Қосбастау разъезі
Қосбастау разъезі
Ертеректе Түктібай бабаға әкесі еншісін бөліп берерде ол: «Әке, еншімді әзір алмай қоя тұрайын. Бірінші өзіме лайықты жер іздейін», – деп үйінен шығып кетсе керек. Шаршап келе жатып сонадайдан көрінген қос бәйтеректі көреді. Тынығып алайын деп қасына келсе, көздің жасындай мөлдіреп, сылдырап қос бұлақ ағып жатыр екен. Түктібай баба бұлақтан дәм татады. Шөлі қанып, бұлақ суына тамсанып, торсығына су толтырып алып, кейін қайтады. Торсықтағы бұлақ суын қатын- баласына беріп, әкесіне келеді. Сөйтіп әкесінен Қосбастаудың айналасын сұрайды. Түктібай ұрпағын осында қоныстандырады. Олар 60 жылдарға дейін осы маңдағы сай-салада қонып, ел болып отырған. Қазір мұнда он бір үй бар. Табиғи газ тартылған. Түктібай өңірі суы мол, шұрайлы қоныс саналады. Көнекөз қариялардың сөзіне қарағанда, кезінде осы маңдағы сай-салалар мен жүлгелерде қырыққа жуық бұлақ бастау алған екен. Кешегі Кеңес дәуірінде шаруашылық дүрілдеп тұрғанда Қосбастаудың сырты бетон плитамен шегенделіп, суы құбыр арқылы мал фермасына жеткізілген. Ауыл мен ондағы мекемелер, бақшалықпен шаруашылықтар осы бастаудың суын пайдаланады.
Марат ҚҰЛИБАЕВ.