Денсаулық

«Шегінетін жерім жоқ, артымда тұр Жамбылым»

«Шегінетін жерім жоқ, артымда тұр Жамбылым»

Сәуір айында Әулиеата жерінде жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың құрметіне «Жамбыл – менің жай атым, халық – менің шын атым» атты республикалық ақындар айтысы өткен болатын. Жыр додасында сайысқа түскен ақындар айтысының газеттік нұсқасын жасап, алдағы уақыттарда да оқырман назарына ұсынатын боламыз.

  Жамбылдық Қанат Мырзахан мен қызылордалық Нұрмат Мансұровтың айтысы:   Қанат: Ағайын «шап» десеңдер шабайын да, Қиқулап, қолдап отсаң маңайымда. Жиендердің айтысын көрдіңіздер, Оған да назарымды салайын ба? Мен болсам Жабаевтың жиені едім, Жиендік жасап кету бар ойымда. «Жамбылға жиен» деген атым бар ғой, Рүстемнің жиенінен қалайын ба? Нұрматқа сәлден кейін кірісермін, Сіздермен сәлемдесіп алайын да. Армысың аталар мен апаларым, Күмістей ақ шашы бар самайында. Бармысың арқа сүйер ағаларым, Тірлігі үлгі болған талай ұлға. Аман ба әпке, жеңге, қарындастар, Жүретін иман, иба, ар ойында. Жыр алыбы Жамбылдың бұл айтысы, Өтуде Рамазанның дәл айында. Ассалаумағалейкум көрерменге, Жиылған Баласағұн сарайында. Айтыс десе ішкен асын жерге қойып, Ораза ұстап келген ағайынға. Жұртымның айтып зар мұңын, Жырымның төгіп жаңбырын. Туған жерімнің толғайын, Гүлденіп тұрған бау гүлін, Түрленіп тұрған тау қырын. Тарихы жатқан тереңде, Екі мың жылдық көлемде. Тараздан бастау алмап па еді, Өркениетпен бар ғылым. Керей менен Жәнібек, Қазығын қағып Шуымда, Қазақтың құрған хандығын. Жазатам баққан қойын мың, Мерейлі мекен Мойынқұм. Мойындатқан әлемді, Ақбақай алтын сандығым. Құт дарыған Қордайым, Кемеңгерлер мен Кенендер, Қалдырған асқақ ән жырын. Абценттей шыққан пырағың, Луговой менен Құланым. Адамың түгіл бақытты, Төрт түлік аң құс, жәндігің. Байзақтан шыққан батыр ел, Кеудесін оққа төсеген. Байзақтың батыр жалғасы, Байтасовтайсың әрбірің. Ал Меркі жердің көркі еді, Секілді болар ертегі, Меркіде өткен әр күнің. Ұлдары қандай Асаның, Тұлпардың мініп асауын. Көкпардың құрған жасағын. Кірлетпеген қыздары, Айша бибінің жаулығын. Тудырған өлке Сарысу, Саңлақтардың барлығын. «Жайлау көл» кеші дейтұғын, Қазақта білмес әнді кім? Таластың елі қырағы, Би шешендердің тұрағы. Бір-ақ ауыз сөзбен ақ, Талайдың шешкен тағдырын. Жерұйығым Жуалы, Жері-суы дуалы. Жуалыға барсаңыз, Батырлар менен көресіз, Генералдардың даңғылын. Он саусақ сынды он аудан, Жұдырық болып кетеді, Жұмсаңыз бірге барлығын. Топырағыңнан жаралған, Атырабыңнан нәр алған, Мен едім сенің заңды ұлың. Артымызда Москва, Шегінерге жол жоқ деп, Бауыржан атам секілді, Барымды салам дәл бүгін. Ел дайын болса, мен дайын, Намысыңды қорғайын. Шегінетін жерім жоқ, Артымда тұр Жамбылым! Ақкөңілі баладай бала десең, Аңғалдығы даладай дала десең. Асалаумағалейкум Нұрмат аға, Келдің бе ат көлігің аман-есен. Тістесіп айтысушы ем қарсыласпен, Болса да ділмар шешен, дана көсем. Осы жолы ұстадым өз-өзімді, Қанаттан қауіптен бе әй, аға, сен. Рамазан деп аузымды тыйып тұрмын, Әйтпесе, сен мен үшін даяр ас ең. Оразада жолығып жолың болды, Айт күні айтысқанда аямас ем. Қазақта рас ән мен би көптігі, Ағайын ұрпағыңа үйрет мұны. Мадина Ералиевадай әнші болған, Кеткелі ғасыр болды ширек міні. Ол кісі ән салатын концерттерде, Қымбаттау болған екен билет құны. Себебі өзі нәзік, дауысы нәзік, Эстраданың еді ғой жидек гүлі. Нұрматқа бекер былай айтқан жоқпын, Әзілмен кетпекшімін түйреп мұны. Сол Мадина апамның сарайына, Директор ғып әкепті сүйреп мұны. Ешқандай нәзіктікке қатысы жоқ, Жүрісі қаз, ағамның үйрек түрі. Ән салдырсаң әтештен оза алмайды, Қонжықтай қатырмайды билеп түбі. Ал енді сөз берейін не дейді екен, Бастықтың қорбаңдаған сирек түрі. Мадина Ералиева атындағы, Мәдениет үйінің директоры. Нұрмат: Тең тұтқан Хан, қараны, құл, қожаны, Жайылды жәрмеңкедей жыр базары. Дүбірлеп Жамбылымда дәстүрлі айтыс, Жасының кәрінің де ырза жаны. Ассалаумағалейкум тараздық ел, Сіздерге сәлем айтты Сыр қазағы. Рахманның нұры жауған Рамазанда, Басқосудың болды бұл бір ғажабы. Ірілігі байқалған көзге кілең, Айы құлап көрмеген сөз көгінен. Жайсаң халық тұрады Жамбылымда, Ғұрпын басқан ақылдың безбенімен. Оразаң қабыл болсын, ұстаған жан, Төгілген көркем сәуле көздерінен. Әулиеатаның ақ пейіл адал жұрты, Аллам шашқан шашудай өз қолымен. Көзінде тұрса деп ем, күлімдеп күн, Інімнен ондай ізет білінбед(і) дым. Қанатым апыл-ғұпыл жете салып, Жаныма келіп тұр ма, зығырды еккің. Нұрматты жасқап сөйлеп көрерменді, Дуылдатқың келеді, дүбірлеткің. «Ән салдырсаң әтештен озбайды» деп, Таққан сынын қарашы жүгермектің. Әншілер сайысына қатыспаймын, Жанымды жей бермеші дігірлеп тым. Жамбыл жәкем жолымен бақыттымын, Айта алсам, ақын болып мұңын көптің. Жаңа Әужекең атамызды атағанда, Сен кешігіп жатқанда мен кідірмеппін. Қорбаңдаған қонжықтай директор деп, Жанымнан келеді ме жүгіріп өткің. Өзің айтшы, қайсымыз жинақымыз, Сосын мына естірміз үнін көптің. Мен осы қорбаңдаған қалпыммен ақ, Шақырған жерге сенен бұрын жеттім. Рамазан адам жанын қинау емес, Жаратқан игіліктен тыймақ емес. «Оразада жолығып жаның қалды» деп, Бауырым бұлтақтамай, тураға көш. Айт күні аямас ем деп отырсың, Жаныңа жалаң ойды жинама бос. «Жей салар, даяр ас ең» деп отырсың, Бұл ағаң сары ауызға сыйған емес. Үлкен сыйлау – әдептің үлкені еді, Әдепке бұйырмаған иман емес. Бұл ініміз әдептен ақсап тұр ғой, Әйтпесе мәселесі мидан емес. Бауырынан тайсақтап не көрінді, Ақыл есті жігіт қой, милау емес. Африка тайпасында туған жоқпыз, Қанатжан, өз-өзіңді қинама бос. Мұсылманның күтетін қуанышы ол, Айт деген адам жейтін мейрам емес. Айтысым асу-асу белді асыпты, Қаншама кедір-бұдыр жол басыпты. Бұйдасын Жамбыл жәкем өзі ұстаған, Жыр керуені бүгінге жалғасыпты. Тараздық таңдаулы ақын Қанат інім, Өнерден тауып жүрген бар нәсіпті. Мейманыңды күттіріп ел алдында, Әлпетіңнен байқадым рең қашыпты. Өз еліңде кешігіп не көрінді, Шабытыңды демейін шаң басыпты. Қатарынан беріліп бас бәйгелер, Айтыс сайын атағы алға шықты. Бұрынғы елпілдеген Қанатым жоқ, Қимылына сәл паңдық араласыпты. Көктемнің ортасында жолықсақ та, Қабығын ерімейтін қар басыпты. Екі көзін шел басып кетпесе де, Жұлдыз ауру саған да жармасыпты. Тұсауын жаңа кескен бала құсап, Талтаңдап сахнаға зорға шықты. Қанат: Өлең жыр жастайынан досы болған, Айтысу бұл Қанаттың хошы болған. Кешігіп келгенімді бетке басып, Сөйлейсіз секілденіп өші бар жан. Кешіктім сырттан келген ақындарды, Күтіп ап жүрген кезде есік алдан. Кешігіп жүрген жалғыз мен бе екенмін. Сынаған Нұрекеңнің несін алған. Негізі осы айтыстың өтетұғын, Уақыты да ақпанның басы болған. Бірақ айтыс сәуірде өтіп жатыр, Кешігіп бір екі айлық тасымалдан. Жамбылға да атақ-даңқ кеш қоныпты, Ол кезде оның тоқсанға жасы барған. Жетпіс жылдай кешігіп басқа қонды, Тәуелсіздік дейтұғын асыл арман. Қолымды мезгілінен кеш сермедім, Деп Абай да жас күнін есіне алған. Кешігіп келгенімді кеш көрермен, Көсіліп көп сөйлесем, кешір Аллам. Кешікпей елден бұрын келетіндей, Әулие емес шығармын осылардан. Айтыстың түскенде қансонарына, Ініңнің шыдамадың боранына. Ағаны сыйламаған әдепсіз деп, Айтқаныңыз әдепсіз деп, Айтқаныңыз ақылға қонады ма? Айтыс шарты ерегес әуел бастан, Сондықтан сай болайық талабына. Жамбыл менен Құлмамбет айтысқанда, Бір-бірін аға-іні деп қарады ма? Айт күні айтысқанда аямас ем, Деп әзіл айтып едім жоғарыда. Айт мейрам адам жейтін күн емес деп, Нұрекең пәтуаны соғады ма? Сонда не Айт күнінен басқа кезде, Адамды жей беруге болады ма? Айт күні адам жеуге болмайды деген, Ризамын Нұрматтай қонағыма. Айтқаның жақсы бопты әйтпегенде, Бір адамның қалар ма ем обалына. Пейілі шектелмейтін шекарамен, Жамбылым жерұйығым, Жер-Анам ең. Батырлық пен батылдық деген кезде, Ер Баукең түседі еске Шерағамен. Генарал Ертаевты көрген кезде, Дұшпандар дабыл қақан серенамен. Олимптың биік шыңын бағындырған, Мақтанам Жақсылықтай мен ағамен. Ермахан мен Бақтияр тұрған кезде, Таңғалмаймын Албарес пен Генаға мен. Балуан Елдос, Бейбіт жеңімпаздар, Жеңіліс деген сөзге кереғар ең. Таразда туғандардың бәрі мықты, Шеттеріңнен батыр ең генерал ең. Бұл елдің ең осалы мен боп тұрмын, Менің өзім талайды жеңе алар ем. Айттым ғой жолы болғыш жан екенсің, Әйтпесе мәңгі ұйқыда демалар ең. Меніменен айтысып жаның қалды, Басқамызбен айтыссаң не болар ең? Біз жақта Мыңбұлақтай бұлақ шықты, Құнары сіміргендей шұбат сүтті. Адам түгіл атынан ат үркетін, Абценттей аты шулы пырақ шықты. Тіпті біздің Жигули Дайрабаев, Жерлесіміз талайға ұнап шықты. Президентке таласып бір сайлауда, Жілікті шағып, майын бір-ақ сықты. «Мерседеспен» жарысқан «Жигули» деп, Көргендердің барлығы сынап шықты. Әй, бірақ Тоқаевтан озу қайда, Президенттік сайлауда құлап шықты. Онан соң Парламентке үміткер боп, Тағы жаңа бағдарлама құрап шықты. «Ауыл» деген партиядан депутат боп, Әйтеуір бақ сынаққа шыдап шықты. «Дарылдаған Жигули» деп күлгендердің, Аузын жауып, құлағын бұрап шықты. Әй, біздің «Жигули» де жүйрік екен, Шапқанда артынан шаң бір-ақ шықты. Парылдап «Ауыл» жақтан кетіп еді, Парламенттің төрінен бір-ақ шықты. Бекерге алғам жоқ ол ағамды ойға, Жасайын сол арқылы саған да айла. Қайбір жылы «Алтын домбыра» айтысында, Қарсыласың Тоқтамыс Сараң қайда? Өзіңді «Московичке» теңеп еді, Қақалып жүретұғын жанармайға. Елдің жүгін көтерген «Московичпін», Деп сонда шығарып ең бағаңды айға. Содан бері «Москович» боп лақап атың, Сыланбай да жүрсіз ғой, таранбай да. Уа, Нәке, Жигулиден қай жерің кем, Шаң қаптырып озды ғой анандайға. Мұхтар досың облысқа депутат боп, Шіреніп отыр қазір «головной» да. Құрдасыңнан бір елі қалмаушы ең ғой, Серік болған адамдай Қабанбайға. Сайлауға неге бірге түспей қалдың, Қалыптасқан сертің мен санаң қайда? Дайрабаевқа дауысын берген халық, Сіз үшін бюллетень сала алмай ма? «Жигули» Мәжіліске барған кезде, «Москович» мәслихатқа бара алмай ма? Нұрмат: Көліктің көнесіне баласаң да, Ескінің сарқыншағы санасаң да. Бағыты, бағдары айқын бір қазақпын, Мейлі қандай өлшеммен қарасаң да. Мәслихатқа кірем деп Мұхтардайын, Бала күнгі досыммен таласам ба? Мандатты болу маған міндетті емес, Жеткілікті атқарар қара шаруа. Депутаттар құрамы осал емес, Әрине, беріледі бағасы алда. Халыққа қызметімнен тартынбаймын, Мен де мандат жоқ ед деп, санамас па? «Москович» деп отырсың, сен мазақ қып, Көзіме көрінбейді оғаш ол да. Көк түтін былай тұрсын арланбаймын, Көміліп жүрсе дағы ала шаңға. Алаштың жүгін артар арманым жоқ, Ат арбасы болуға жарасам да. Жамбылдың жалы менен жаясын да, Жатып жеген ұлсың ғой саясында. Жигулидей ағаңды қылжақтадың, Момын көрсең төбесін оясың ба? Ауылдың азаматы, өз көкең ғой, Ауылды айырбастайсың қай асылға. Болар елдің балалары бір жүретін, Айтыс деп тура жолдан таясың ба? Мені де «Москович» деп қосақтадың, Армансыз тиіп тұрсың әй, ашуға. «Обалың жоқ екен» деп тағы айтасың, Әй бала қоймайсың ба, қоясың ба? Бірақ мен бұл Қанатқа ренжімеймін, Ақтарды елдің қойнын да, қоясын да. Өзінің «Жигулиін» аямаған, Біреудің «Московичін» аясын ба? Кестелі өлең айтсаң есте қалар, Жөнім қайсы, бауырды масқаралар. Кешіккеннің себебін түсіндірдің, Жайым қайсы, сөз ұқпай бос қаралар. Эстраданың айттың ғой ессіздігін, Екі көзді еріксіз жасқа малар. Олар да осы қазақтың балалары, Соңынан соқпақ жолын тапса болар. Қанатжан қай кезден де тілекшіңмін, Баянды бола берсін бастамалар. Уақыттан сәл кешіксең, ештеңе етпес, Уақытың кешікпесін басқа қонар. Інімнің тұғырлы екен көп ойлары, Халықты риза қылды маңайдағы. Жамбылдың атақ-бағы кешіккен деп, Айтқаныңмен келіспеймін алай дағы. Тоқсанға дейін, Жамбыл, жалшы ма еді, Уәжіңнің кіреді енді қалай дәмі?! Қырғыз-Қазақ қадірлеп алақанда, Тік тұрып, қадірледі бар аймағы. Жәкеңнің жолын тосып ақын кірсе, Ауылға құт кіреді деп ойлады. Келінімнің берсе деп, бетін ашып, Тек ғана қуанышын қолайлады. Сенің айтып тұрғаның Сталиндік, Сый сиапат, жарқ-жұрқ сарай маңы. Ел қадірінен артық атақ бар ма, Жастардың жетіспей тұр соны ойлауы. Ер Жәкең ел мен жұртқа айна болған, Торы ат мініп, тон киіп тойға барған. Ғаламат ғұмыр кешіп, ғасыр жасап, Көрді ғой небір қызық, сайран алуан. «Жамбылдың жасын бер» деп біздің қазақ, Тілек айтса, төгілген ойдағы арман. Ақындардың ішінде жалғыз Жамбыл, Қолына жығылмайтын байрақ алған. Айтыстың атасына ғана емес, Халықтың батасына айнала алған. Шабытқа тілдің майын тамызып, ә, Тұлғалардың тоқталдың нағызына. Батырларын айттың ғой осы аймақтың, Шынында шырын балын ағызып, ә. Бүгінгі алыптарды мен де айтайын, Сөзіңнің маңыз қосып, маңызына. Әкім Тарази көкем көзі тірі, Айналған әдебиеттің абызына. Асанәлі Әшімнің өмір жолы, Бергісіз әпсана мен аңызыңа. Күләш ақын, Маралтай келе жатыр, Поэзияның адал боп парызына. Бибісара секілді шахматшы қыз, Әлемнің аты ілінді ауызына. Жастардың идеалы Нұрлан имам, Миллиондарды ұйытқан уағызына. Үкіметтің басшысы Смайылов, Халықтың құлақ асып арсызына. Қаржыгерлік қабілетін танытуда, Қарыз қоспай мемлекет қарызына. Жүрер жолын кететін даңғыл қып бар, Осылардың қайсысында солғындық бар. Шорабек, Ахметжандар айтысқанда, Сөзінің соңын түйіп, алдын нықтар. «Асыл домбыра» әкелген осы өлкеге, Қанаттардың бойында алғырлық бар. «Әулиеата» көкпаршылар команданың, Биіктен сайлап қойған орнын жұрттар. Қазақтың қай бұрышын қарасаң да, Бұл сөзді шын мойындап, әркім құптар. Таразыны басып тұрсын тараздықтар, Жарқылдап алда жүрсін жамбылдықтар. Ірілердің қашанда ісі алымды, Өткеннен келтіре алсам мысалымды. Қос алып Жақаев пен Қуанышбаев, Ұлыларда болмайды ұсақ үлгі. Екі ердің достығы аңыз болып, Дұшпандардың көре алмас іші ауырды. Қатарласып ғұмырын кеше білді, Қанаттасып биікке ұша білді. Солардың ғибратын қайталасақ, Екеуміз жасар едік іс орынды. Достық деген даңғыл жол іспетті ғой, Қосатын үлкен ауыл, кіші ауылды. Сен де маған қайрама қанжарыңды, Мен саған көрсетпейін пышағымды. Қанаттай бауырымды құрметтеуге, Жұмсайын бойымдағы күш әлімді. Ыбырайдың ізімен мен кеп тұрмын, Жазылбектей жая алсаң құшағыңды. Қанат: Нұреке құламасын тасың өрден, Әрқашан биік болсын бәсің елден. Ыбырайдың жолымен келіп тұрсыз, Кәрі құлақ қариядай жасы келген. «Құшақ жай» деп отырсыз бұл Қанатқа, Үлгі алып Жазылбектей асыл ерден. Қол алып, құшақтасып Нұрмат аға, Қайтайын дедіңіз ау осы жерден. Сізге дәйім құшағым ашық менің, Қайда барам қонақжай асып елден. Сіз менің бауырымсыз, қандасымсыз, Жанымдай жақсы көрем расымен мен. Байтасов Ғазиздердің інісімін, Кең құшағын дос түгіл қасы көрген. Дұшпанын да қысып ап құшағына, Бомбаны бауырына басып өлген.  

Айтысты жазып алып, әзірлеген Есет ДОСАЛЫ.