Экономика

Өз ісінің шебері

Өз ісінің шебері

Жеңілдетілген несие алып, кәсібін ашқан жастың бірі – Динара Бекбаева. Ол Сарыкемер ауылындағы өзі тұратын үйінен тігін цехын ашқан.

«Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» демекші, Динара тігіншілік өнерді анасы Сапаркүл Тұрғынбаевадан үйренген. Оның айтуынша, анасы көрпе қабып, киім-кешек көктегенде үнемі қасынан табылып, көмек беретін болған екен. Мектеп қабырғасында жүрген сәттен бастап өзіне қажетті заттарды өзі тігіп алатын. Мектептен соң жоғары оқу орнына түсіп, тігінші- технолог мамандығын алып шығады. Міне, содан бері өзі ұнатқан кәсіппен айналысып келе жатқанына жиырма жылдан асыпты. Бүгінде тапсырыспен қыз жасауын жасап, киім-кешек тігіп жүр. Динараның жақсы тігінші екенін байқаған аудандық іскер әйелдер кеңесі оны өз қатарларына тартқан. «Кеңес төрайымы Гүлнара Даулетбаева өз ақылын айтып, бірлесе жұмыс істеуге шақырды. Кеңеске мүше болып енгеннен соң көп мүмкіндіктерге жол ашылып, шеберлігім арта түсті» дейді ол. – Мен іс тігуді анамнан үйрендім. Кейіннен қалаған мамандығым бойынша оқу орнын бітіріп, шеберлігімді шыңдай түстім. Бұған дейін тапсырыс бойынша үйде жұмыс істедім. Ал, аудандық іскер әйелдер кеңесі құрамына тартылғалы бері көп нәрсені меңгердім. Осы жерде біздің ауданға «жетекші» болып облыстық іскер әйелдер кеңесінен бөлінген Гүлсім апайдың көмегі көп болды. Ол кісі менің көп жылғы тәжірибем әрі арнайы маман екенімді білген соң өзінің ақыл-кеңестерін айтты. Мемлекеттен қайтарымсыз грант ұтып алуға болатынын, ол үшін тиісті курста оқып, құжаттар дайындау керектігін ескертті. Алайда, ол көмекке қарап отырмай еңбек ету керектігін де жеткізді. Бұл ретте басқа да киім тігумен бірге қазақы салт-дәстүрімізге қатысты, кейінгі жылдары ұмыт бола бастаған апаларымыздың кимешегін киіп, тіпті соны тігу туралы кеңес берді. Мен көп ойландым. Оны сәнді етіп халықтың сұранысына сай тіге алам ба деген қауіптің де болғаны рас. Кимешек ұғымы тілімізге, ұлттық болмысымызға сіңген қастерлі сөз екенін түсіндім. Бұл сөзді айтқанда кімнің болмасын ең әуелі өзін аялаған ақ жаулықты анасы еске түсетіні аян. Демек, кимешек ұғымы біздің бойымызға ана сүтімен дарыған қасиетті ұғым деп есептеймін. Сондықтан да өзімнің тігіншілік кәсіптегі алғашқы ұстазым – Сапаркүл анаммен ақылдаса келе биыл кимешек тігуді қолға алдым, – дейді Динара Бекбаева. Міне, осынау аппақ қасиетті бас киімді тігуге жүрексінбей кіріскен Динараның еңбегі аз уақытта-ақ елене бастады. Күніне 3 кимешек дайындап, оны матасының сапасына қарай 7000- 13000 теңге аралығында өткеруде. Екі мәрте облыстық, республикалық көрмелерге қатысып, өнімі жоғары бағаланды. Арнайы диплом, сертификаттарға қол жеткізді. Бүгінде аудан көлемінде өнер көрсетіп жүрген «Ақ әже» ансамблінің мүшелері өзіне тапсырыс беріп, кимешек тіктіріпті. Сол ансамбль мүшелері қазір Динараның қолынан шыққан кимешектерді ел арасында насихаттап та жүр. – Біздің ұғымымызда кимешекті үлкен әжелеріміз ғана киетіндей көрінеді. Ол дұрыс емес. Жалпы, кимешектің үш түрі бар. Оның біріншісі – екі балалы жас келіншектерге, екіншісі – орта жастағы келіншектерге, ал үшіншісі үлкен апа, әжелерге арналған. Кимешектер аналарымыздың жастарына қарай тігіледі. Кимешекті басындағы күндікке байланысты ажыратуға болады. Күндігі үлкен кимешек апаның үлкендігін, бақуаттылығын білдіреді. Үлкен күндікке 4-12 метр аралығында мата жұмсалады. Кимешекті үлкен апалар көп алады. Сондай-ақ, аналардың мерейтойларына ұл-қыздары сыйлық ретінде алып жатады. Әсіресе, Наурыз мерекесі қарсаңында кимешек көп өтеді, – дейді Динара. Динара қазір өзінің 4 қызын да осы жолда тәрбиелеуде. Оның тігіншілік ісінде қыздары таптырмас көмекші болып отыр. Алдағы уақытта ол кәсібін кеңейтуді жоспарлап жүр. Сол үшін Сарыкемер ауылындағы «Талас» сауда орталығынан бір бөлмені жалға алып, жұмыс істеуді бастаған. Бөлме іші өзі тіккен әртүрлі киімдерге толы. Сөренің жоғарғы жағында ақ матадан әйелдердің жасына қарай сапалы тігілген кимешектер ретімен, сән- салтанатымен орналастырылған.  

Сүндетулла ӘБІЛОВ, журналист.

Байзақ ауданы.