Құқық

Жазасын өтеушілермен жүздесті

Жазасын өтеушілермен жүздесті

Жуырда облыстық прокуратура «Сенім маршруты» жобасы аясында түзеу мекемелерінде сотталғандарға жеке қабылдау ұйымдастырды.

Уәкілетті органдар өкілдерінің қатысуымен өткен іс-шарада жазасын өтеушілер жеке сұрақтары бойынша және өзге де мәселелерге байланысты сауалдарын қойды. Алғашқы қабылдау қылмыстық атқару жүйесі департаментіне қарасты №25 түзеу мекемесінде өтті. Тепсе темір үзетін жасында темір торға тоғытылғандардың жасы да, жазасы да әртүрлі. Бірі есірткі тасымалдап заң бұзса, енді бірі төбелес барысында кісі өлтіріп алған. Енді бірі жасаған зорлық-зомбылығы үшін заң алдында жауап беріп жүр. Оларды үйлерінде ата-әжесі, әке-аналары мен бауырлары, сүйген жар мен балалары күтіп жүр. Түрлі жағдайда заң бұзып, темір торға тоғытылғандар өз қателіктерін мойындап, өкінетіндіктерін жеткізді. Өткен күн қайта келсе мұндай іске бой алдырмайтындығын айтып, ақталды. Бүгінде мекемеде түрлі жағдайда қылмыс жасаған 698 сотталушы бар. Жеке қабылдауға 60-қа жуық жазасын өтеуші келді. Қабылдау барысында негізінен жазасын неғұрлым жеңіл жазаға ауыстыру мерзімін қысқарту және құжаттандыру мәселелері қаралды. Атап айтқанда, көші-қон бойынша 5 жазасын өтеуші сұрағын қойса, адвокатқа 5 азамат жүгініп, заңды кеңес алды. Бейімдеу орталығы өкіліне 3 адам, Әділет департаментінің құқық түсіндіру жұмысы және халыққа заңгерлік қызмет көрсету бөлімінің маманына 2 азамат жүгінді. Денсаулық сақтау басқармасына 7 сотталушы қайырылып, қалған 8 азамат прокурордан кеңес алды. – Мен түзеу мекемесінде электрик, токарь, программист мамандықтары бойынша білім алдым. Ұлтым – қытай. Көпбалалы отбасында тәрбиелендім. Темір торда өткізген уақыттар маған ата-ана мен барша жақындарымды құрметтеу керектігін, болашақ білімнің қолында екендігін үйретті. Мен мұнда Бейімдеу орталығының мамандарымен жұмыс жайлы сөйлестім. Білім туралы да сұрақтарым бар еді, оны да сұрап, білдім. Осындай кездесулердің арқасында қажетті сұрақтарға жауап аламыз, – деді жазасын өтеуші Виктор Хва. Жиын барысында бірқатар мәселелер өз шешімін тапты. Мәселен, облыс әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының бас маманы Мәди Мәдижановқа Б. есімді сотталушы зейнетке шығу мәселесі бойынша жүгінді. Өз кезегінде жауапты маман зейнетақы аударымдарын есептеп, санап берді. Ал, У. есімді жазасын өтеуші облыстық денсаулық сақтау басқарма басшысының орынбасары Ерік Мұсаевтың қабылдауында болып, бүйрегі ауыратынын жеткізді. Басқарма өкілі тиісті тапсырма беріп, медициналық бөлімге жеткізіп, тиісті ем-шара жүргізетінін айтты. Алдағы уақытта №59, №26 түзеу мекемелері мен пробация есебінде тұрған азаматтармен де қабылдау өткізілмек.  

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ.