Бір килограмм кәмпит
Бір килограмм кәмпит
Сосын ауылды сағынғанын, келіні мен баласының жақсы қызметке орналасқанын, бірақ үйде іші пысатынын айтып, қасына отыруымды өтінді. Ұлы Отан соғысы жылдары енді ғана жетіліп келе жатқан балғын қыз еңбекке ерте араласқанын, көрген қиындықтары мен қызықтарын да бөлісті. Бірнеше медалі бар, көпбалалы ана екенін мақтана айтты. Кетерімде «Үйге келші, ішім пысады» деп қиылды. Мамыр айы болатын. Тыл ардагері ретінде әжеймен газетке аз- кем сұхбат жасауға келістік. Келіскен уақытта үйіне бардым. «Бұл кім?» деген әйел адамның даусына әжеге келгенімді, газет қызметкері екенімді айттым. Есік ашылды. Әжей қуанып, құшақтай алды. Алайда, жасы отызға жетпеген келіннің жетпістің жетегіндегі әжейге «Ішің пысып қалыпты ғой, істейтін түк жоқ басқа» дегені анық естілді. Төрде отырған ұлы да көзінің астымен алара қарап: «Қарап жүрмей, журналист шақыруын» деп күңкілдеді. Кетіп қалуға оқталғаныммен, құрақ ұшқан әжейдің көңілін қимай тұрып қалдым. Төрдегі екеу дастарқан басында жарқылдап күліп, шай ішіп отыр. Әже екеуміз есіктің аузында состиып тұрып қалдық. Ыңғайсыздықты жуып- шайып, жағдайын сұрап, жарқылдап күлген болам. – Апа, сен шайыңды ішіп болшы тез, – деді ұлы бірден. – Нан ауыз ти, – дейді қарт ана маған бұрылып. – Қайдағы «нан ауыз ти»?! Асығып тұр ол!», – деді ұлы айғайлап. Әже таяғына сүйенген күйі шайын үш ұрттап, есік аузында состиып тұрған маған қайта келді. Шай үстіндегі екеу әжейдің жағымсыз қылықтарын жіпке тізумен болды. Сол күңкіл ғұмырымдағы ең жылдам әрі ыңғайсыз сұхбатты алып біткенше, тыйылмады... Ертесі жұмыстан қайтар жолымдағы орындықта отырған әжейді көзім шалды. Жанына келген мені қапсыра құшақтады. «Мен саған тәтті алып келдім. Кеше нан да ауыз тигізе алмадым-ау», – дейді жанары жасқа толып. Бір килограмм кәмпитті кеудеме басып тұрып, бүкіл аналарды құшақтағандай болдым. Кәмпит таусылды. Ғұмыр да бітер. Бірақ, әлгі күңкіл құлағымда мәңгілік қалып қойды...
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ.