Аймақ

Рақмет, айналайындар!

Рақмет, айналайындар!

Байзақ ауданы, Дихан ауылындағы мамандандырылған облыстық оңалту орталығы тың жерден салынған үш қабатты ғимарат екен. Тіркеуден өткен соң мені арбаға отырғызып, екінші қабаттағы 6-шы палатаға алып келді. Бұл жататын орын. Көрпе-төсек түгел жаңа. Мен сияқты отырып- тұруға қиындарға ыңғайлы, душ және ыстық-суық су крандары қолжетімді. Өзіңіздің кереуетіңізге жатып- ақ теледидар мен кондиционерді пульт арқылы қосып-өшіре аласыз. Жүріп-тұруы қиындарға тамақты әкеліп береді. Ем-домын жатқан орныңызға келіп жасайды. Менің айрықша риза болғаным – қызметкерлердің ашық-жарқын, кішіпейілділігі. 

Үш қабаттың бойында әртүрлі ем жасау орындары бар. Адамдар жоғары-төмен сабылып жүрген жоқ. Әркім өзіне керекті кабинеттің алдындағы орындықта кезегін күтіп отырады. Өзім жалпы ем-домның оншақты түрін пайдаландым. Солардың бес-алтысы жаныма жайлы болды. Мысалы, ине терапиясы, парафин, жалпы масаж. Абылай Таутаев, Әлішер Әлікен, Тілеуберді Нұрдәулеттің көрсеткен қызметтеріне де риза болдым. Келесі аптаның екінші күндері еді. Абылай балам мені айрықша қолға алды. Жауырын, қол-аяқты түгел уқалаудан өткізіп болып: «Ата, бүгін жүреміз», деп дәліздің бір басынан екінші жағына қарай жүргізіп, құрақ ұшты. Мұндағы қызметкерлердің аузынан шыққан әрбір сөзі маңызды, орындалуға тиіс. Сондықтан, әрбір кеңесін мұқият тыңдап, орындадық. Алғаш келгенде Фарида Сайлаубекқызы екі аяғымның ісіп тұрғанын көріп, «Сізге көріну керек» деп, келесі күні бас дәрігерді ертіп келді. Бахтияр Қожақов аяғымды ары-бері көрді де, «жатарда аяқты биіктетіп жатыңыз» деді. Фарида әкеліп берген жастықты екі күн пайдаланғанда аяқтың ісігі қайтты. Сол әдісті ауылға келген соң да жатарда пайдаланып жүрмін. Қазір жанымды жегідей жеген науқасымнан айықтым. Өркендерің өссін, рақмет, айналайындар! Мұны 88 жастағы аталарыңның ақ батасы деп қабылдаңдар!  

Ордабек ҚОҢЫРБЕКОВ, еңбек және тыл ардагері.

Сарысу ауданы.