тек Жамбыл облысының ғана емес, еліміздің мәртебесін асқақтатқанын, оның бұл жетістігі аймақтың өнер саласындағы ерекше жағымды жаңалық болғанын айрықша атап өтті. Сондай-ақ, облыс әкімі әншінің жеке өнер кешін өткізу бойынша жауаптыларға ұсыныс беруді тапсырды. Өз кезегінде Айна Қалмағанбетова да облыс басшылығына қолдауы үшін ризашылығын білдірді. Айта кетейік, Қырғыз мемлекетінде үш күнге созылған музыкалық таланттар байқауында Қазақстан, Өзбекстан, Әзірбайжан, Венгрия, Түркия, Солтүстік Кипр секілді 13 елден 18 бен 35 жас аралығындағы 17 жас орындаушы бақ сынаған. Фестиваль барысында Айна Қалмағанбетова Төлеген Мұхамеджановтың «Құс жолы» әнін, екінші күні Эрик Карменнің «All By myself» әлемдік хит әнін жоғары деңгейде орындап, үлкен қошеметке ие болды. Байқау қорытындысында жерлесіміз Айна Қалмағанбетова бас жүлдені жеңіп алып, 5000 доллардың сертификатын иеленді. Айна Қалмағанбетова әнші, композитор ретінде бұған дейін де өнер жобалары мен халықаралық конкурстардың лауреаты атанған. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Президентінің «Құрмет» мемлекеттік наградасымен марапатталған.  

«Aq jol»-Aqparat.