Еркін елдің ең ұлық мерекесі
Еркін елдің ең ұлық мерекесі
Жоғары деңгейде аталып өтті
Тәуелсіздік күнін өңіріміздегі жастар да ерекше ықыласпен атап өтті. Олардың ұйытқы болуымен «Біз – Тәуелсіз елдің жастарымыз!» атты флэш-моб ұйымдастырылды. Таңертең Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті саябағына жиналған жастар «Тәуелсіздік жасасын!», «Елбасымен біргеміз!» деген плакаттарды көтеріп, азат күнге, егемендікке деген ілтипаттарын көрсетті. Жастардың өз елінің болашағына деген көзқарасын нығайтуды мақсат еткен шараға үкіметтік емес ұйымдар, жастар ісі жөніндегі комитет төрағалары және белсенді студенттер қатысты.
– Тәуелсіздік күні – бұл ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап, намысымызды оятқан, әлемге қазақты азаттық сүйгіш, рухы биік, намысы берік халық ретінде танытқан ұлық мереке. Әрине, бұл мерекені тәуелсіз қоғамда қалыптасып, бой түзеген жастардың да атойлатып тойлауы ғанибет. Біз де бүгін, айтулы мерекеде қала тұрғындарына сергек көңіл сыйлау үшін таңертеңмен ҚР Тұңғыш Президенті саябағына жиналып отырмыз. Жастар – тәуелсіздігімізді нығайтушы күш екенін ешқашан ұмытпауымыз керек, - деді, облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Еркебұлан Құралбаев. Бұдан кейін жиналған жастардың өнерлілері жаңа заманғы билермен, патриоттық сарындағы әндермен көпшілікке хош көңіл сыйлады. Шара соңы автошеруге ұласты. Көк байрағымызды желбіреткен көліктер аталмыш саябақтан бастау алып, шаһар ішін шарлай жөнелді. Бұл да көрген жанға жақсы әсер еткені сөзсіз. * * * Қала тұрғындары «Тәуелсіздік тірегі – қайсар рухы қазақтың» атты мерекелік кеш барысында еліміздің эстрада жұлдыздары Гүлнұр Оразымбетова және «Азия» тобының өнерімен сусындады. Астанадан арнайы ән шашуын алып келген Гүлнұр Оразымбетова көпшілікке белгілі әсем әндерін орындап, құлақ құрышын қандырса, жастардың сүйікті тобына айналған «Азия»-ның әндері де тараздықтарды серпілтіп тастады. – Тараз – тарихымыздың тамыры. Айтулы мерекені осы көне шаһар жұртшылығымен бірге қарсы алып жатқаным мен үшін де үлкен қуаныш. Қандай көңіл-күйде екенімді тіпті айтып жеткізе алмаймын. Көрермендердің ықыласында шек жоқ, ал әншіге одан артық бақыттың қажеті шамалы, – дейді бізбен өз әсерін бөліскен Г. Оразымбетова. Бұлардан соң тараздықтар жергілікті өнерпаздардың да өнеріне куә болды. Патриоттық сарындағы әндер жүректердің қылын шертті. Соңыра Тәуелсіздігіміздің баянды болуын тілескен жұртшылық мерекелік отшашуды тамашалады.
Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.