Әлеумет

Аудан ахуалымен танысты

Аудан ахуалымен танысты

Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов Қордай ауданына жұмыс сапарымен барып, Ауқатты ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің ашылуына қатысты.

Жаңа заманауи нысан «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында бой көтерген. Құрылысын мердігер «Тараз-Ісмер» ЖШС жүргізген кешеннің жобалық құны 351,7 миллион теңгені құрайды. Салтанатты шарада облыс әкімі Нұржан Нұржігітов ауылдықтарды қуанышымен құттықтап, өңір спортының жоғары мәртебесіне тоқталды. – Халқымыздың шынайы серігіне айналған спорт бүгінде үлкен мемлекеттік қолдауға ие. Қазіргі таңда облыста дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданушылар қатары 482,7 мыңнан астам адамға немесе облыс тұрғындарының 39,6 пайызына жетті. Өңірімізде спорт саласын дамыту үшін биыл жалпы 13,3 миллиард теңге қаралған. Жаңадан спорт кешендері бой көтеріп, ел игілігіне берілуде. Өңірде спортпен айналысамын деген әрбір азаматқа қолайлы жағдай жасалуда. Өткен жылы облыста 4 спорт нысаны мен 62 спорт алаңшасы қолданысқа берілсе, биыл 23 спорт нысаны мен 38 спорт алаңшасының құрылысы жүруде. Жыл соңына дейін 16 спорт нысанының құрылысы аяқталып, пайдалануға беріледі. Заманауи спорт кешендері бар шалғай ауылдардың да қатары артып келеді, – деді Нұржан Нұржігітов. Ауқатты ауылындағы еңбек ардагері Әділбай Семжанов ауқаттылықтардың атынан ризашылығын жеткізіп, лебізін білдірді. Мұнан соң қонақтар мен тұрғындар жаңа кешенді аралап, танысты. Кешенде спорттың 10-ға жуық түрімен айналысуға болады. Облыс әкімі мұнда жас футболшы, боксшы балалармен жүздесті. Футбол үйірмесінің жаттықтырушысы Ерлан Сұрымбаев, бокс үйірмесінің жетекшісі Жомарт Шолпанбаев шәкірттері төккен терден нәтиже шығарады деп сенеді. Біз бұл кешеннен Қордайдан шыққан кәсіпқой боксшы Асхат Жантұрсыновты кездестірдік. Облыс басшысы оның алдағы жарыстарына сәттілік тіледі. Айта кетейік, жалпы аудан бойынша бүгінде 351 спорттық нысан жұмыс істеуде.

***

Мұнан соң облыс әкімі Нұржан Нұржігітов Қарасу ауылындағы мәдениет үйінің қызметімен танысты.90 орындық нысан жақында ғана пайдалануға берілген. Заманауи жаңа ғимаратта бірқатар үйірмелер ашылып, тұрғындарға мәдени қызмет көрсетуде. Атап айтқанда, Бегімай Керімқұлова басқаратын бетті әрлеу, Ташкенбай Бекмұрзаев жетекшілік ететін домбыра үйірмелеріне жазылушылар көп. Жас домбырашылар облыс әкімінің алдында «Балбырауын» күйін тартып берді.

– Біздің мақсатымыз – балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, олардың бәсекеге қабілетті болып қалыптасуына жағдай жасау. Осындай ауылды жердегі мәдениет, спорт нысандарында түрлі үйірмелер ұйымдастырылып, олардың сапалы әрі тұрақты жұмыс істегені маңызды, – деді Нұржан Нұржігітов. Бұдан соң өңір басшысы Бәйтерек ауылындағы 150 орындық мектептің құрылысын көрді. Үш негізгі блоктан тұратын нысан құрылысын мердігер «ТемирСтройСервис» ЖШС жүргізуде. Жаңа мектеп жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Мердігер компания өкілі Әлібек Аманбайдың айтуынша, нысанды уақтылы тапсыруға мүмкіндік бар. Облыс әкімі жауаптыларға құрылыстың сапасын айрықша бақылауда ұстауды, мердігерге белгіленген мерзімінде аяқтау үшін жұмысшылар санын арттыруды тапсырды. Келесі кезекте Нұржан Нұржігітов жергілікті шаруалардың пияз алқабымен танысты. Бүгінде пияз жинау жұмысын бастап кеткен шаруалар әр гектардан 70 тоннаға дейін өнім алуда. Алқап басынан пияздың килограмы 40 теңгеден өткерілуде. Облыс басшысы іссапар соңында жауаптыларға бірқатар нақты тапсырмалар берді.

Есет ДОСАЛЫ.

Қордай ауданы.

 

Тыңайтқыш зауытының

екінші кезеңінің құрылысы басталды

  Талас ауданында «Тalas Investment Company» ЖШС зауытының екінші кезеңінің салтанатты түрде капсула салу рәсімі өтіп, өндіріс орнының құрылысы басталды. Іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек, Талас ауданының әкімі Нұрбол Жүнісбеков, «Talas Investment Company» ЖШС-нің негізгі акционері Серікжан Сейітжанов пен басқарушы директоры Бахтияр Алдашов және тағы басқалар қатысты. «Talas Investment Company» ЖШС кәсіпорны алтын өндіру өнеркәсібінде және басқа да бірқатар өндірістерде пайдаланылатын импорттық тауар саналатын химия өнеркәсібінің алғашқы кәсіпорны. Зауыт 2014 жылы іске қосылған. Қазіргі таңда кәсіпорын қалыпты режимде жұмыс істеуде. Алты айдың қорытындысы бойынша 5688 тонна цианид натрий және 2375 тонна сульфат аммоний өндірген. Зауыттың қуаттылығы жылына 15 мың тонна натрий цианидін өндіруге қауқарлы. Кәсіпорында 557 адам жұмыс істеуде. Компания Ресей Федерациясына және Орта Азия республикалары Моңғолия, Тәжікстан және Қырғыз мемлекеттеріне өндірілген өнімнің 30-40 пайызын экспорттауда. Елімізде осы өнімге сұраныстың артуына байланысты кәсіпорын зауыттың екінші кезеңінің құрылысын бастауда. Ол іске қосылғанда цианид натрийді 15 мың тоннадан 30 мың тоннаға жетеді деп жоспарлануда. Жалпы инвестиция көлемі 25,8 миллиард теңгені құрауда. Кәсіпорын өз жұмысын бастаса 300 адам жұмыспен қамтылмақ. Зауыт 2025 жылы пайдалануға беріледі деп күтілуде.

«Aq jol»-Aqparat.