Экономика

Сан қырлы Сәрсебай

Сан қырлы Сәрсебай

«Ауыл аманаты» жобасымен Ақермен ауылдық округінің де ажары артып келеді. Кепілдікке қойған баспаналарының құнына байланысты әркімнің алған несиесі әртүрлі. Үйің қымбатқа бағаланса, несиеңнің көлемі де жоғары. Мәселен, ақермендік Сәрсебай Салпиев 7 миллион 200 мың теңге несиеге қол жеткізген.

Сәрсебай Жұмабекұлы жұбайы Алма Тоқжұманова екеуі аталған қаражатты мақсатты пайдаланып, ісін ілгерілетуге кірісіп кеткен. Несиеге 120 саулық қой сатып алыпты. Асыл тұқымды мал басын көбейтуге де ден қоя бастағаны байқалады. Біз қорасынан көзімізбен көрген асыл тұқымды тоқты қошқарды 400 мың теңгеге сатып әкеліпті. Алдағы уақытта қойларын асылдандырса, бұл саладан көл-көсір пайда табатыны анық. Бұйырса Сәрсебайдың асыл тұқымды саулықтарының әр басы 150-200 мың теңгеден кем болмайын деп тұр. Одан бөлек, ауласынан жүзге жуық үйректің балапанын көрдік. «Балапанды күзде сана» демекші, сары күзде оның да бағасы көтеріңкі болатыны рас. Сәрсебайдың есік алдындағы 50 сотық жерінде жеміс-жидек, көкөністің алуан түрі бар. Қызанақ, қияр, қауын, қарбыз, күнбағыс, асқабақ бәрі-бәрі гүлдеп, әне-міне түйін салғалы тұр. Жоңышқасы да жайқала түскен. Осының бәрін қалай суарады деңіз. Отағасы оның да төте жолын тапқан. Ауласына бассейн орнатыпты. Мотор арқылы бау-бақшасы да су ішіп жатады. Бұл отбасы биогумус (тыңайтқыш) өндірумен де айналысады. Кәсіпкердің жұбайы Алма Тоқжұманова да – істің адамы. Жолдасының жанында жүріп, ауладағы тіршіліктің тілін бір кісідей біледі. Айтпақшы, Салпиевтер отбасы араның балын жинаумен де шұғылданады. Бал арасын арнайы жәшікте сақтауда. Ара өсіру аумағы бірнеше бөлікке бөлінген. Әр бөліктен 30 литр бал өндіруге болады. Балдың литрі 1 мың теңгеден десек, әр бөліктен 30 мың теңге табыс табуға болады. Бізге Сәрсебайдың заман талабына сай бейімделген жан-жақты тірлігі ұнады. Қой өсіріп жатқаны тағы бар. Егістіктің тілін табуы, тыңайтқыш дайындауы, ара өсіруі де – көл-көсір табысқа деген талпыныс. Бұл жұмыстарының бәрі алға басса, кемінде 7-8 адамды жұмыспен қамтитыны анық. Шіркін- ай, барлық шаруа қожалық жетекшілері мен жеке кәсіпкерлердің бәрі осылай ойласа ғой. Аталған округтің әкімі Ғани Байдәулетов ауылдағы қоғамдық жұмыстарға Салпиевтар белсенділік танытып, талай іске демеуші болып жүргенін айтады. – Келешекте аула ішіне киіз үй тігіп, экотуризмді дамытуды ойлап отырмыз. Қымыз, құрт-май өндіруге, бассейнді үлкейтуге, туристерге жақсы демалыс ұйымдастыруға болады. Оған Ақерменнің тамаша табиғаты да үйлесіп тұр, – дейді жеке кәсіпкер Сәрсебай Жұмабекұлы.  

Есет ДОСАЛЫ.

Меркі ауданы.