Еңбек адамдарының ерекше дағдысы
Еңбек адамдарының ерекше дағдысы
Осы кәсіпті он жылдан бері жанына серік еткен жанның бірі – Түктібай ауылының тұрғыны Ербол Үсіпбекұлы. Ол бүгінгі таңда «Злиха» шаруа қожалығында еңбек етіп, картоп алқабын суаруда. – Жас кезде оқымаппыз. Оқымасақ та, екі кәсіп түрін қатар алып жүрмін. Негізгі жұмысым дәнекерлеуші. Мынау маусымдық жұмысым. Бүгінде өзім оқи алмасам да балаларым оқысын деп, еңбектенудемін. Жаз бойы күн-түн демей алқап суарамыз. Алқаптан жақсы өнім алу үшін дақылдың суды қанып ішкені маңызды. Аптап ыстықта түнде тұрып суарамыз. Өйтпесек, шілденің ыстығына шыдамаған дақыл сабақтары қурап кетуі мүмкін. Су бар жерде тіршілік бар. Қазір 16 гектар алқапты ылғалдандырудамыз, – дейді Ербол Үсіпбекұлы. Ербол бұл маусымнан басқа уақытта темір есік, ошақ пен жылу жүйесін жүргізеді. Тапсырыспен темір арба, қоршау мен басқа да заттар жасайды. Ал, жаздың күні қосымша суға шығып, картоп алқабын суарып жүр екен. Мұнда картоптың «Жуваль», «Латонна» мен «Аметис» сұрыптары бапталуда. Оған әкесі екеуі қарап жүр. Бұған дейін әкесі Үсіпбек Бегалиевке көмекші болып келген ол, енді оның жауапкершілігін өз мойнына алған. – 16 гектар алқапты бір адамның игеруі қиын. Біздің баптап отырғанымыз жоғары репродукциялы тұқым. Голландиядан былтыр 20 тонна тұқым әкелініп, 6 гектарға отырғызылған болатын. Одан жақсы өнім алынды. Биыл Голландиядан 30 тонна жеткізіліп, ол 7 гектар алқапқа отырғызылды. Сонымен, біз барлығы 16 гектар орналастырылған жаңа тұқымды баптау үстіндеміз. Табысы да жаман емес. Жұмысы ауыр демесең, сушы да бұрынғысынша табысты мамандық. Қазір осы алқаптарды әкемнің көмегімен игерудемін. Зейнетке шықса да бір мезгіл менімен алқап басына келіп, ақылын айтып, маған жәрдемін тигізуде, – дейді Ербол Үсіпбекұлы. Үсіпбек Бегалиев бұл салада қырық жылдан аса еңбек етіп, былтыр зейнетке шығыпты. Қазір ұлына көмекші болып жүр. «Еңбек өтілімнің 20 жылында кеңшарда сушы болсам, кейінгі жиырма жылдан аса уақытта бауырларым құрған «Злиха» шаруа қожалығында еңбек етіп, сушылар звеносын басқардым. Осы кәсіпке ұлымды баулысам, мені бұл кәсіпке Социалистік Еңбек Ері Мүсірепбек Бектаев пен Әділбек Татеков баулыды. Еңбектің арқасында жаман болғаным жоқ. Ұлдарымды ұяға, қыздарымды қияға қондырдым», – дейді ол.
Марат ҚҰЛИБАЕВ.
Жуалы ауданы.