Мәдениет

Сырмақ тігу де бір өнер

Сырмақ тігу де бір өнер

Қазақ халқының ұлттық қолөнерінің бірі – сырмақ тігу. Сырмақтың сәнді болуына халқымыз ерекше мән берген. Сырмақтың бірнеше өрнектері мен желілері бар. Мәселен, оюдың желісін үзбей, бір- бірімен жалғасып, композиция құруын желі ою деп атаған.

Желі ою орналасуына қарай сыңар желі, қос желі болып бөлінеді. Сыңар желі деп бір түрлі оюдың бірде іші, бірде тысы қатарласып түсіп отыруын айтады. Қос желі – бір түрлі өрнектің желіні бойлай тізіліп тігілуі. Өрнектің шетінен сұлап келіп тігілген желіні сұлама желі деп атайды. Ірі оюлардан тұратын композицияны қоршай орналасқан күлтелі желіні үкілі желі деп атайды. Үшбұрышты пішінде бір-біріне жалғаса тігілген желіні ілмек бас желі деп атаған. Байқап отырсақ, сырмақ тігу ісінің де назарға алатын осындай ерекшеліктері бар. Сырмақтың да неше түрі бар. Ұзатылар қыздың жасауына арналған сырмақ «Жасау сырмақ» деп аталған. Қыздың жеңгелері бұл сырмақты барынша сәнді, көздің жауын алатындай көрікті етіп тіккен. Бұл сырмақтар «Төсек сырмақ», «Қайынаға сырмақ» болып бірнеше түрге бөлінеді. Сырмақтың бұл түрлері 1977 жылы Ресейдің Таулы Алтай аймағын мекен ететін қазақтардан әкелінген екен.

Есет ДОСАЛЫ.