Саясат

КӨРШІ ЕЛДЕРМЕН ТАТУ БОЛУ МАҢЫЗДЫ

КӨРШІ ЕЛДЕРМЕН ТАТУ БОЛУ МАҢЫЗДЫ

Халықаралық қатынастар, яғни еліміздің сыртқы саясаты – күн тәртібінен түспейтін өзекті мәселелердің бірі. Сондықтан қазақстандық сыртқы саясаттың басымдылығы, әлемнің бірқатар елдерімен стратегиялық серіктестік жайы, сыртқы саясат саласында атқарылып жатқан жұмыстар, Тәуелсіз Қазақстанның қауіпсіздікті сақтау, саяси және экономикалық қарым-қатынастарда елдің дамуы үшін сыртқы қолайлы жағдайларды қарастыруы, әлем жұртшылығын алаңдатып отырған кейбір мәселелерге көзқарасы туралы аз айтылып, кем жазылып жүрген жоқ. Бұл, әсіресе, бізбен шекаралас жатқан көрші мемлекеттерге де қатысты.

Бүгінде Қазақстанның сыртқы саясаттағы басымдылығы ең алдымен Ресей, Қытай, АҚШ, Еуроодақ, Орталық Азия аймағындағы көршілес мемлекеттермен және ислам әлемімен тең құқылы қарым-қатынас құруға бағытталып отыр. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бастап өзінің сыртқы саясатында көпвекторлы қағиданы ұстануда және ол осы бағдарынан таймайтыны белгілі. Дегенмен, геосаяси тұрғыдан белгілі бір елдермен анағұрлым тығыз қарым-қатынас орнату қалыпты жайт, бұл мемлекеттік мүддемізге сай келеді. Қазақстан іргелес бес елмен 14 мың шақырымнан астам әлемдегі ең ұзақ құрлық шекараларын алғаш рет әлемдік тәжірибеге сай халықаралық шарттармен бекітіп, бүгінде көршілес және әлемнің жетекші елдерімен достық және өзара пайдалы ынтымақтастық қатынастарын құрды. Бүгінде еліміз 186 мемлекетпен дипломатиялық қарым-қатынас орнатқан. Мәселен, Ресей мен Қытай – шекаралас жатқан алпауыт көршілеріміз. Солтүстіктегі көршіміз Ресеймен біздің ел көп жылдар бойы тығыз қарым-қатынаста болып келеді. Өзара бөлісіп жатқан мемлекеттік шекараның ұзындығының өзі 7591 километрге созылып жатыр. Мемлекетаралық достастық екі бipдeй президенттің және екі ел халқының өзара тығыз байланысы арқасында дамып отыр. Қазақстан мен Ресей арасында отын-энергетикалық кешен, көлік және коммуникация, әскери-техникалық және қорғаныс өнеркәсібі caлалары бойынша байланыс орныққан. Қазақстан-Ресей қарым-қатынасының біртұтас спектрі көптеген екіжақты құжаттар және келісімдермен реттелуде. Бүгінде екі ел арасындағы байланыстар жан-жақты дамып, тауар айналымы да жоғары деңгейде. Бір сөзбен айтқанда, «алыстағы ағайыннан, жақындағы көршің артық» дегендей, көршілермен тату болу мемлекетіміздің стратегиялық мүддесіне толық сай келеді. Бүгінде ресми түрде Ресеймен екі арамызда ешбір шешілмеген мәселе жоқ деп айтуға болады. Біздің мемлекетіміздің тағы да бір көршілес елмен қарым-қатынасы серпінді даму үстінде. Бұл – Қытай Халық Республикасы. Жыл сайын екі ел арасында көптеген ipi жобалар жүзеге асырылып отыр. Ұдайы қарым-қатынас арқасында екі ел басшылығының арасындағы байланыс нығайып келеді. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мамыр айында Қытай Халық Республикасына барған мемлекеттік сапары барысында ҚХР басшысы Си Цзиньпинмен келіссөз жүргізіп, стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайту, сауда-экономикалық, инвестициялық, көлік-логистикалық, энергетикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады. Сондай-ақ, ол ҚХР-да «Орталық Азия – Қытай» саммитіне, қазақ-қытай инвестициялық дөңгелек үстеліне қатысты. Президент атап өткендей, әлемдегі күрделі экономикалық жағдайға қарамастан, Қазақстан мен Қытайдың сауда-экономикалық қатынасы қарқынды дамып келеді. «Өткен жылдың қорытындысы бойынша екіжақты сауда-саттық көлемі рекордтық көрсеткішке – 31 миллиард долларға жетті», – деді Тоқаев. Осылайша, Қытай Қазақстан экономикасына қаржы құйған бес ірі инвестордың қатарына кіріп отыр. Инвестицияның жалпы көлемі 23 миллиард доллардан асқан. Қазір «Астана» халықаралық қаржы орталығында 73 елдің 1800-ден астам компаниясы тіркелген болса, оның оннан бірі – Қытай компаниялары. – Кеңес заманында даулы тұстары болған Қытаймен мемлекеттік шекарамыз әбден бекіп, шегенделген. Бұл ретте бізге алаңдайтындай ештеңе жоқ. «Отты түрте берсең өшеді, көршіні түрте берсең көшеді» демекші, әсіресе әлеуметтік желілерде көп жағдайда мәселенің байыбына бармай байбалам салу, қарақан басын көрсету үшін құр шулаудың, сайып келгенде өзіміздің пайдамызға кері әсері болуы мүмкін. Мысал ретінде айтайын. Қытаймен визасыз режимді екі жақтың азаматтарына да 30 күнге дейін ұзарту жаңалығы кейбір отандастарымызды біраз дүрліктірді емес пе?! Жеме-жемге келгенде бұл біздер үшін тиімді шешім. Көршіміз Қытай да Ресей секілді біздің стратегиялық әріптесіміз, онымен тату көршілік біз үшін аса маңызды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың аспанасты еліне биылғы мемлекеттік сапары да мейлінше табысты өтті. Қытай басшысы біздің еліміздің аумақтық тұтастығына әлемдегі ірі мемлекеттермен қатар кепіл болатынын ашық мәлімдеді. Білесіздер, ҚХР әлемнің екінші экономикасына айналды. Егер онымен шекара жабылса тек біз емес, бүкіл әлем қаншалықты бұйымдарға зәру болып, тапшылыққа тап болатыны пандемия кезінде анық байқалды. Сондықтан да біз құрлық ортасындағы, теңізге тікелей жолы жоқ ел ретінде Ресей мен Қытай секілді алпауыт мемлекеттермен көрші-қоңсы болған жайымызды барынша өзіміздің ұлттық мүддемізге ұтымды пайдаланғанымыз жөн. Қазақстанның сыртқы саясатын жүргізуші Президентіміздің де ел-елге сапарлағандағы негізгі діттеген мақсаты – осы. Сонымен қатар, әлемдік өркениеттегі өзіндік орны бар АҚШ секілді дамыған мемлекетпен, Еуропалық одақпен де стратегиялық байланыстарымыз алдыңғы екеуінен асып түспесе, кем емес. Американың компаниялары тәуелсіздік алған жылдары мұнай-газ саласын дамытып, ірі инвестиция салған елдердің бірі. Ол да Қытай секілді ядролық держава ретінде біздің қауіпсіздігіміз бен аумақтық тұтастығымызға кепілдік берген ірі мемлекет. АҚШ билігінің біздің Әділетті Қазақстан құру үрдісіне үлкен қызығушылық танытып, таяуда Президентіміз қол қойған елімізден қылмыстық жолмен шығарылған активтерді кейін қайтаруға қатысты заңды іске асыруға көмегін беретіні қуантады, – деді Парламент мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Айгүл Құспан жақында бұқаралық ақпарат құралдарына берген сұхбатында. Орталық Азиядағы бауырлас елдермен бүгінгі қарым-қатынасымыз туралы да айтпай кетуге болмас. Олардың бірсыпырасы, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркіменстан – түбі бір түркі туысқан елдер. Ал, Тәжікстан болса, қуаңшылық тауқыметі қысқанда бізге суымен жәрдем беретін көршіміз. Орталық Азиядағы бұл бес ел қазір бір-бірімен тығыз араласып, тонның ішкі бауындай тірлік жасауда. Қазақстан секілді ауыл шаруашылығы дамыған ел үшін су мәселесі аса маңызды десек, әсіресе, біздің оңтүстік аймақтар осы көршілерімізден келетін өзендер суына тәуелді екені бесенеден белгілі. Бүгінде Орталық Азия мемлекеттерінің парламенттерімен де тығыз байланыс орнатылуда. Жақында Өзбекстан сенатының төрайымы және Қырғыз жоғарғы кеңесінің төрағасы Астанаға ресми сапармен келіп кетті. Жалпы, шетелде біздің елдерді ділі бір, діні бір, тілі ұқсас, бауырлас халықтар деп біртұтас аймақ ретінде қарау саясаты қалыптасуда. Сол себептен АҚШ, Еуроодақ, Жапония, Қытай, басқа да мемлекеттер Орталық Азия елдерімен 1+5 форматындағы кездесулер өткізуде. Жақында Президентіміз Орталық Азиядағы өзге әріптестерімен бірге Жиддада өткен Орталық Азия және Шығанақтағы араб мемлекеттерінің ынтымақтастығы кеңесінің алғашқы саммитіне қатысты. Жалпы, араб елдерімен де қарым-қатынастарымыз ерекше дамуда. Әсіресе, Біріккен Араб әмірліктері, Сауд Арабиясы, Мысыр, Катар, Кувейт, Марокко және Алжирмен ынтымақтастығымыз нығаюда. Тамыз айының басында Елордада Қазақстан-Ауғанстан бизнес форумы өтті. Іс-шараға екі елдің мемлекеттік органдары, квазимемлекеттік сектор мен іскерлік топтардың 400-ден аса өкілі қатысты. Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы қатынас та тату көршілік, өзара сенім мен тиімді ынтымақтастыққа негізделген. Қазақстан мен Ауғанстан халықтары – тарихи тамыры ортақ, ежелден бері бір аймақты мекендеп келе жатқан көршілес, салт-дәстүрі мен тағамдары ұқсас елдер. Сондықтан Қазақстан Ауғанстанның тәуелсіз, бейбіт, бейтарапты демократиялық және гүлденген ел ретінде дамығанын қалайды. Қазақстан халықаралық саясатта беделі бар ел, осыған дейін бірқатар интеграциялық бірлестіктердің бастамашысы ретінде танылып келді. Қазір де көптеген бүкіләлемдік бастамаларға ұйытқы болып келеді. Оның ішінде ядролық қарусыз әлем, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары секілді бастамаларды Қазақстанның сыртқы саясатының жемісі деп ауыз толтырып айтуға болады. Астанамыздың төрінде қаншама халықаралық кездесулер өтуде. Көптеген бастамаларымыз іске асып, оған қатысу үшін әлемнің беделді деген саясаткерлері мен қайраткерлері, экономистері елімізге ағылып келуде. Мысалы, биылғы Астана халықаралық форумына қатысу үшін Катар шейхі біздің елге мемлекеттік сапармен келді. Одан басқа әлемнің жүздеген көрнекті қайраткерлері, ірі компания басшылары жиынның қонақтары болды. Жалпы, жыл басынан Катар басшысынан басқа Әзербайжан, Германия, Сингапур, Тәжікстан президенттері, Чехия премьер-министрі елімізге ресми сапарлармен келіп қайтты. Ал, Президент жыл басында Біріккен Араб әмірліктеріне ресми сапармен барды. Одан кейін ол Қытай Халық Республикасына мемлекеттік сапар шекті. Бұдан басқа, Президент Түркияда және Ресейде бірнеше рет ресми және жұмыс сапарларымен болды. Бұған қоса, Еуропалық кеңес президентімен кездесуге Қырғызстанға барды. Осылайша, жарты жылдан астам мерзімде Мемлекет басшысы қаншама ресми тұлғаны елде қабылдап, өзі қаншама мемлекеттерге ресми сапармен шықты. Ал бұған БҰҰ, ЮНЕСКО, ЕҚЫҰ, ФИФА, МАГАТЭ секілді халықаралық ұйымдардың басшыларымен жүздесуін, басқа да саммиттер аясында өзге елдер басшыларымен кездесуін, сондай-ақ Шанхай ынтымақтастығы ұйымы саммитіндегі төрағалықты қабылдауын, Еуразиялық экономикалық одақ кеңесіне қатысуын қоссақ, сыртқы істер саласындағы атқарылып жатқан жемісті жұмысты көреміз. Қысқа мерзім ішінде Шығыспен, көршілес елдермен, мұсылман әлемімен, Батыспен, сондай-ақ ірі халықаралық ұйымдармен қарым-қатынасты нығайту бойынша маңызды қадамдар жасалды. Қорыта айтқанда, биыл еліміздің сыртқы саяси аренада жасалған негізгі бағыттарының бәрінде белсенділік байқалады. Бұл 2020 жылы қабылданған Қазақстан Республикасының Сыртқы саясат тұжырымдамасына толық сәйкес келеді.  

Жүрсінгүл ЖАҚЫП.