Электр қуаты өндірісі артып келеді
Электр қуаты өндірісі артып келеді
Облыстық энергетика және тұрғын үй- коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Құдайберген Қорғанбаевтың айтуынша, қазіргі таңда аймақта жалпы қуаты 451,3 мегаватты құрайтын 21 нысан жұмыс істейді. Оның 24,4 мегаваты алты су электр, 175,65 мегаваты тоғыз жел электр, 251,25 мегаваты алты күн электр стансаларына тиесілі. Бұл ретте облысымыз жаңартылатын энергия көздерін пайдалану жағынан алдыңғы қатарда. – Өткен жылы облыста төрт жоба іске асырылды. Соның бірі – Жамбыл ауданындағы жалпы қуаты 50 мегаватты құрайтын «AEC ASA» күн электр стансасы. Оның құрылыс жұмысының жобалық құны 20,8 миллиард теңгені құрайды. Күніне 50 мегаватт электр қуаты өндіріліп, «КеGOC» акционерлік қоғамының біртұтас энергия жүйесіне берілуде. Келесі Талас ауданында әрқайсысы 4,5 мегаватты құрайтын 3 жел электр стансасы пайдалануға берілді. Бұл нысандардың құрылыс жұмыстарын «Шенгелді», «Шенгелді-2» және «Новатэкс» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері іске асырды, – дейді басқарма басшысы. Ал, Жамбыл ауданындағы «AEC ASA» күн электр стансасының құрылыс жұмысын украиналық «Родина» серіктестігі бір жылда аяқтап, пайдалануға берді. Жалпы аумағы 110 гектарды алып жатқан стансаға 100 мың күн панелі орналастырылған. Треккерлер жүйесі арқылы панелдер күн шығуына қарай қозғалып отырады. Бұл панельдердің бір артықшылығы, екі жағынан да жұмыс істейді. Мәселен, қыс ауасында жерге түскен қардың күнге шағылысқан сәулесі арқылы да панель энергия қабылдауға қауқарлы. Бұл панельдер Ресей мен Қытайда шығарылған. Станса басшысы Жандос Райбекұлының айтуынша, 50 мегаватты құрайтын күн электр стансасын салуға аудан аумағынан жалпы 300 гектар алқап берілген. Бүгінде оның 110 гектарына күн панельдері орнатылған. Онда 15 адам еңбек етуде. – Бұл күн электр стансасының өзге ст анс а лардан артықшылығы – қозғалмалығында. Ондағы панельдер күн сәулесінен көп энергия жинап қана қоймай, күн көзінің бағытына қарай қозғалып, сәулені көбірек тартуға тырысады. Сонымен бірге, қатты желге де төтеп бере алады. Өткен қыс айларында облысымызда орын алған қатты дауылдардың кезінде бұл панельдер өзінің төзімділігі мен ыңғайлылығын дәлелдеді. Секундына 40-50 м/с жылдамдықпен соғатын дауылға төтеп беретіндей етіп есептелген. Қатты желде панельдер нөлдік деңгейге автоматты түрде қо сылып, зақымданудан сақталады. Сол үшін оны үнемі бақылап отырамыз. Осылайша уақыт талабына сай автоматтандырылған жаңа күн электр стансасы қарапайымдылығымен де ерекшеленеді, – дейді ол. Талас ауданындағы жел электр стансаларының да бүгінгі жұмысы қалыпты екен. Аудандағы аталған үш жоба да Қызыләуіт ауылдық округінде бұдан бұрын салынған екі жел стансасы қасынан бой көтерген. Тарқатып айтсақ, «Шенгелді» серіктестігі жалпы қуаты 4,5 мегаватты құрайтын үшінші жел электр стансасының құрылысын 2020 жылы бастап, өткен жылы тапсырды. Оның жобалық құны 1 миллиард 829,1 миллион теңгені құрайды. Келесі жобаны «Новатэкс» серіктестігі жүзеге асырса, үшінші стансаның құрылыс жұмысын «Шенгелді-2» серікте стігі мойнына алып, аяқтаған. Бұл жобалардың құрылтайшы директоры Жолдыбек Тұралиев. Оның айтуынша, стансадағы құрал-жабдықтар Дания мемлекетінен жеткізіліпті. – Жел электр стансаларының құрылысын жүргізген мердігерлер қазан айында өз қондырғыларын іске қосып, сынақтан өткізіп барып, тапсырды. Қазіргі таңда үш станса да бізге қарайды. Үш стансадан 13,5 мегаватт электр энергиясы өндірілуде. Алдағы уақытта қондырғылар санын арттырып, оны 30 мегаватқа дейін жеткізуді көздеп отырмыз, – дейді жоба құрылтайшысы. Бұл жобалар ауданның экономикалық және әлеуметтік ахуалын арттырады дейді аудан әкімдігі кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Ауданбек Тауасаров. – Ауданда соңғы жылдары салынған жел электр стансаларының қуаты артып келеді. Алдыңғы жылы 9 мегаватты құрайтын екі жел стансасы пайдалануға берілсе, өткен жылы 13,5 мегаватты құрайтын үш станса жұмысын бастады. Сөйтіп, жел электр стансаларының қуаттылығы бүгінгі таңда 22,5 мегаватқа жетіп отыр. Оның әрбірінен бір жылда 15569 мың киловатт электр қуаты өндірілетін болса, ол бес есеге артып, ауданның экономикасына тың серпін қосқалы тұр, – дейді А.Тауасаров. Жалпы, облыста электр энергиясын өндіру бұдан әрі де арттырылмақ. Облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Құдайберген Қорғанбаев бұл бағытта ауқымды жоспардың барын айтты. Яғни, алдағы уақытта жел электр стансаларына облыс ауа райының қолайлылығы ескеріліп, келешекте 4 ірі жобаны іске асыру көзделуде екен. Басқарма басшысының айтуынша, бұл жобалар алда Мойынқұм, Жуалы, Т.Рысқұлов пен Талас аудандарында іске асырылмақ. Атап айтсақ, Мойынқұм ауданында қытайлық «Total Eren» серіктестігі жалпы қуаты 1 гигаватты құрайтын жел электр стансасын салмақшы. Ал, Жуалы ауданында Біріккен Араб Әмірлігі мемлекетінің «Masdar» компаниясы тарапынан қуаты 1 гигаватты жел электр стансасы тұрғызылады. Қытайлық «China Power International Holding Limited» компаниясы 1 гигаватты жел электр стансаларынан бөлек, Т.Рысқұлов пен Талас ауданында жалпы қуаты 400 мегаваттық күн электр стансаларының жобаларын іске асыруды жоспарлап отыр. Сонымен қатар, өңірде күн, жел және су электр стансаларын орналастыру әлеуетін ескере отырып, 2030 жылға дейін жаңартылатын энергия көздерін дамытудың болжамды картасы әзірленіп, 2030 жылға қарай жаңартылатын энергия көздерінің саны 3,2 гигаватт қуатымен 32 нысанға дейін жеткізілмек.
Марат ҚҰЛИБАЕВ.