Әлеумет

Ауыз су тапшылығын тартқан ауыл

Ауыз су тапшылығын тартқан ауыл

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылғы ел Президентін ұлықтау рәсімінде «Таза ауыз су әрбір үйде, әрбір отбасында болуы керек» дей келе, Қоршаған ортаны қорғау жүйесіне серпін беретін Экологиялық кодекс қабылдау керектігін тапсырған болатын.

Содан бері біршама жылдар өтсе де, алысты айтпағанда, облыс орталығына жақын Жуа лы ауданының кейбір ауылдарында таза ауыз су мәселесі шешімін таппай отыр. Солардың қатарында Нұрлыкент ауылдық округіне қарасты Түктібай ауылы да бар. Мән-жайды зерделеу үшін Түктібай ауылына жол тарттық. Тараз қаласынан шамамен 40 километр ғана қашықтықта жатқан елді мекенде тіршілік нәріне қатысты бірқатар мәселелер бар екен. Ауылда 200-ден астам түтін болса, солардың ішінде 40 үйде ауыз су мүлдем жоқ. Елді мекенде бар болғаны төрт көше бар. Нақты айтқанда, кейіннен салынған екі көшенің күнбатыс жағында бұл мәселе шешімін таппаған. Бұл көшелерді жергілікті жұрт «шағынаудан» деп атап кеткен. Сол елді мекен ішіндегі «шағынаудан» судан таршылық көріп отыр. Ауылдың өзге тұрғындары баяғы кеңестік кезеңде салынған құбырдан су ішіп отыр. Тіпті, аудандық елді мекендер картасында бұл ауыл «Су құбыры жоқ» ауыл ретінде еніп кеткен. Ал, жоғарыда айтып өткеніміздей, кеңестік кезеңнен қалып кеткен құбыр ешкімнің тіркеуінде жоқ, қараусыз зат. Осы орайда ауыл тұрғыны, ұзақ жыл ұстаз болған Ахаш Абдалиев: «Айдың, күннің аманында ауылымызда таза ауыз су жоқ. Көптеген үйлер қолдан су шығарып, құдықтан ішіп отыр. Мен де солай қаздырып алдым. Қайтеміз енді? Негізі, Жуалы жерінде Мыңбұлақ бар. Ол бекер олай аталмаған. Сансыз бұлақтардың отаны деген сөз. Бүлкілдеп ағып жатқан мөлдір бұлағы көп бола тұра, ауылымызда су жоқ. Келешекте ауыз су жүйесі тартылса, осы бұлақтардың мүмкіндігін пайдаланса деген тілегім бар. Жақын арада ауылға таза ауыз су тартылады деген сөзді еміс- еміс естіп жатырмыз. Дәл қазіргі жағдай тұрғындарға оңай соғып тұрған жоқ», дейді. Түктібайда 208 оқушы білім алып жатқан №12 Мұхтар Әуезов атындағы орта мектеп орналасқан. Аталған білім ошағында да кейінгі жылдарға дейін су болмаған. Мектептің алдындағы жалғыз колонкадан асханаға да су алынған, оқушылар да су ішкен. 2020 жылы әжетханалар ғимараттың ішінде орналасуы керек деген талап болған кезде, қажеттіліктермен бірге ішке су кіргізіліп, асханаға да су жеткізілген екен. Қазіргі таңда асханада да, әжетханаларда да су ағып тұр. Түсі аппақ болғандықтан, сапасы да жақсы болар деп ой түйдік. Бір айта кетерлігі, сырттағы колонканы ішке а у ы с т ы р ғ а н д а , мектеп маңындағы кейбір үйлерде құдық суы бұрынғысынан азайып кетіпті. Бір сөзбен айтқанда, тұрғындар болсын, ауылдық мекемелер болсын, жоқтан бар жасап отырғаны байқалады. Әрине, мұндай әупірімдеп отырған мекенді суы бар ауылға жатқыза алмаймыз. Аталған мектеп директорының орынбасары Фарида Бегалиева да өз пікірімен бөлісті. «Мектеп судан дәл қазір таршылық көріп тұрған жоқ. Жалпы, ауылда бұл мәселе өзекті. Дегенмен, таза ауыз су тартылса, өте қуанышты болатын едік. Ауылдың басты мәселесі – таза ауыз су», деді ол. Біз осы орайда Жуалы аудандық санитарлық эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Марат Ысқақовтан мән-жайды сұраған едік. «Түктібай ауылында қазіргі таңда орталықтандырылған ауыз су жүйесі болмағандықтан, тұрғындар орталықтандырылмаған яғни, құдықтың суын пайдаланып отыр. Бұл ауыл картада ауыз су жүйесі жоқ елді мекен ретінде тіркеліп тұр. Құдық және колонкалар жеке үйлерге тиесілі болғандықтан, басқарма тарапынан тексеру жүргізе алмаймыз. Мониторинг бойынша, тоқсан сайын аталған ауылдың су сынамасы алынып, аудандық зертханаға өткізіліп тұрады. Санитариялық-гигиеналық, микробиологиялық және паразитологиялық көрсеткіштер тексеріліп, ауытқулар анықталмады. 2023 жылдың үшінші тоқсанына су сынамасын алу тамыз айының соңына жоспарлануда. Аталған ауылға ауыз су жүйесінің құрылысы аудан әкімдігіне қарасты жауапты бөлім мамандарының мәліметінше, 2004 жылға жоспарланған», – деп жауап берді. Жақында ғана Нұрлыкент ауылдық округіне жаңа әкім сайланыпты. Округ әкімі Нұрсұлтан Рахымбек: «Келесі жылы Түктібай ауылына ауыз су бойынша сметалық құжаттар жасалады. 2025 жылы тұрғындар таза судың игілігін көреді» десе, осы ауылда тұратын облыстық мәслихаттың депутаты Керімқұл Бегалиев: «Бұл ауылда ауыз су бар деп айтуға келмейді. Депутат ретінде ұзақ жылдан бері осы мәселені көтеріп келе жатырмын. Облыстық мәслихат мінберінен де айттым. Айтылудан кенде емес. Бұйырса, келесі жылы сметасы жасалып, 2025 жылы тұрғындар қуанышқа кенеледі деген жоспар бар. Жасыратыны жоқ, Түктібай ауылы судың азабын тартудай-ақ тартты. Енді рәтін көретін уақыт жеткені анық», – деді. Түктібай ауылының жаңа «ықшамаудандарымен» біз де жүріп өттік. Көшеде колонкадан тамшылап ағып тұрған су көрмедік. Ауыз суға зәрулік туып жатқанда, ағын су жайлы сөз қозғау артық. Әсіресе, елді мекеннің кейіннен салынған көшелеріндегі аулалардың шөбі сарғайып, қурап тұр. Тіршілік нәрі болмаған соң, көрген күнің сол. Бұл ауыл таза ауыз судың тартылғанын асыға күтіп отыр.  

Есет ДОСАЛЫ.

Жуалы ауданы.