Шуда да шешімін күткен мәселе бар
Шуда да шешімін күткен мәселе бар
Сарысу және Талас аудандары сияқты Шудың да ауа рай құбылмалы, қыста ақ түтек боран жиі соғады. Аудандар арасында халық саны жағынан екінші орын иеленетін тоғыз жолдың торабындағы ауданның қысқа дайындығы қалай? Мемлекет басшысы тапсырмасы қалай орындалуда? Бүгінгі мақаламызда осы аудандағы қысқы жылыту маусымының жай-күйі сөз болмақ. – «Шу-Жылу» орталық қазандығы арқылы жылыту маусымында 57 көпқабатты тұрғын үйге, 226 жеке үйге, 14 білім, бір емхана мен спорт нысанына, 4 мемлекеттік мекемеге, 55 басқа да нысандарға жылу беріледі. Қазандыққа қарасты жылумен жабдықтау желілерінің ұзындығы 16,7 километрді құраса, оның 5,8 километрі магистралды жылу жүйелері, 10,9 километрі ішкі жылу жүйесі. Бүгінге дейін кәсіпорынның өз қаражатынан 17,2 миллион теңгеге 1,7 километрдің 1,5 киломтер жылу құбыры ауыстырылды. 1 қыркүйекке дейін жұмыс 100 пайыз орындалады. Биылғы сәуір айында 11,6-5,8 километр жылу жүйесіне «АлемПроектГруп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі техникалық қорытынды жасады. Жылу жүйелерінің мемлекеттік сатып алу порталында техникалық қорытындыға сәйкес, 4 учаскеге бөлініп, анықталған кемшіліктерге жобалық-сметалық құжат әзірлеу үшін аудандық бюджеттен 5 миллион теңге қарастырылды, – деді аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков. Аудан бойынша орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған 57 көпқабатты тұрғын үйдің дайындығын тексеру мақсатында аудан әкімдігі тарапынан жұмысшы топ құрылып, зерделеу жұмыстары жүргізілген. Зерделеу барысында 9 үйде мәселе бар екені анықталған. Аудан әкімінің айтуынша, бір көпқабатты үй тұрғындарының келісімімен «Шу-Жылу» кәсіпорнымен жылу жүйелерін ретке келтіру жұмыстары 25 тамызда басталатын болыпты. Қалған үйлердің тұрғындарымен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатса керек. Тұрғын үйлерге қадағалаушы, басқарушы органдарының болмауынан жертөледегі инженерлік желілер мен жабдықтардың тозуынан үй астын су басқан. Тағы бір өзекті мәселе – көпқабатты үйлердің қасбеті мен шатырлары тозған. Сәуір айында облыстық бюжетті нақтылау барысында 167 миллион теңге бөлініп, жөндеу жұмыстарын қажет ететін тағы да 9 көпқабатты тұрғын үйге жөндеу жұмыстары жүргізілетін болыпты. Келер жылы 20 үйге, сондай-ақ, қайтарымды қаражат есебінен 12 үйге жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Мемлекет басшысының VIII cайланған Парламенттің бірінші сессиясында сөйлеген сөзінде де әбден тозған энергетика инфрақұрылымының әрең жұмыс істеп тұрғанын сын тезіне алғаны кім-кімнің де есінде болар. Президент сынынан қорытынды шығарып, көпқабатты тұрғын үйлердің инфрақұрылымын ауыстырып, жөндеуге жергілікті қазынадан қаражат қарастырып, қолға алып жатқан аудандық әкімдіктің жұмысы жөн-ақ. Алайда, пәтер біткеннің бәрі жекешеде екенін ескерсек, тұтастай үйді қалыпты жағдайда ұстау бірінші тұрғындардың өздеріне байланысты екені естерінен шықпаса дейміз. Әр үй болып немесе тұтастай аулаға бірігіп пе, жекеменшік тұрғын үй кооперативін құрып, оның төрағасын өздері сайлап алулары қажет- ау. Міне, басқару органдары деген осы емес пе? «Қыс – қатал сыншы» екені әрбір тұрғынның есінен шықпаса дейміз. Аудан бойынша 831,5 миллион теңгеге 12 білім нысанын, 75 пәтерлі бір тұрғын үйді және кәсіптік-техникалық училище жатақханасын газға қосу жоспарланып, мемлекеттік сатып алу порталына берілген. Бүгінде мердігер анықталып, келісімшарт жасалған. Көктөбе ауылындағы Жамбыл орта мектебіне облыстық бюджеттен бөлінген 69960, 0 мың теңгеге блокты-модульдік қазандық орнатылыпты. Білім ошақтары оқушыларға есігін айқара ашатын күн де жақын қалды. Мектептегі жылу және су жүретін құбырларды ауыстырып немесе жамап-жасқап, дәнекерлеп жатқан аппарат шуы білім ұясын сағынып келген балғындардың шаттығын су сепкендей баспасын десек, жаңа оқу жылы басталғанша білім мекемелері қысқа сақадай-сай дайын болуы тиіс. Аудандағы денсаулық сақтау саласына қатысты 32 нысанның үшеуі газбен, екеуі автономды қазандықпен, біреуі орталық қазандықтан жылытылса, 28-і жай пешпен жылытылады. Былтыр Жаңажол, Алға және Еңбекші аудандарындағы медициналық пункт ғимараттарының пештері газға ауыстырылған. Биыл Бірлік, Көктөбе, Белбасар ауылдарындағы медициналық мекемелердің пештерін табиғи газға ауыстыру бойынша жобалық-сметалық құжаттары және сараптама қорытындысын дайындап, облыстық денсаулық с а қ т а у басқармасына сұраныс беріліпті. Қандай жұмыс болмасын, қаржыға келіп тірелетіні түсінікті. Сонда да ең алдымен денсаулық сақтау мекемелеріндегі жай пештерді газға шұғыл ауыстырудың жолдарын қарастыру қажет. Оған аудандық бюджеттің шамасы келмесе, облыстық бюджеттен қаржы бөлдіруге ауданнан сайланған облыстық мәслихаттың депутаттары белсенділік танытса дейміз. Қалай болғанда да, Шу сияқты іргелі ауданның денсаулық сақтау мекемелерін пешпен жылытып отыруы ақылға сыймайды.
Амангелді ӘБІЛ.
Шу ауданы.