Әлеумет

Тараздың тазалығына шағым көп

Тараздың тазалығына шағым көп

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, облыс әкімі Нұржан Нұржігітов Тараз қаласының №8 аумақтық округі тұрғындарымен кездесті. Аталған округке қаланың бес шағынауданы кіреді. Мұнда 207 көпқабатты тұрғын үй бар, онда 30500 халық тұрады. Кездесуде Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков баяндама жасады.

Қала тұрғындарымен кездесу барысында көшелерді түнгі жарықтандыру, жолдарды жөндеу және тағы басқа да мәселелер зерделеніп, тиісті шаралар қабылданғанын айтқан қала әкімі 2023-2025 жылдарға арналған үш жылдық даму жоспары әзірленгенін жеткізді. – Жоспарлаудың басымдықтарына сәйкес, мектептер, балабақшалар, денсаулық сақтау нысандары салынып, қоғамдық көліктер көп қатынайтын көшелер жөнделіп, көше жарығы жүргізілетін болады. Биыл республикалық және облыстық бюджет есебінен 481,2 миллион теңгеге Шостакович көшесін (ұзындығы 2,8 километр, ені 10-12 метр) және 386,9 миллион теңгеге Саңырық батыр көшесін (ұзындығы 2,83 километр, ені 12-14 метр) қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, «Самал» және «Мыңбұлақ» шағынаудандарындағы мектеп пен балабақшаларға баратын жаяу жүргінші жолдары жөндеуден өткізіліп, биыл қазан айының аяғына дейін аяқтау жоспарлануда. Қалада орналасқан шағынаудандардағы көпқабатты үйлердің аулалары мен кіреберістерін ағымдағы жөндеу жұмыстарына биыл 200 миллион теңге бөлінді. Қазір мердігермен келісімшарт жасалып, жұмыстар осы айда басталмақ. Тозығы жеткен «Мыңбұлақ», «Самал», «Алатау» және «Жансая» шағынаудандарындағы ішкікварталдық жылу желілерін қайта жаңғыртудан өткізу мақсатында жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуге және ведомстводан тыс сараптамадан өткізуге мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде «Бақыт таңы» және «Құрылыс инвест жоба» серіктестіктері жеңімпаз болып анықталып, келісімшарт құны 165,1 миллион теңгені құрады. Бүгінгі таңда бастапқы деректері жинақталып, жобалық сметасын әзірлеу жұмыстары басталды, – деген Бақытжан Әмірбекұлы қазір қалада 7 мектеп, 1 бөбекжай-бақшада күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты. Шаһар басшысының айтуынша, бүгінде «Ақбұлақ», «Салтанат», «Қарасу», «Талас», «Самал», «Алатау» және «Мыңбұлақ» шағынаудандарында арық желілері қалпына келтірілуде. Оның ішінде №8 округтегі «Салтанат», «Талас», «Самал», «Мыңбұлақ» шағын аудандарындағы арық жүйелерін «Жасыл ел Тараз» серіктестігі келісімшарт арқылы қалпына келтіруде. Жоспар бойынша бұл жұмыстар жыл соңына дейін аяқталады. Биыл «Самал» шағынауданында №12-14 үй, «Салтанат» ауданында №10 үй, «Талас» ауданында №18, 19, 20 үйлердің аулалары абаттандырылады. Тұрғындар тарапынан жиі айтылатын тағы бір мәселе – иесіз ит, мысықтардан келетін қауіп. Кездесуде қалалық ветеринариялық стансасы жыл басынан бері 9469 қаңғыбас ит-мысық аулағаны айтылды. «Jambyl-109» диспетчерлік қызметі арқылы қала тұрғындарынан қаңғыбас ит-мысықтарға қатысты 3130 өтініш түсіп, бүгінгі күнде оның 2914-і орындалған. Қаңғыбас ит-мысықтарды аулау жұмыстары бойынша 2 бригада күндізгі және түнгі ауысыммен жұмыс атқаруда. Ең көп шағым қаланың тазалығына байланысты түседі. Бұл жолғы кездесуде де дәл солай болды. Қала әкімі Бақытжан Орынбеков биыл қала әкімдігінің бас инспекторларымен, учаскелік полиция инспекторларымен бірлесіп құрылыс қалдықтарын тазарту жұмыстары жүргізілгенін, тек шілде айында 583 ескерту беріліп, 25 айыппұл салынғанын айтты. Дегенмен, кейбір тұрғындар құрылыс қалдықтарын уақтылы шығармай, немқұрайлық танытатынын да жасырмады. Қалада 328 тұрмыстық қатты қалдықтарды тастауға арналған алаңшалар бар, олар 1540 жәшікпен қамтылған. Биыл жергілікті бюджет есебінен 56 миллион теңгеге 520 данасы сатып алынған, қосымша тағы 600-ін алуға бюджеттік өтінім берілген, оларды жыл соңына дейін орнату жоспарланған. Жүзеге асқан жұмыстар бар болғанымен, әлі де шешімін күткен мәселелер жетерлік екенін айтқан Бақытжан Әмірбекұлы «Талас» шағынауданындағы №25, 26, 28, 29 көпқабатты тұрғын үйлерге барар жолды кеңейтіп, автокөлік тұрағын және жаяу жүргіншілер жолын салу керектігін еске салды. Бұған байланысты шағын аудандардың ішкі жолдарын ағымдағы жөндеуге мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізіліп, мердігер анықталған. Ал, жаяу жүргінші жолын салу 2024 жылдың жоспарына енгізілген. Тараздықтар жиі қозғайтын мәселенің бірі – С.Сейфуллин, Д.Шостакович, Т.Рысқұлов, әл-Фараби көшелерінің бойында орналасқан орындықтарды және қоқыс тастайтын жәшіктерді қалпына келтіру. «Жасыл ел Тараз» серіктестігі тиісті шешімдерді қабылдап, алдағы қазан айының соңына дейін орындықтар мен қоқыс жәшіктерін қалпына келтірмекші. «Қарасу-2» каналының бойында орналасқан 3 контейнер алаңының айналасындағы бұзылған бордюрлерді қалпына келтіру және араларын асфальттау, абаттандыру, механикалық тазалау да көптен бері шешімін күткен проблемалардың қатарында. Мұны да «Жасыл ел Тараз» серіктестігі қазан айының соңына дейін атқаратын болады. Сонымен қатар, «Жайлау», «Салтанат», «Талас», «Самал», «Мыңбұлақ» шағынаудандарында орналасқан қоқыс жәшіктерін қалпына келтіру және асфальттау, бақылау камерасын орнату мәселесі де жиі көтерілетін сұрақтар. «Жасыл ел Тараз» мекемесі тиісті жұмыстарды жүргізеді, бірақ әр шағын ауданға бақылау қондырғысын орнатуға қаржы қарастырылмаған. «Бұдан бөлек, Б.Момышұлы – Шостакович, С.Сейфуллин – әл-Фараби және С.Сейфуллин – Б.Момышұлы көшелерінің қиылыстарындағы су өткелдерін ауыстыру мәселесі де өз шешімін табады», деді қала әкімі. Нақты айтқанда, бұл көшелердің қиылысындағы су өткелдерін ауыстыру жұмыстары алдағы қараша айына дейін жүзеге аспақ. Кездесуге келген тұрғындар негізінен тазалықтың төмендігін, қаңғыбас иттердің көптігі мәселесін көтерді. Сонымен қатар, ауған-тәжік соғысының ардагерлеріне ескерткіш орнатылса, «Салтанат» шағынауданындағы 22-үйдің ауласында балалар ойын алаңының жоқтығы, кейбір көпқабатты үйлердің жертөлесін таракан басып, дәрілеуге пәтерді жалдап отырған тіркелмеген тұрғындар ақша қоспайтыны, кей аудандарда суық су деңгейінің төмендігі, «Мыңбұлақ» шағынауданында халық демалатын сквердің жоқтығы қозғалды. – Қала – бәрімізге ортақ, оның тазалығын сақтау да бірдей міндетіміз. Мәдениеттің төмендігінен қоқысты арнайы жәшікке салмай, сыртына лақтырып кететіндіктен, бүгін тазаланған жер ертеңіне-ақ шашылып жатады. Балаларды кез келген нәрсені өз орнына тастап, қоғамдық орындарды бүлдірмей жүруге тәрбиелеу керек. Ал, ойын алаңшасы, сквер салу секілді жұмыстар өз кезегімен жоспарға сай жүзеге асырылады. Қаланы дамыту жоспары әкімдіктің сайтында жарияланған, сол жерден оқып, таныссаңыздар болады. Әр үйді зиянкестерден залалсыздандыру тұрғындардың міндеті, дегенмен әкімшілік те өз тарапынан заң аясында атқаратын жұмыстарын жүргізеді. Тәжік-ауған соғысы ардагерлеріне ескерткіш салуға келсек, оның да заң аясында қаралатын өз тәртібі бар. Бүгінгі тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелердің бәрі де зерделеніп, тиісінше жұмыстар жүргізіледі, – деді жиналғандардың талап-тілегін мұқият тыңдаған облыс әкімі Нұржан Нұржігітов. Бірқатар мәселелерге қатысты жауапты мамандарға сол жерде тапсырмалар берілді.  

Қамар ҚАРАСАЕВА.