Саясат

Тәуелсіздік жылдарындағы басты жетістік

Тәуелсіздік жылдарындағы басты жетістік

Осыдан отыз екі жыл бұрын егемендігімізді алып, тәуелсіз ел атандық. Бұрыңғы одақтан бөлініп шыға салысымен өзіміздің жаңа рәміздерімізді таңдадық. Төл теңгемізді айналымға енгіздік. Өз Ата Заңымызды қабылдадық. Ендігі мақсат – шекараны шегендеу. Сөйтіп, етек-жеңі жиналмаған дархан даланың толыққанды иесі екенімізді сезіну еді.

Жалпы аумағы 14 мың километрге созылған шекараны белгілеп алу ұзақ мерзімге созылған келіссөздердің нәтижесінде мүмкін болды. Оның ішінде құрлықтағы ең ұзын шекара – 7591 километрге созылған Қазақстан-Ресей шекарасы да бар. Ал, Алтайдан Тянь-Шаньға дейінгі 1782 километрі Қытай Халық Республикасымен арадағы мемлекеттік шекара. Ал, оңтүстігінде Түркіменстанмен – 426, Өзбекстанмен – 2354 және Қырғыз мемлекетімен – 1241 километрге созылған шекара аумақтары бекітілді. Жер – көптеп келгенде әлемдегі барша мемлекеттердің басты байлығы. Жер – ана – асыраушымыз. Тарихқа көз жүгіртсек, адамзат жаралғалы бері осыған дейін де, қазір де дүниежүзінде жанжал мен соғыс атаулының дені жер үшін болып жатқанын аңғару қиын емес. Жерсіз елдің ертеңі де, байлығы да жоқ. Ғұндардың атақты билеушісі Мөде: «Жері жоқ ел бола алмайды, жері жоқ ел мемлекет құра алмайды» деп текке айтпаса керек. Әйгілі жазушы Бексұлтан Нұржекеұлы ертеректе қазақтың жері қазіргі көлемінен екі есе көп болғанын айтады. Қазір де аз емес. Әлемде жер көлемі бойынша тоғызыншы орындамыз. Барының берекесін берсін. «Барға – қанағат, өткенге – салауат». Шекара жөніндегі ең алғашқы келіссөздерді Қытай елінен бастау алды. Дәлірек айтсақ, 1992 жылы басталған келіссөздер 1994 жылы 26 сәуірде аяқталып, екі жақты «Қазақстан-Қытай шекарасы туралы» келісімге қол қойылды. Бұл келісім 1997 жылғы 24 қыркүйекте, 1998 жылғы 4 шілдеде қосымша келісімдермен толықтырылды. Бүгінгі таңда қос мемлекет басшылары арасында қол қойылып, ортақ келісімге келген шекараның жалпы ұзындығы 1782 километрді құрайды. Осынау үлкен шекара бойында бүгінгі таңда бірден бір даулы жер жоқ. Құрлықтағы ең ұзын шекара бұл Ресей мемлекетімен шектесетін шекара. Оны бекіту жайлы Хаттамаға 1998 жылдың 12 қазанында Ресей Президенті Борис Ельциннің мемлекеттік сапары барысында қол қойылды. Осы қатынастың қорытындысындай, 2005 жылдың 18 қаңтарында Мәскеуде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путин Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасы туралы келісімге қол қойды. Нәтижесінде әлемдегі ең ұзақ шекара құқықтық негізде бекітілді. Әйтсе де бұл келісім бола бұра тартып жүрген көрші елдің саясаткерлер аз емес. Олар не дейді? «Ресей қазақтарға жерді сыйға берген» деп көкіп те жүр. Жалпы қазақ айналасындағы елдердің жеріне көз алартпаған, жаулап алу үшін басқыншылық пен шапқыншылық жасамаған. Өз елі мен жерін қорғап қалу үшін қасық қаны қалғанша күрескен. Ал тәуелсіздігімізді алысымен-ақ өзімізден шыққан Солженицын, желөкпе Жириновский сынды с аяас аткерлер мінбеде тұрып, «Аттардың тұяғы таптаған жердің бәрі қазақтарға тиесілі емес» деп сандырақтады. Бір кезде М.Горбачев одақты басқарып тұрғанда Қазақстанның солтүстіктегі бес облыстың жерін Ресейге қоспақ та болмап па еді. Әлі күнге солай ойлайтындар жоқ емес. Тіпті Ресейдің Мемлекеттік Думасының «мүйізі қарағайдай» бірқатар депутаттары кез келген көзі ашық адам білетін тарихты әдейі бұрмалап, «Ресей қазақтарға жерді сыйға берген» деп ешбір қисынға келмейтін уәжді үлкен мінбеден жұртқа жария етті. Бұл жала қазақстандықтарды ғана емес, шетелдіктерді де таңғалдырды. Біздің сақ, ғұн бабаларымыздан бергі атақонысымыз – басты байлығымыз, заңды мұрамыз екенін әлем жұртшылығы әлдеқашан біледі емес пе? Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында бабалардан мұра болған қасиетті жерімізге тоқталып, оны бізге ешкім сыйға тартқан жоқ деп кесіп айтты. «Қазақстанның екіжақты келісімдермен бекітіліп, халықаралық деңгейде танылған шекарасы бар. Енді оған ешкім дауласа алмайды», – деді Президент. Бұл – бұдан бұрын айтылған және алдағы уақытта айтылуы мүмкін осындай уәждерге берілген нақты жауап болды. Дегенмен екі ел арасындағы жер мәселесін, мемлекеттік шекара туралы сөз еткенде тарихи куәліктерді де естен шығаруға болмайды. Елімізде көршілес мемлекеттермен шекара мәселесін шегендеу 1998 жылғы 12 қазанда Қазақстан мен Ресей Президенттері Алматыда екі ел арасындағы Мемлекеттік шекараны делимитациялау туралы хаттамаға қол қоюдан басталғаны белгілі. Осы құжатқа сәйкес Үкімет деңгейіндегі делегациялар 1999 жылдың соңына қарай келіссөз жүргізуге кірісті. Қазақстан – Ресей шекарасын белгілеп, оны картаға түсіру батыстан – Еділ өзенінің төменгі ағысынан басталып, 2005 жылдың қаңтарында шығыста – Алтай тауының Оңтүстік Алтай жотасында аяқталды. Көп кешікпей 2005 жылдың 18 қаңтарында Мәскеуде Мемлекет басшылары Қазақстан – Ресей мемлекеттік шекаралары туралы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының арасындағы шартқа қол қойды. Шекара мәселесінда даулы жер телімдері де болды. Соның ішінде Өзбекстан Республикасымен шекараны анықтауда көптеген қиындықтар туындады. Билік басындағыларға оны шешу оңайға түспеді. 2001 жылы 16 қарашада және 2002 жылы 9 қыркүйекте Қазақстан мен Өзбекстан арасында «қазақ-өзбек мемлекеттік шекарасы» туралы келісімге қол қоюмен бұл күрделі мәселе де өзінің оң шешімін тапты. Ал Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасындағы мемекеттік шекараны анықтау туралы меморандумға 1998 жылдың 17 шілдесінде қол қойылды. Қазақстан мен Түркіменстан арасындағы шекараны талқылау 2000-2001 жылдар аралығында жүргізді, делимитация туралы алғашқы келісімге 2001 жылдың 5 шілдесінде қол қойылды. Сөйтіп 2003-2005 жылдар аралығында шекара жер бетінде толығымен белгіленді. Ал 2018 жылы Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға қол қойылғаннан кейін құрлықтағы ғана емес, теңіздегі 2000 километр шекарамыз да айқындалып, түпкілікті шешілді. Отанымыздың бүгінде барлық көрші елдермен татулықта болуының негізі – дәл осы дер кезінде бейбіт жолмен шешілген шекара мәселесімен байланысты десек қателеспейміз. Елбасының мәселенің мәнісін тереңінен түсінгенін аңдаймыз. Қазақстан – шекара түйткілдерін халықаралық талаптарға сай тұтастай шешіп алған мемлекет. Мұны еліміздің тәуелсіздік жылдарындағы басты жетістіктерінің бірі деуге әбден болады.  

Марат ҚҰЛИБАЕВ.