Ер қаруы – бес қару
Ер қаруы – бес қару
Көшпелі халықтарда ер қаруы қашанда киелі саналған. Тіпті батырлар өздерінің қаруларына жеке ат та берген. Абылай ханның мылтығының аты «Күлдір-Мамай» болған. Қырғыздың эпикалық батыры Манастың мылтығы «Ақкелте» деп аталған. Хәзірет Әлидің қылышының аты «Зұлпықар» болыпты. Бұл сөзімізге «Қабанбай» жырындағы: «Сол кезде бір жүйрік мылтық, Бар екен Абылайда Күлдір-Мамай» немесе «Манас» жырындағы: «Қараоолу дажал, огу ажал, Асынып жүрсе Ақкелте» деген жыр жолдары дәлел. «Көрұғлы» қиссасында: Мынау садақ қалыпты, Рүстем мен Дастаннан. Ибрахим – Халелден, Қалған мына найзасы... Бабаң өткен ер Дәуіт, Саған кеткен қалдырып, Сауыт пенен қылышты, – деп келетін шумақтардан да бес қарудың қадір-қасиетін тани беруге болатын секілді. Ауыз әдебиетінде қылыштың: «Кесер», «Қырқар», «Қызыл алмас», «Алтын балдақ», «Ақ берен» атаулары кездеседі. Қазақ халқының «Жауға барсаң кесерді ал, Дауға барсаң шешенді ал», деген ұлағатты сөзі бекер айтылмаса керек. Ақтамберді жыраудың: «Қызыл алмас жан қияр, Қызыл талға қынаса» немесе «Сырым батыр» дастанындағы: «Мен оқтаулы ақ берен, Серіппеме тидің от алдым» деген жолдардан да көп қажеттіліктерді байқауға болады. Әр қарудың жасалуына, материалдың сапасына, көлемі мен салмағына, қолға ұстайтын саптарының ұзындығына, әшекейленуіне байланысты көптеген үлгілері мен нұсқалары болған. Ауыз әдебиетінде соған байланысты «Сарыжа», «Бұхаржа», «Сайгез оқ», «Сырлы жебе», «Қызыл жебе», «Асфахан қылыш», «Алтын қылыш», «Алмас семсер», «Болат найза», «Сала құлаш найза», «Төрт қырлы сүңгі», «Берен мылтық», «Үрім мылтық», «Ала балта», «Тас шоқпар», «Бес батпан күрзі» атаулары кездеседі. Мұндағы кейбір атаулар қазіргі таңда мүлдем аталмайды. Сондықтан да жас ұрпаққа бабаларымыз ардақтаған қару түрлерін қолданбаса да, атауларын біліп жүру парыз.
«Қазақтың этнографиялық категориялар ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі энциклопедиясы» бойынша әзірлеген Есет ДОСАЛЫ.