Білім

Білім биікке жетелейді

Білім биікке жетелейді

2019 жылдан бастап жергілікті бюджет есебінен білім беру гранты ұсынылып келеді. Білім беру грантының берілудегі басты мақсаты – өңірдегі мамандар тапшылығын шешу. Арнайы құрылған конкурстық комиссияның шешімімен 2023-2024 оқу жылдарына 55 грант бөлінді. Атап айтсақ, физика мұғалімдерін даярлау бойынша – 10, су ресурстары және суды пайдалану – 15, хореография – 5. Сонымен қатар, қос дипломдық білім беру бағдарламасы бойынша химиялық инженерия және процестер мамандығына 25 орын бөлініп отыр. Аталған гранттарды беру бойынша құжаттар 5-10 тамыз аралығында М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің қабылдау комиссиясында қабылданады.

Сондай-ақ, биыл Сарысу ауданы Ақтоғай ауылының түлектері үшін де қуанышты жағдай орын алды. «Ақтоғай» орта мектебінің түлектері 100 пайыз грант иеленген. Бұл мектепте бір сыныпта оқыған 8 оқушы грант алса, оның ішінде 3 түлек «Алтын белгіге» ие болған. – Біздің мектепте 32 ұстаз қызмет етеді. Мұғалімдердің потенциалы өте жоғары. Білім ошағында 2 шебер мұғалім, 14 зерттеуші, 6 сарапшы, 3 модератор бар. Ұлттық бірыңғай тестілеудің нәтижесінен мектептің білім сапасы көрінді деп ойлаймын. Ауыл мектебі болса да, балаларды заманауи оқу үлгісінен кенжелетпей, дамуына зор ықпал етуге атсалысамыз. Бір сыныптың оқушылары түгел грант ұтып алуы осының нәтижесі деп ойлаймын. Грант иеленген сыныптас-түлектерге білім көкжиегінде ақ жол тілегім келеді, – деді Ақтоғай ауылындағы мектеп директоры Амина Шегірова. Бұл білім ошағының мектеп бітірушілері жыл сайын 100 пайыз Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысады. Биыл да солай болған еді. 11-сынып оқушылары ұстаздары мен ата- анасының үмітін ақтау мақсатында грант ұтып алу үшін жұмыла жүріп еңбектенгендерін еске алды. – Биыл біз 8 оқушы бір сыныпта мектепті аяқтадық. Мұғалімдеріміз бен ата-аналарымыздың үміті ақталып, өзіміз қалаған оқу орнына грантқа түстік. Біздің ҰБТ-ға дайындалуымызға себеп болып, күн сайын үлкен мотивация берген Аманжол ағай мен Әмина апайға және ата-аналарымызға көп алғыс айтамыз. Сыныптастармен бірге тапсырма орындап, біріміздің білмейтінімізді біріміз толықтыратынбыз. Сыныпта үйі жақын орналасқандар кешке күнде бірге дайындалатын. Ал, мектепте әркім әртүрлі жаңа ақпаратымен бөліседі. Бәрімізде бір мақсат, бір арман болды. Ата-анамыздың үмітін ақтап, грантқа түсуді міндетіміз деп есептедік. Осылайша мектебіміздің атағын шығарсақ деп ойлайтынбыз. Бізге білім берген ұстаздарымызға алғыс айтамын және достарымды құттықтаймын! – деді аталған мектептің грант иеленуші түлегі Нұрдәулет Жаңабек.  

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ.