Қайраткер қаламгер
Қайраткер қаламгер
Тағдыр тоғыстырған «Бес тапал» Әкім Таразидің әдебиет әлемінде ұмытылмас образдық ұғымға айналған «Бес тапалдың» бірі де бірегейі екені былайғы жұртқа беймәлім болуы мүмкін. Алайда, олардың әрбірі де қасиетті қазақ әдебиетінің, тұғыры биік ұлт руханиятының қабырғалы тұлғалары. Бұл туралы қаламгердің өзі: «Бес тапал» дегеніміз – Сайын, Қалихан, Рамазан, Қабдеш және мен. Кейбіреулер біздің қатарымызға Жұмекен мен Мұқағалиды да қосады. Жұмекен де, Мұқағали да ерекше құрмет тұтқан ағаларымыз болды. Жақсы сыйластық. «Бес тапал» дегенде – күндіз-түні бірге жүрген достар едік. Бізді біріктірген шығармашылық деңгейіміз деп ойлаймын. Қай- қайсымыз да әңгіме не повесть жазсақ, бірінші болып, бір-бірімізге оқытуға тырысатынбыз. Барлығының шығармасын оқып, ұнатсам, ұнағанын айтамын, ұнатпасам, неге ұнамай қалғанын тіке айтатын едім. Бір- бірімізді өтірік мақтау болған жоқ. Рамазанды бір рет сынап-сынап, жылатып алғанымыз бар. Бізге ренжіп, Солтүстік Мұзды мұхиттың жағасына кетіп қалды. Сол жақтан қайтып келгеннен кейін Павлодарда жүріп, «Солтүстік шұғыласын» жазды. Ол шығарманың ең алғашқы оқырманы да – мен. Қатты ұнаттым. Оны өзіне де айттым. Рамазанға «Алматыға қайт» дедім. Солай, ол елге, әдеби ортаға қайта оралды. Ал, Қалиханмен көрші тұрдық. Көрші тұрған кезде де достығымыз, сыйластығымыз арта түспесе, кеміген жоқ. Бұл да Алланың берген бір шарапаты шығар. Менің достарым әдебиеттің тарихында классик болып қалды. Олар – қазақ әдебиетінің төртінші буыны. Сайынды, Қалиханды, Рамазанды классик емес деуші табыла ма? Жұмекен мен Қадырдың классиктігіне кім таласады? Біздің буын – өте үлкен. Соның бір он бесі қазақ әдебиетінің классигі атанды. Мұқағалидың жасы үлкенірек, әдебиетке бұрын келсе де, біздің буынға кірді. Біз әдебиетке әдебиеттен келген жоқпыз. Біз елдің тұрмысын, қиындығын көріп келдік. Ал, әдебиетке әдебиеттен келгендер іске жарамай қалды», – деп еске алады. Ал, тағдыр тоғыстырған тұлғалар жайында Қалихан Ысқақ көзі тірісінде: «Кезінде бізді студенттер «бес тапал» деп атап еді. Бәріміз алпысыншы жылдары келдік әдебиетке. Бұлардың біреуі озды, біреуі кеш қалды деп айту қиын. Әкім негізі кинодраматургиядан келді. Қабдеш арғы беттен келді де, жазғанының дені сол жақтың өмірі болды. Сайын о баста әңгімелеріне ауыл өмірін арқау етті. Соның түбіне жетіп барып тоқтады. Рамазанның алғашқы дүниесі «Ертіс мұхитқа құяды» деген романы болатын. Сол кезде «Ертіс мұхитқа құя ма, әлде Рамазанның қалтасына құя ма?» деген қалжың да шықты. Ол тұтас бір өңірдің тарихынан бастап бүгінгісіне шейін өзінің көркем шығармаларына азық етті. Ақан өзінше келді. Оның ең соңғы дүниесі – «Құланның ажалы». Құлан деп отырғаны кешегі Кейкі батыр. Құлан деген – қыпшақ ішіндегі өзінің руы. Бұған дейін оның «Аққу шоқжұлдызы» деген белгілі жақсы повесі болды. Ол мынау тың көтеруге байланысты. Ақан осыны қазып жазды. Өзгеше жазды. Шындықты жазды. Ақан 34 жасында қайтыс болып кетті. Ортамыздан ерте кеткен сол болды. Бүгінге дейін өмір сүрсе, қанша дүние жазар еді, қайтіп жазар еді? Ол бізге де жұмбақ болып қалды. Қарымды жазушы еді. Менің замандастарым осы жігіттер. Әрқайсы өзінше жүйрік. Бірінен-бірі кем деп бөле-жара алмаймын. Бұлардың қай- қайсы да тума талант иелері», – деп айтқаны бар. Жақсы шығарма – жанға жұбаныш Рас, қазіргі таңда кино саласында жүрген жастар Әкім Таразидің жасап кеткен дүниелері, оның ішінде «Тұлпардың ізі», «Арман-атаман», «Қараш-Қараш оқиғасы», одан кейін тәуелсіздік жылдары түсірілген «Мұстафа Шоқай», «Қызжылаған» с екілді бе с фильмі әліппелік хрестоматия болуға лайық деген баға беруде. Қазақ қаламгерлерінің арасында өнегелі өмір жолымен, мінезі мен мәнерінің, тектілігі мен бекзадалығымен айрықша із қалдыра білген Әкім Тарази Мырзатай Жолдасбекұлының сөзімен айтсақ, «Әкім Тарази – сегіз қырлы, бір сырлы қаламгер, терең ойдың адамы, философ жазушы, кәнігі зерттеуші, тағылымды тарихшы, көне мұраларымыздың бітігшісі». Осы тұста тоқсанның тұғырында тұрып, қырағы қыранша қазіргі қазақ әдебиетінің келешегіне алабөтен алаңдаушылық білдіретіні де жүрек толғантады. «Бір кездері одаққа 50-60 адамды бірден қабылдады. Олардың бәрі журналистикадан келді. Журналистиканың тілі бөлек бәрібір. Журналистің жанры бөлек, жазушының жанры бөлек. Журналистерді де ерекше қадірлеймін. Күні-түні шапқылап жүреді. Жұмыстары оңай емес. Соңғы жылдары көп оқымайтын болдым. Прозаиктер тіптен жоқтың қасы. Жақсы шығарма көзіме түспеді. Ақындардың арасында бірен- саран мықты ақындар бар. Бірақ олардың бір кемшілігі, көпшілігі бір тақырыпты шиырлап жүр. «Айым да сен, күнім де сен» дегеннен аса алмайды. Өлең жақсы, бірақ тақырыбы – жаңалық емес. Жақсы, қиын әдебиет халық, ел қиналған кезде туады. Бетін ары қылсын, қазақ әдебиеті дамуы үшін сөйту керек, бүйту керек деп айта алмаймын. «Жақсы ақын болу үшін бақытсыз балалық керек» деген Қадырдың сөзі дұрыс. Дәл осы сөзді Хемингуэй де айтқан деседі. «Тасжарғанды» бір жылда жаздым. Күніне екі беттен асырмаймын. Тапсырыспен шығарма жазғам жоқ. Өтініш айтып, тапсырма берсе, өздерің жазып алыңдар дейтінмін. Араласатын біздің буыннан ешкім қалмады. Қабдеш келіп тұратын Алматыдан. Достарымды сағынғанда шығармаларына үңілемін. Достарымның ешқайсысынан артық болған жоқпын, артық санамаймын да. Әр уақытта менің алдымда Сайын, Қалихан, Рамазан тұратыны анық. Мені жұбататын сол нәрсе. Жақсы шығарма – жанға жұбаныш. Көп оқимын. Көп түзеймін. Жалпы, жазушының басқадан еш айырмасы жоқ. Ол да көптің бірі. Бірақ, жазушыны көптің бірі деп айта аласыз ба? Себебі, олар өз тазалығы үшін күресіп жүрген адам. Ең үлкен сот – өзі. Оны көбісі мойындай бермейді», – дейді қайраткер қаламгер. Сол уақытта Әкім Таразидың Асау Бөкен деген кейіпкерінің айтатынындай, әдебиеттегілердің «мүйізі басының сыртына қарай өспеді, басының ішіне қарай қарай өсті». Сұмдық сұрапыл көрініс... Мүйіздің ішке өсуі – патология. Ол сыртқа өсуден де әлдеқайда қауіпті. Осындай образдар арқылы ордалы ойымен қаламгер әдебиеттің керуенін жаңа бағытқа бұра білді. Сол бағытты өзгерту арқылы кейінгі буыннан сауатты керуенді қалыптастырды. Сол арқылы сананы өзгертті. Әкім Таразидің өкініші Жазушының шығармашылық шыңындағы әрбір жетістігі өзінің толағай таланты мен есіл еңбегінің нәтижесі. Десек те, даналықтың діңгегіне айналған дара тұлғалардың да өзіндік арманы мен мақсаты, сүйініші мен күйініші, өкініші болатыны өмірдің заңы. «Менің бір өкінішім, қол созса жетерлік жақын жерде тұрып Әуезовке батылым жетіп, батып бара алмадым, сәлем бере алмадым. «Абайын» оқыдым. Қызықтым. Ол кісімен бір күні Мәскеуде, «Москва» қонақүйінде ұшырасып қалдым. Іссапармен келіп тұрамын. Мен қонақүйге кіре бергенде Мұхтар Әуезов шығып келе жатыр екен. Қалт тұра қалдым. Ол кісі жайымен шығып кетгі. Ал, кешке сыртқа шығайын десем, ішке кіріп келе жатыр. Содан өзім сол арада біртүрлі боп, ырым қылып есіктегі қолы тиген жерді ұстадым. Мынау Мұхаңның қолы тиген жер ғой деп едәуір уақыт толғана, толқып ұстап тұрдым. Дәл қасында тұрып батып сәлем бере алмағаным өмір бойғы ғасыл арманым болып қалды. Әуезов Мәскеуде қайтыс болғанда да мен сонда, ВГИК-тің екі жылдық сценарийшілер курсында оқып жүргем. Жазушылар одағында кезекшілік атқаруға келген Ғабең де Мәскеуде болатын. Айтайын дегенім, менің мінезім қатты. Әкем өлгенде жылай алмадым. Шешем сонда: «Жыла! Неге жыламай тұрсың?!» деп желкемнен түйіп жіберді. Кейін анам қайтыс болғанда да жылай алмадым. Неге екенін білмеймін. Онда «Жыла!» деп желкемнен түйіп жіберетін де ешкім болмады. Ал енді Мұхтар Әуезов қайтыс болғанда өз-өзімнен жыладым. Мәскеуде оқуда жүргем. Қасымда ешкім жоқ. Жалғызбын ғой. Сол әсер етті ме? Жалғыздықтың күйігі ме? Әлде әдебиеттің киесі ме мені жылатқан? Сірә, екеуі де болар», – дейді бұл жайында Әкім Тарази. Жазушы кейіпкерлерімен бірге өмір сүреді Тарази шығармаларында қай заманды суреттесе де, адамның өзіне тән жеке тағдыры, ерекше болмысы, басқаша мінез-құлқы танылады. Қандай қиын-қыстау кезеңді суреттесе де адам табиғатының жұмбақ жаратылысы сезіледі. Кейіпкердің айырықша түр-тұрпатын, оның қимыл-әрекетін шығарманың соңына дейін бақылап, оқырман сол кейіпкермен бірге өмір сүреді. Оған жазушының кез келген шығармасынан мысал келтіруге болады. «Ақбердінің ауласы» романы Ұлы Отан соғысы кезіндегі қазақ ауылы мен қазақ баласының тауқыметті тағдырын суреттеуге арналған. Қаршадай бала Бораштың көзімен, ой-түсінігімен сол уақтағы адамдардың қажыр-қайратын, ерік- жігерін, төзімділігін, алдағы күнге деген нық сеніміне көз жеткізесіз. «Ақбердінің ауласы» романында жазушы соғыс кезіндегі алақандай ауыл адамдарының өздеріне тән қарапайым тұрмысы болса да, әрқайсысы ерекше болмыс екенін аңғартады. Автор өзінің балалығы өткен сонау соғыс жылдарындағы қарапайым ауылдың жанкешті тұрмысын суреттеу арқылы қазақ мінезіндегі тұрақтылық, төзімділік, жанашырлық, сенімділік сияқты қасиеттің қандай қиыншылықты болсын жеңуге болатындығын дәлелдейді. Романда соғыс кезіндегі Ақбердінің ауылында тұрмыстың ауырлығына қарамастан, адамдардың неғұрлым жайдары өмір сүруге ұмтылғаны кейіпкерлер өмірін суреттеуден танылады. Сондықтан кез келген автор көркем шығармасында өз заманынан озып туған кесек кейіпкер жаратуға міндетті емес, немесе қоғамда болған қайраткерлер мен батырлар, билер және тағы да басқа тарихи тұлғалардың образын жасауы да мақсат емес. Ең негізгі мақсат – автордың қиял кеңістігінде емін-еркін шарықтап, жан-дүние сін жарып шыққан және оның ізгі арман-мұратын барынша әйгілейтін бейне жасау. Әкім Тарази өз шығармаларында өзінің ізгі арман-мұратын әйгілейтін бейнелер жасаған. «Қорқау жұлдыз» романында да бір әулеттің отбасында болған оқиғаларды суреттеу арқылы қазақ болмысын, отбасылық тәрбие, жеке адамның психологиясы сияқты мәселелер қозғалады. Әулеттің «атына кір келтірмеу» деген қасиетті ұғымды қалыптастырған отбасының, бойжеткен қызының мінезін түсінбей трагедияға ұшыраған тағдырын суреттейді. Шын мәнінде қазақ қоғамында отбасындағы балалармен санаспау, олардың ойларына мән бермеу, ішкі дүниесіндегі сырларын түсінуге тырыспау сияқты жағдайлар бар. Адамның ішкі дүние сіне үңілуден гөрі, сыртқы бөтен елдің сөзіне еру, басқа адамдардың ойын тыңдау, өсекке еру деген сияқты мінездің басым екендігі аңғарылады. Демек, кейіпкерлер арасындағы тартыс, конфликт негізінде және кейіпкерлердің түрлі психологиялық көңіл күйі арқылы автордың да қоғамдық көзқарасы, дүниетанымы, позициясы танылады. Суреткер кейіпкер әлеміне саналы түрде үңіліп, оның мінезінің сан қилы қырларын ерекше әдіс-амалдармен аша отырып, өзінің де рухани және көркемдік әлемінің бай болмысына үңілгенін байқай алмай да қалады. Бұл да бір творчестволық процесс барысындағы ғажап құбылыс. «Тасжарған» романында кеңестік кезең шындығы мен адамдардың сан алуан мінезі бейнеленген. Әдебиетте үлгілі, көпке сыйлы, сегіз қырлы, бір сырлы коммунист басшының образын көркем шығарма мазмұнына арқау ету «модаға» айналған тұстағы автордың өзі өмір сүрген әлеуметтік орта мен қоғам талабына саналы түрде жауап берген шығармасы деуге болады. Әкім Тарази кейіпкерлерін өмірбаяны немесе шыққан тегі арқылы ғана таныстырмайды. Керісінше, жазушының кейіпкері күрделі оқиғалармен ауыр жағдайларды басынан кешіріп, қиналған, қажып, шаршаған сәттерінде танылады. Оның адамдық болмысы нақты оқиға барысында алға шығады. Кейіпкерлерінің жақсы немесе жаман, оғаш қылықтары олардың іс-әрекеті мен көңіл-күйі арқылы анық байқалады. Автор бас қаһарман мен басқа кейіпкерлер арасындағы қарым-қатынасты ашуда айрықша шығармашылық тәсіл қолдануға ұмтылып, күтпеген, тосын оқиғаларды алға тартады. Автор көркем шығарма мазмұнындағы кейіпкер болмысын ашу негізінде оны қаһарман дәрежесіне дейін көтеріп, адамгершілік парасат- пайымы арқылы өз табиғатын, яғни шығармашылық тұлғасын да танытуға жол ашады. «Кен» романында адам баласының тылсым психологиясын, көңіл-күйінің ерекше құбылыстарын суреттегенде бір әулеттен тарағандардың характері арқылы әр ұрпақты өмір сүрген әлеуметтік ортасы мен қоғамдық жағдай қалыптастырған мінез ерекшеліктеріне сай типтендіре бейнелеуге ұмтылған. Бір ғана Қараспановтар әулетінің үш буын ұрпағының тағдыр-тауқыметін қым-қиғаш сюжеттік оқиғалармен бейнелей отырып, бүкіл бір дәуірдің келбетін, қоғамның бет-бедерін жинақтай суреттеуді көздеді. Автор кейіпкерлердің әрқайсысының өзіне тән мінез- құлқы мен адамдық болмысындағы ерекшелікті олардың өміріндегі береке сіз тіршілігін суреттеу арқылы көрсетеді. Ғасырлар бойы ата дәстүрді сақтаған қазақтың кеңе стік кезеңдегі салты мен дінінен айырылып, құдайсыздыққа ұшыраған халін анық көрсетуге ұмтылғанын байқаймыз. Рухсыздық, ішкіштік пен тұрақсыздық, отбасын бұзушылық, нәпсіқұмарлық шынында да қоғамда жиі кездесетін құбылыс болды. Бұл құбылыстың астарын адам табиғатынан іздеп, оны күнделікті күйбең тіршілікте әдетке айналдырғанын, сөйтіп атадан балаға жаман әдеттер мен мінез құлықтың жұғысты болғанын анық аңғарамыз.