17 білім нысаны күрделі жөндеуден өтуде

30

Облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен кеңесте білім беру нысандарының құрылысы, күрделі жөндеу, қауіпсіздік мәселелері қаралды. Облыстық білім басқармасының басшысы Мейірхан Өмірбектің айтуынша, биыл 17 білім нысанының күрделі жөндеу жұмыстарына 4,4 миллиард теңге қаржы бөлінген. Бүгінгі күні бір мектеп-интернаттың күрделі жөндеу жұмысы аяқталып, 6 мектептің күрделі жөндеу жұмысы жалғасуда. Оны жаңа оқу жылында пайдалануға беру жоспарланған.

Сондай-ақ, басқарма басшысы баяндамасында оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмысы барысына да тоқталып, бүгінгі таңда 690 білім беру мекемесінің толық бейнебақылау камерасымен қамтылғанын айтты. Ал, облыс әкімдігі құрылыс басқармасының басшысы Данияр Әбдібеков өз баяндамасында биыл «Жайлы мектеп» жобасындағы нысандарды қоспағанда 18 білім ордасының құрылысы жүріп жатқандығын жеткізді. Оның ішінде, 10 жаңа мектеп, 8 жапсарлас құрылыс бар десек, 14 нысанды биыл пайдалануға беру көзделген.

Облыс әкімі Тараз қаласы және аудан әкімдерін кезек-кезек тұрғызып, кестеден кешігіп жатқан құрылыс нысандарының жай- жапсарын сұрады.

– Мектептердің құрылысын жоспарға сәйкес жаңа оқу жылына дейін аяқтау үшін бар күшті жұмсау қажет. Ол үшін жұмыс күшін арттыру маңызды. Дегенмен, сапаны қатаң бақылауда ұстау керек, – дей келе, Нұржан Нұржігітов оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша да барлық шаралар қабылдану қажеттігін ескертті.

Жиын барысында «Мектепке жол» акциясының жүзеге асуы, білім қызметкерлерінің Тамыз конференциясын өткізу бойынша дайындық мәселелері де талқыланды. Жиында күн тәртібіндегі екінші мәселеге сәйкес, көкөніс бағасын тұрақтандыру жайы да қаралды.

Аймақ басшысы өнімдерді алқап басынан дүкендерге делдалсыз жеткізу бойынша былтыр басталған жұмыстарды жалғастыруға қатысты нақты міндеттер жүктеді. Жиын- терін маусымы кезінде тұрғындарға бағаның қолжетімділігін барынша қамтамасыз ету керектігін баса айтты.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support