Әлеумет

Қант зауытын сатудың қажеті қанша еді?

Қант зауытын сатудың қажеті қанша еді?

Жасыратыны жоқ, алдыңғы жылдардағы қант тапшылығы мәселесіне тұрғындар әлі күнге алаңдаулы. Халық биыл да қанттың қат дүниеге айналуынан қауіптенеді. Себебі, биыл ағын судың тапшылығынан тәтті түбірдің өнімі де көңіл көншітпей отыр. Жарты ғасырда болмаған қуаңшылықтан қант қызылшасы алқаптары айтарлықтай зардап шекті. Оған қоса, күні кеше Тараздың «маңдайына біткен» қант зауыты ресейлік компанияға сатылып кетті.

«Елімізде қант өндірісі қарқынды дамып келеді» деп ауыз толтырып айта алмаймыз. Отандық нарықты шекермен қамтамасыз ету жолында санаулы ғана өндіріс ошағы күні-түні тынымсыз жұмыс істеуде. Осыны ескере келе, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Бұған дейін іске қосылған жеті қант зауытынан бүгін төртеуі ғана жұмыс істеп тұр, олардың үштен бірі ғана жүктелген. Ауыл шаруашылығы министрлігі 2026 жылға қарай қант қызылшасының үлесін 7-ден 43 пайызға арттыруды жоспарлап отыр. Алайда соңғы төрт жылда қант қызылшасын егу үш есе қысқарған. Біз 90 пайыз импорттық қантқа тәуелдіміз. Бұл ретте ЕАЭО аясындағы шешімдерге сілтеуге болады, алайда қалай болғанда да, бұл – Үкіметтің қателігі. Демек, мемлекет мүддесін қорғай алмадық. Үкімет тез арада қант саласын дамыту бойынша жеке салалық жоба жасап шығаруы қажет. Мақсаты – импортқа тәуелділікті айтарлықтай азайтып, ақырындап өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейіне жету», – деп нақты тапсырма берген еді. Осылайша, импортқа тәуелділікті төмендетуді ойлап жүргенімізде, тараздық қант зауыты сыртқа сатылып кетті. Айта кетсек, бұл зауыт Қазақстанда жұмыс істеп тұрған төрт зауыттың бірі еді. Ал, аталған компания Ресейдегі ең ірі қант өндірушілердің бірі. Ол «Forbes» тізіміне енген кәсіпкер Павел Демидовке тиесілі. Кейінгі бір жылда оның байлығы 14 миллиард рубльге бағаланған. Еске салайық, Қазақстанда небәрі төрт қант зауыты бар. Өткен жылы қант тапшылығы мен өнімнің қымбаттауы кезінде бұл зауыттар ел қажеттілігінің жартысын ғана қамтамасыз етті. Бұл туралы еліміздің Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин: «Қазір біз субсидияларды 25 теңгеден 40 теңгеге дейін арттырдық. Бұл облыста жасаған жалғыз нәрсеміз. Қазақстандағы қант зауыттары жекеменшік. Біз оларға ерекше қолдау көрсетпейміз»,– деп пікір білдірді. Бұған дейін Жамбыл облысында су тапшылығы мен суару мәселесіне байланысты жергілікті шаруалар қант қызылшасының 10 мың гектар алқабын жоғалтқанын да атап өткен жөн. – Әрине, биылғы қуаңшылықтың зардабы әрбірімізді үлкен әбігерге салды. Он жыл бойы көтеріп келе жатқан ағын су мәселесі ақыры қаншама шаруаны тығырыққа тіреп, шығынға душар етіп отыр. Қаншама егіс алқаптарымыз күйіп кетті. Оның ішінде қант қызылшасы да бар. Тәтті түбірді жергілікті зауыттарға өткеру кезінде бұрындары да мәселе аз болған жоқ. Жылда қордаланған мәселенің бірі шешімін тапса, тағы бірі пайда болады. Биыл қант қызылшасының жағдайы өте қиын. Қайткен күнде де біз жақсылықтан күдер үзбейтін елміз ғой. Қант зауытының жаңа басшылығы біз секілді шаруалардың жайына қаншалықты алаңдайтынын болашақ көрсете жатар. Мүмкін біз ойлағандай емес, зауыттың жұмысы жанданатын шығар. Бірақ, дәл осындай қуаңшылық орын алған қиын тұста зауыттың сатылып жатқаны көңілге қаяу түсіреді екен. Шетелдік компания Тараздың зауытын қаншалықты, қалай дамыта алады? Өздеріне тиімді болмаса ешқандай сырттың компаниясы бізге келмес еді. Өз кезегінде одан шыққан өнім де шетелге кететіні сөзсіз,–дейді қордайлық «Самғау» шаруа қожалығының басшысы Евгений Трубников. Өңірде биыл Байзақ, Жамбыл, Меркі, Т.Рысқұлов, Шу аудандарындағы 72 шаруа қожалық қант қызылшасын отырғызған. Олардың қаншауы қаншалықты шығынға батқаны қуаңшылыққа байланысты төтенше жағдай жарияланғаннан кейін аңғарылатын болады. Әкімдік ағын судың азабынан ауаға кеткен есіл еңбектің өтелетінін айтуда. Дей тұрғанмен, тұрғындар тамшы суға тапшылық, айналып келгенде қантқа деген мұқтаждықты қайтадан арттыра ма деп алаңдаулы. – Биылғы құрғақшылықтан барлық көкөніс қымбаттауы мүмкін. Онсыз да көкөніс, жеміс-жидек бағасы арзан емес еді. Талай жылдан бері дүкенде жұмыс істеп келе жатқандықтан мұндай жағдайлардың бағаға әсер етпей қоймайтынына әбден көзім жетті. Ал, Тараздағы қант зауытының Ресей компаниясына сатылып кеткеніне түбегейлі қарсымын. Сол зауыттың жұмысын жолға қоятын азамат өзіміздің елден табылмады ма? Болмаса мемлекет тарапынан қолдау болып, зауыттың құрылғылары жаңартылса, жұмыс жанданар еді ғой. Зауытты сыртқа сатқаннан халыққа еш пайда жоқ, одан біз ұтылмасақ, ұтпаймыз. Қаншама шикізат енді тікелей сыртқа кетеді. Оған қой деп айта алмайсың, себебі зауыт соныкі, кімге, қайда, қаншадан сатса да өзі біледі. Біз өзіміз қанттың килосын 550 теңгеден сатып отырмыз. Зауыттардан 500 теңгеге аламыз. Біздің баға тікелей зауыттың құнына байланысты. Егер ертең ресейлік компания басшылары бағаны көтерсе, дүкендерде де баға шарықтайды. Елімізде қант өндіретін санаулы ғана зауыт бар. Соның екеуі бірден сыртқа сатылып кеткені және оның бірі өзіміздің Тараздың қант зауыты екені өкінішті. Санаулы өндірісті ұстап тұруға шамамыздың жетпегені ма сонда? Ресейліктер үшін бұл үлкен пайда әрі тиімді. Ал, біз енді сол компанияның қас-қабағына қарайтын боламыз, – дейді сатушы Үрзипа Назербекова. Ал, ҚР Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин елімізде қант бағасының өспейтінін айтуда. Өз сөзінде министр «Қант бағасы өспейді деп ойлаймын. Бірақ, бұл орын алса да, қазақ нарығымен байланысы болмайды. Бұл отандық зауыттарды қолдау мақсатында Үкімет болып қабылдайтын шешімге байланысты болмақ» деді. Яғни енді еліміздегі қант бағасының құбылуына ресейлік нарық та әсер ететін болады деген сөз. Тараздық қант зауытын сатып алған ресейлік холдингтің бас директоры Павел Демидов пен отбасы 2022 жылы дивидендтен түскен табыстар бойынша Forbes рейтингінде 21 орынға шыққан екен. Енді ол ескірсе де елінің әжетіне жарап келген зауыттың есіктегі басын төрге шығара ма, жоқ құрдымға құлата ма, ол да алдағы уақыттың еншісінде.  

Нұржан ҚАДІРӘЛІ.