Экономика

Техникалар 15 пайызға жаңарды

Техникалар 15 пайызға жаңарды

Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында «Ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту» тақырыбында баспасөз мәслихаты өтті. Оған облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрби Жігітеков пен «ҚазАгроҚаржы» АҚ облыстық филиалының директоры Жанар Исмаилова-Есжанова қатысты.

Ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту жоғары өнім алуға мүмкіндік береді. Сондықтан, биыл облыс бойынша 1 885 ауыл шаруашылығы техникасын алып, жаңару көрсеткішін 15 пайызға жеткізу жоспарланған. Бүгінде барлығы 907 ауыл шаруашылығы техникасы алынған. Атап айтқанда, 7 комбайн, 240 трактор және 660 басқа да техникалар. – Жалпы, ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту үшін мемлекет тарапынан қолдау көрсетіледі. Яғни, ауыл шаруашылығы техникасын сатып алған шаруалардың шығындары субсидияланады. Өтеу пайызы 25 пайызды құрайды. Ал, еліміздің аумағында өндірілетін отандық техника 5 пайызға артық субсидияланады, ол 30 пайызды құрайды. Осының аясында қазіргі уақытта техника алған агроқұрылымдар тарапынан түскен 222 өтінім бойынша 592,9 миллион теңге субсидия төленді, – деді Нұрби Рахметханұлы. Фермерлерге ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға көмектесетін «ҚазАгроҚаржы» АҚ есебінше, биыл 7 айда 189 бірлік техникаға келісімшарттар жасалған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,7 есеге артық. Жалпы, облыс бойынша игеру сомасы осы жылдың қаңтар-шілдесінде 3 миллиард теңгеге жетсе, өсім өткен жылмен салыстырғанда 1,8 миллиард теңгеге өскен. – Бүгінде қаржыландыру көлемі бойынша үздік 5 көшбасшылар қатарына Т.Рысқұлов ауданы – 36, Меркі ауданы – 18, Жуалы және Қордай ауданы – 10 және Шу ауданы 9 пайыз кіреді. Басқа аудандар бойынша қаржыландыру үлесі аз. Бірақ Жамбыл және Байзақ аудандары техника саны бойынша жақсы көрсеткіштерді көрсетіп отыр. Мәселен, Жамбыл ауданына өткен жылмен салыстырғанда 10 есе көп техника берілді. Сарысу ауданының да осы жылы саны жағынан да, сомасы жағынан да алға ілгерілегенін атап өткіміз келеді. Талас ауданының екінші жартыжылдыққа әлеуеті зор, өйткені 152 миллион теңгеге 25 бірлік субсидия күтетін көптеген өтінімдер мақұлданды, – деді Жанар Шаймерденқызы. Айта кетерлігі, «ҚазАгроҚаржы» АҚ-ның шаруаларға арналған көптеген бағдарламалары бар. Мысалы, «Экспресс-лизинг» бағдарламасы ең аз құжаттармен 5 жұмыс күні ішінде өтінімдерді қарауға, «Мастер лизинг» – құжаттар пакетін қайта ұсынбай, берілген өтінім негізінде бір жыл ішінде техниканы лизингке алуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, сенімді қарыз алушылар үшін «Сенімді фермер» адалдық бағдарламасы қарастырылған. Мал шаруашылығындағы жем-шөп базасының қажеттілігін қамтамасыз етуге, ауыл шаруашылығы жануарларының өнімділігі мен мал шаруашылығы өнімдерінің көлемін арттыруға бағытталған «Өз жем-шөбіміз» бағдарламасы да шаруалар үшін өте өзекті. Ал, «Жасыл өнім» бағдарламасы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін яғни, көкөністер, жеміс-жидектер мен қант қызылшасын өндірушілерді жеңілдетілген пайызбен қаржыландыруға бағытталған.  

Назерке ЕРҒАЛИҚЫЗЫ.