Дарынды жастардың даңғыл жолы
Дарынды жастардың даңғыл жолы
Мемлекеттің ертеңі, өркениеті мен мәдениетінің дамып, әлеуетінің артуына дарынды балалардың ықпалы орасан. Ерекше дарын иесі атанып, ілім-білімімен дараланған жастардың жетістігі өңірлік білім саласының жемісі. 2022-2023 оқу жылында республикалық ғылыми жобалар байқауына облысымыздың 59 оқушысы қатысып, оның ішінде 35 жас ғалым 3 алтын, 15 күміс, 17 қола медаль жеңіп алған болатын. Ал, 23 оқушы жоғары оқу орындарының білім гранттарын иеленген. Сондай-ақ, 2-7-сынып оқушыларына арналған XVIIІ республикалық «Зерде» конкурсынан жас зерттеушілер 20 медаль жеңіп алса, Өмірбек Жолдасбеков атындағы ХІІІ математика және механика бойынша халықаралық зерттеу жобалар конкурсына 11 оқушы қатысып, 9 оқушы жеңімпаз атанған. Республикалық «ProEco» экологиялық жобалар конкурсында 4 оқушы 3 алтын және 1 күміс медальға қол жеткізсе, жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндер бойынша 9-11-сынып оқушылары арасындағы республикалық пән олимпиадасына 39 оқушы қатысып, 17 оқушы жеңімпаз атанды. Негізі адам баласы өзгелерден ақыл ой, өнер білімімен озады. Тараздың дарынды жеткіншектері де өз қарым- қабілетін дамытып, оқ бойы озық екенін дәлелдеп келеді. Мәселен, Білім-Инновация лицей-интернатының 9-сынып оқушысы Шарел Марғұланның білімге құштарлығы орасан. Түркия мемлекетінің Анталия қаласында өткен математика пәнінен халықаралық Балкан олимпиадасынан қола медаль, халықаралық математикалық «Жібек жолы» олимпиадасынан қола, халықаралық Жәутіков олимпиадасынан күміс, геометриядан халықаралық Иран олимпиадасынан алтын медаль иеленген. Ал, робототехникадан «Robotek Grand Tournament» республикалық турниріне 14 оқушы қатысты. Нәтижесінде 8 оқушы жеңімпаз атанып, облыс арасында командалық І орынды иеленіп, «Ел кубогіне» ие болды. Ауылдық жерлердегі оқушылардың дарыны мен қабілеті де кенжелеп тұрған жоқ. Ауыл балаларын қолдау мақсатында «Мың бала» ұлттық олимпиадасына соңғы үш жылда қатысқан 27 мың оқушының 231-і жеңіске жетіп отыр. Қазіргі таңда республикамыздың 17 өңірінде «Дарын» орталықтары өз қызметтерін жүргізіп келеді. – Облыстағы дарынды балаларға арналған орталықтың негізгі міндеті – облыс деңгейінде талантты балалардың қабілетін одан әрі дамытуға ықпал ету. Біз олимпиада мен түрлі ғылыми жарыстар ұйымдастырамыз. Сондай-ақ, бізге оқушылар арасында инновациялық іс-тәжірибені дамыту мақсатында облыстық олимпиада мен ғылыми жоба, конкурстар өткізіп, облыстық жеңімпаздарды республикалық кезеңге дайындап, қатыстыру жауапкершілігі жүктелген. « Жамбыл дарын ы» ай мақт ық ғылыми-практикалық орталығы бес бөлімнен, яғни, «Интеллектуалдық іс-шаралар мен олимпиадаларды ұйымдастыру», «Дарынды оқушылардың жобалық және зерттеушілік қабілетін дамыту», «Дарынды оқушылардың шығармашылық қабілетін дамыту және қолдау», «Ақпараттық технологиялар және зияткерлік іс- шараларды цифрландыру» және «QABILET» кәсіби бағдарлау қызметі бөлімі жұмыс атқарып келеді, – деді облыс әкімдігі білім басқармасының «Жамбыл дарыны» аймақтық ғылыми- практикалық орталығының директоры Майра Есеналиева. Бүгінде дарынды жеткіншектер түрлі жобалар ұйымдастырып, ғылыми зерттеулер жасап, жылдап зерттеген еңбегінің жемісін көріп жүр. Жуырда тараздық жастар көру қабілеті шектеулі адамдарға арналған принтер ойлап тапты. Олар бұл еңбекке бір жыл уақыт жұмсаған. Брайль принтерлері нарықта 4 миллион теңгеден басталады. Ал, тараздық жас ғалымдар құрылғының қазақша нұсқасын жасауға 17 мың теңге жұмсапты. Зағип жандарға арналған пернетақталы принтер елде жоқ ерекше құрылғы. Ол қазақ тілінде дыбысталып, жұмыс істейді. Зағип жан бедерлі пернетақтаны басып, брайль қарпін меңгереді. Одан соң дыбысталған әріпті ести отырып, принтер арқылы жазбаны қағазға түсіре алады. – Алға қойған ең басты мақсат – қазақ әліпбиін дамыту. Себебі, мұндай принтерлер қазір нарықта жоқ десек те болады. Кішкентай балалардың есту қабілеттерін дамыту үшін осы дыбыс көмектеседі. Ал, біздің принтер арқылы олар өздеріне керекті мәліметті тез және оңай қабылдай ала алады, – дейді жас ғалым Айкөркем Егеубай. Жанарынан айырылған жандарға арналған облыстық кітапханада бедерлі жазумен кітаптар шығарылады. Бірақ мұнда қолданылатын «даксбери» қосымшасында қазақ әліпбиі мүлде жоқ екен. Сондықтан, шығармаларды төл тілде басу қиындық тудырып отыр. Алдағы уақытта А4 форматына шақтап шығармақ. Маңызды жобаға тек қолдау қажет. Ал, инфаркт, инсульт ауруларының алдын алу мақсатында тараздық 9-сынып оқушысы Дулат Исабек және 8-сынып оқушысы Адия Тұрсынбай есімді дарынды ұл-қыздар адам өмірін сақтап қалатын сағат ойлап тапты. Ғылыми жобалар сайысы аясында жарық көрген сағат «Second heart», яғни «екінші жүрек» деп аталады. – Сағатқа дене температурасын, қандағы оттегі пайызын, жүрек қағысын бақылап тұру функциялары енгізілген. Сондай-ақ, ол науқас құлап қозғалыссыз қалған жағдайда туысына немесе жедел жәрдемге дабыл жібереді. Ең бастысы, науқастың мекенжайын, жатқан жерін нақты көрсетеді. Науқасқа алғашқы көмек уақытынан кеш беріліп жататын кездер болады. Сондай жағдайдың алдын алу және науқастарға көмектесу мақсатында алғашқы көмектің жедел келуін қамтамасыз ететін сағатты жасап шығардық, – дейді жас өнертапқыш Дулат Исабек. Қазақстан бойынша жылына 30 мыңнан астам адам аталған диагноздан көз жұматынын ескерсек, бұл сағаттың ауадай қажет екені рас. Ал, сағаттың құны 17 мың теңгені құрайды. Құрылғы адам өмірін сақтап қана қоймай, тұтынушыға медициналық кеңес те бере алады. Жас дарындардың жемісті жеңістері сан алуан. Бірі есепке жүйрік болса, енді бірі химияны зерттегенді ұнатады. Ал, енді бірі – тамыры терең тарихтан сыр шертіп, көне мен бүгінді жалғап жүр. Қалай болмасын, төккен тердің зая кетпегені абзал-ақ. Жапония мемлекетінің Тиба қаласында халықаралық математикалық олимпиадасында әлемнің 112 елінен 618 жас математик қатысқан. Соның ішінде Қазақстан Республикасының Ұлттық құрама командасының мүшесі ретінде облыстың дарынды ер балаларға арналған мамандандырылған «Білім- Инновация» лицей-интернатының 10-сынып оқушысы Шарел Марғұлан қатысып, қола медаль иегері атанды. Ал, Сербия Республикасының Белград қаласында 9 елден 98 оқушының қатысуымен географиядан еуропалық олимпиада өтті. Қазақстан құрама командасына енген дарынды балаларға арналған «Дарын» лицей-интернатының 10-сынып оқушысы Сабыр Жомарт осы олимпиадаға қатысып, қола медаль иегері атанып, Тараздың абыройын асқақтатты.
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ.