Әлеумет

Мүгедектік ала алмай жүргендер көп

Мүгедектік ала алмай жүргендер көп

Халық үніне құлақ түріп, мұң-мұқтажын билікке жеткізуді мақсат ететін «Amanat» партиясының облыстық филиалында ашық есік күні өтті. Қоғамдық қабылдау бөлмесінде ұйымдастырылған іс-шараға құзырлы мекеме өкілдері, облыстық және Тараз қалалық мәслихатының депутаттары қатысып, келушілердің мәселелерін тыңдады.

Денсаулығына байланысты ІІ топ мүгедегі болып танылған Азизходжа Акрамходжаев кейін ІІІ топқа ауыстырылған. Бұған 6 баласы бар Азизходжа Алимұлы наразы. Мамандар денсаулығын қайта қарап, ІІ топта қалдыруды сұрайды. Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің облыс бойынша департаментінен келген өкіл жағдайды зерттеп, шағымданушының мәселесін қарастыратын болды. Орта арнаулы медициналық білімі бар Толқын Жақсыбаева жұмыссыз жүргенін айтып, Байзақ ауданы немесе Тараз қаласынан жұмыс табуға көмектесуді сұрады. Оған жұмыспен қамту шаралары түсіндіріліп, құжаты өзі сұраған аймақтардың денсаулық сақтау бөліміне ұсынылатын болды. Байзақ ауданы, Сарыкемер ауылының тұрғыны Бақыт Садықбековке денсаулық сақтау мекемелері оңалтудан да, мүгедектік беруден де бас тартқан. Оның талап-тілегін тыңдаған облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Ерік Мұсабаев жеке қабылдауына шақырды. Мамандардан комиссия құрылып, Б.Садықбековтің мәселесі жан-жақты қарастырылатын болды. Т.Рысқұлов ауданының Сөгеті ауылынан келген Мырқасым Башкулов осыдан біраз жыл бұрын Семейде әскери борышын өтеген кезде денсаулығына зақым келген. Бүгінде соның зардабын тартып жүрген ол мүгедектік берілуін сұрады. Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің облыс бойынша департаменті басшысының орынбасары Жанар Нұрбек жергілікті әскери комитет Мырқасым Оспанқұлұлының әскери борышын өтеген бөлімге сұраныс жіберіп, толық мәлімет алдырту керегін түсіндірді. Тараз қаласының тұрғыны Әлімхан Нұрберген отбасылық жағдайына байланысты биыл мектепке баратын баласының тегін ыстық тамақпен қамтылуын және мектеп формасы мен оқу құралдарын алуға көмек берулерін сұрады. Сонымен қатар, кіші ұлының дертін емдеуге қолдау көрсетіліп, мүгедектікке шығарылса деді. – Биылдан бастап бастауыш сынып оқушылары тегін ыстық тамақпен қамтылады. Балаңыз «Мектепке жол» акциясына да қатыса алады. Белгілі санаттағы отбасының балаларын мектеп формасымен, оқу құралдарымен қамтуға арналған бір реттік жәрдемақы алуыңызға болады, тек қажетті құжаттарды жинап әкеліңіз, – деді Тараз қалалық білім бөлімі басшысының орынбасары Дүрия Тоғатаева. Жамбыл ауданында тұратын Ақерке Еркімбекованың ұлы мен келіні жұмыстың ыңғайына қарай Қордайға кеткен. «Дипломмен – ауылға» бағдарламасымен жұмысқа тұрған ұлыма берілген сағат азайып, жалақысы мардымсыз болып қалды. Сол себепті Қордай ауданынан табылған жұмысқа орналасу үшін Жамбыл ауданынан жұмыстан шықты. Бағдарлама арқылы берілген көтермеақыны мемлекетке қайтардық. Қазір келінім екеуі Қордайдың Қарасу ауылында баспана жалдап тұрып жатыр. Бірақ, келінім аяғы ауырлап, жұмыстан босады. Баламның жалғыз жалақысы үй жалдап тұрып, күн көруге жетпейді. Сондықтан, Қордай ауданынан оларға баспана берілсе», – деді А.Еркімбекова. Ал, қабылдауға келген Тәжікүл Мамасейтова хабарсыз кеткен қызы мен күйеу баласын ата-аналық құқықтан айырып, немерелеріне өзін қамқоршы етуді сұрады. Сонымен қатар, химиялық технология және өндіріс саласында мамандығы бар немересіне жұмыс керек екенін де жеткізді. Атамекенге оралған Мейірбек Жиеналиев қазір жұмыссыз жүр. Жер қатынастары және кадастр, ақпараттық технология мамандығын оқып, біліктілігіне сай жұмыс іздеп жүрген Мейірбекке Еңбек мобильділігі орталығы басшысының орынбасары Әділхайыр Атин жұмысқа орналасу жолдарын түсіндірді. Тараздық Айбарша Бөпежанова «Бәйтерек» шағынауданындағы 28-ші үйдің алдына автокөлік жылдамдығын тежегіш орнату керегін айтты. Бұл балалардың қауіпсіздігі үшін аса қажет деді ол. Сондай-ақ, аталған шағынауданға қатынайтын қоғамдық көліктің бағытын ұзартуды да ұсынып, коммуналдық меншіктегі көпқабатты тұрғын үйді күтіп ұстау мәселесін қозғады. Өзінің мүгедектігі бар қызы болғандықтан жұмыс істей алмайды, сондықтан жәрдемақы сұрауға мәжбүр. Айтылған мәселелерге сәйкес жауапты мекеме өкілдері шешімін қарастыратын болды. Партия ұйымдастырған шараға облыстағы құлағы естімейтіндер қоғамдық бірлестіктің 5 өкілі келіп, түйінді мәселелерін жеткізді. Олардың өтініштері де аяқсыз қалмайтын болды. Айта кетейік, партия айына бір рет тұрақты ұйымдастыратын іс-шара аясында сәуірден бері 125 өтініш түскен. Оның 50-і оң шешімін тапса, 75 өтінішке заң шеңберінде түсініктеме берілген. Шешімін тапқан мәселелердің қатарында 4 азаматқа мүгедектік тағайындалса, 7 қандасқа Қазақстан азаматтығын алуға ықпал етілген. 22 азамат тұрақты жұмыспен қамтылып, 12 бүлдіршіннің балабақшаға орналасуына партия септігін тигізген. Тұрмысы төмен 65 отбасына демеушілердің есебінен көмек көрсетіліп, 15 азаматқа атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған. Саяси ұйым әлі де халыққа көмектесу жұмыстарын жалғастыра бермек.  

 Қамар ҚАРАСАЕВА.