Әлеумет

Пенитенциарлық мекемелерде бейнебақылау камералары орнатылған ба?

Пенитенциарлық мекемелерде бейнебақылау камералары орнатылған ба?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: Іс-қимыл кезеңі» атты халыққа арнаған Жолдауында заң үстемдігі орнықпаса және азаматтардың қауіпсіздігіне кепілдік берілмесе, әлеуметтік-экономикалық дамудың бірде-бір міндеті табысты жүзеге асырылмайтынын атап өтті. Президент осы Жолдаудың «Әділетті мемлекет азаматтардың мүддесін қорғау жолында» атты VIII бағытында: «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» – бұл, шын мәнісінде, «Әділетті мемлекет құру» тұжырымдамасы. Азаматтардың мәселелерін тыңдап, көріп қана қою жеткіліксіз. Ең бастысы – дұрыс және әділ шешім шығару қажет. Азаматтар мүддесіне қызмет ететін мемлекеттің жаңа стандарттарын әзірлеу үшін көп жұмыс атқаруымыз керек. Осы тұрғыда құқық қорғау және сот жүйелеріне негізгі рөл жүктеледі. Бұл салаға реформа аса қажет», – деді.

Сондай-ақ, Президент күштік құрылымдар жұмыстың озық əдістеріне көбірек ден қойған сайын олардың халықаралық тəжірибелерге бейімделу мүмкіндігі арта түсетініне тоқталып, еліміздегі бүгінгі ахуалға орай азаматтардың сұраныстарына ықылас танытуға тиіс құқық қорғау органдарының алдына жаңа талаптар қойылғанын жеткізді. Айта кетейік, бірер ай бұрын елордада Мемлекет басшысына «Қылмыстық-атқару жүйесіндегі үздіксіз бейнебақылау» жобасы таныстырылған болатын. Бұл – Президенттің түзеу мекемелеріне жəне полицияның қызметтік ғимараттарына жаппай бейнебақылау орнату жөніндегі тапсырмасының іс жүзінде жүзеге аса бастағанының нақты дәлелі. Жалпы, бүгінде еліміздегі 52 түзеу мекемесінде 22 042 бейнекамера орнатылса, жыл соңына дейін тағы 26 мекемеде 13 822 бейнекамера орнатылады деп жоспарлануда. Бұл – сотталғандар және қызметкерлер тарапынан жасалатын құқықбұзушылықтардың алдын алуға оң серпін бермек. Ресми мәліметке сүйенсек, жүйе іске қосылғалы бері республика көлемінде тіркелген құқықбұзушылықтар саны 40 пайызға артса, пенитенциарлық мекемелерден 3 рет қашу әрекетіне және өз-өзіне қол жұмсаудың 13 дерегіне тосқауыл қойылған. Өкінішке қарай, сотталғандар өздерінің заңсыз әрекеттерінің ізін жасыру үшін бейнебақылау камераларын істен шығарады. Мәселен, жазасын өтеушілер жыл басынан бері 300-ден аса бейнекамераны бүлдірген. Еске салсақ, Мемлекет басшысы бейнебақылау жүйесіне нұқсан келтіргені үшін қылмыстық жауапкершілік енгізуді тапсырған еді. Бүгінде бір ғана Тараз қаласында бес бірдей түзеу мекемесі бар. Халық саны төрт жүз мыңнан асып жығылатын көне шаһардағы пенитенциарлық мекемелерді бейнетаспамен қамтамасыз ету қай деңгейде? Түзеу мекемелерінде орнатылған бейнекамералар жабық мекеменің аумағына тыйым салынған заттардың өткізілуіне тосқауыл бола ала ма? Құқықбұзушылық пен қылмыстың алдын алу мақсатында орнатылған бейнебақылау камераларының көмегімен тәртіп сақшыларының жұмысының тиімділігі арта түсті ме? Жамбыл облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің режим және қадағалау бөлімінің бастығы, әділет подполковнигі Асхат Пірімқұловтың айтуынша, бейнетаспалар бірінші кезекте түзеу мекемелерінің аумағына тыйым салынған заттардың енуіне жол бермеу үшін өте қажет. Сондай-ақ, арнайы контингент өкілдерінің арасында өз-өзіне қол жұмсау фактілерін әрі жазасын өтеушілердің мекеменің мүлкіне зақым келтіру деректерін анықтауда оң нәтижесін береді. – Президент халыққа арнаған Жолдауында түзеу мекемелерін жаппай бейнебақылау жүйесімен жабдықтау қажеттігі жөнінде тапсырма бергені мәлім. Соған сәйкес, өңірлік қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты түзеу мекемелерінде өткен жылдың соңына дейін HIKVISION 2MP+ маркалы 1444 дана көпбейінді бейнебақылау камералары орнатылды. Бұл – жаппай бейнебақылау орнату жұмыстарының І және ІІ кезеңін қамтиды. Ал, биылғы жылдың соңына дейін жүзеге асатын ІІІ кезең барысында 257 дана бейнебақылау камерасын орнату жоспарлануда. Жалпы, бұл өзгерістер құқық қорғау органдары қызметкерлерінің жұмысын жеңілдетуде. Мәселен, биылғы жылдың 7 айында түзеу мекемелеріне тыйым салынған заттарды лақтырудың 22 дерегі тіркелді. Бұдан бөлек, сотталғандар арасында өз-өзіне қол жұмсау, бір-бірімен кикілжіңдер, мекеменің мүлкіне зақым келтіру бойынша бірнеше фактілер бейнебақылау камерасы арқылы анықталды, – деді Асхат Мұстапаұлы. Иә, Мемлекет басшысы бекіткен Бас құжаттағы барлық тапсырмалар мүлтіксіз орындалуы тиіс. Оның үстіне, қоғамдағы құқықбұзушылық пен қылмыстың алдын алу және оны болдырмау тәртіп сақшыларының басты міндеті. Сонда ғана Президент айтқандай, біздің қоғамда заңдылық пен әділеттілік сөзсіз қамтамасыз етілмек.

Есен ӨТЕУЛІ.