Әлеумет

Көп жыл көтерілген мәселе шешімін табуда

Көп жыл көтерілген мәселе шешімін табуда

Экологияны жақсарту үшін қажетті шараның бірі – жасыл желекті көбейту. Бұл үшін орман шаруашылығының жайы жақсы болуы керек. Бірақ елімізде кейінгі жылдары орман өрті жиілеп кетті. Өткен жылғы Шығыс Қазақстан мен Қостанай өңірлеріндегі өртті ел ұмыта қойған жоқ. 2-7 қыркүйек аралығында 43 мың гектар орман өртеніп, аймақта төтенше жағдай режимі жарияланды. Сол кезде Қостанай облысына Президент Қасым-Жомарт Тоқаев барып, апаттан зардап шеккен адамдармен кездесіп, Арманқарағай орманының өртену себебін анықтауға уәде берген болатын. Былтыр жалпы орман қорында 801 рет от тұтанып, 103 мың гектар алқап жанып кетті. Екі орманды алқап күлге айналған. Келтірілген шығын 18 миллиард теңге болды. Орман алқабы аз елде мұндай көрсеткіштердің болуы – үлкен мәселе.

Биыл маусымда Абай облысында орманды алқап өртке оранды. Тілсіз жау шарпыған аймақ 60 мың гектардан асып, өңірде төтенше жағдай жарияланды. Жағдайдың ушығып, өрттің белең алуына байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев шұғыл кеңес өткізіп, апаттан зардап шеккен азаматтарға көмек көрсету шараларын қабылдау үшін Абай облысына барды. Сапар барысында Президент орман алқаптарындағы өрт сөндіру жұмыстарымен танысып, шұғыл әрекет ету штабының отырысын өткізді және өрт кезінде қаза тапқан орман шаруашылығы қызметкерлерінің туыстарымен кездесті. Қаза тапқан азаматтардың жақындары Президентке резерваттағы материалдық-техникалық база сын көтермейтінін, орманшылардың еңбекақысы аздығын, ал қызметкерлерді әлеуметтік қорғау шаралары нашар екенін жеткізді. «...Құқық қорғау органдары мен министрліктер тарапынан болсын, барлық сала бойынша тиісті шаралар қабылданады. Қазір кеңес өткіземін. Бұл жағдайдан міндетті түрде тиісті қорытынды шығарамыз», – деп, Үкімет пен басқа да тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар берген болатын. Мемлекет басшысы Бас прокуратура осы қайғылы жағдай бойынша тергеу амалдарын жүргізіп, кінәлі адамдар жауапқа тартылатынын айтты. Президент тапсырмасына сәйкес Үкіметтің қабылдаған қаулысы бойынша барлық жергілікті билік өкілдеріне өңірлердегі орман шаруашылығына қатысты мәселелерді жіті қадағалап, қажетіне қарай тиісті жағдайлар жасау міндеті жүктелді. Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің «2023 жылы мемлекеттік орман қоры жерлерінде өрт қауіпі бар маусымды белгілеу туралы» бұйрығына сәйкес, облыстың өрт қауіпі бар маусымы 20 наурыздан бастап белгіленген болатын. Осыған байланысты орман қорындағы орманшылықтарда 34 өрт бақылау мұнарасы жұмыс жағдайына келтіріліп, өрт қауіпті аумақтардағы 61 бекетте тәулік бойына кезекшіліктер құрылған және күніне екі рет орман қорындағы жағдайлар бойынша басқармаға рациялық байланыс құралдары арқылы есеп берілуде. Облыстың орман қорын өрт қауіпті маусым бойы (20 наурыздан 1 қарашаға дейін) Мойынқұм ауданында орналасқан «Қазавиаорманкүзеті» мекемесінің 1 ұшағы мен 1 тікұшағы арқылы әуеден бақылау-мониторинг жұмыстары жүргізілуде. – Өңірде облыс әкімінің 2023 жылғы 1 ақпандағы «2023 жылдың өрт қауіпті маусымында Жамбыл облысы аумағында өрттердің алдын алу және сөндіру жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекіту туралы» қаулысына сәйкес бекітілген жоспарға сай жұмыстар атқарылуда. Облыс аумағында төтенше жағдайлар департаменті, орман шаруашылығы мен жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы және аудандық әкімдіктермен бірлесіп, дала және орман өрттерінің алдын алуға, мемлекеттік орман қоры жерлеріне табиғи өрттердің таралуына тосқауыл қою мақсатында 24-28 сәуір аралығында өрт сөндіру оқу-тәжірибелік жаттығулары өткізілді. Сонымен қатар, 22 маусымда Қырғыз Республикасымен трансшекаралық аумақта орман және дала өрттерін сөндіру бойынша да оқу-жаттығу жиыны өткізілді. Сондай-ақ, 14 шілдеде Сарысу ауданында Жамбыл және Түркістан облыстары бірлескен облысаралық өртке қарсы оқу-жаттығу ұйымдастырылды. Аталған маңызды шараға екі облыстың төтенше жағдайлар бөлімшелері, жедел жәрдем мобильді көліктері, орман шаруашылығы мекемелері және ауылдық округтердің мамандары қатысты. Орман қорында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету және өрттің алдын алу жөніндегі профилактикалық іс-шара жоспары бойынша 11154,5 километр өртке қарсы минералды жолақтарға күтім жасау жұмыстары жүргізілді. Орман қорын күзету және патрульдеу үшін өртке қарсы техниканы ұстауға қажетті жанар-жағармай толығымен қамтамасыз етілді, яғни өрт сөндіру резерві 31 мың литр бензин, 15 мың литр дизельді құрайды, – дейді облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау бөлімінің басшысы Әділ Жақыпов. Қай салада болмасын, жұмыстың жүйелі жүруі ең әуелі мекеменің материалдық-техникалық базасының жақсы жабдықталуымен тікелей байланысты екені белгілі. Әділ Қожабекұлының айтуынша, биыл облыста 9 «МТЗ-920» тракторын, 7 автокөлік, 10 өрт сөндіру мотопомпасы, 4 дискілі тырма, 40 дана мобилді, қолға ұстап жүретін рация алу үшін 280 миллион теңге қаржы қарастырылып, тиісті техникалар мен агрегаттар алу жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі уақытта орман шаруашылығы мекемелерінің қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуі 78 пайызды құрап отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Абай облысындағы орман өртін жою туралы 2023 жылғы 11 маусымдағы хаттамалық тапсырмасында Үкіметке облыс әкімдерімен бірлесіп, жергілікті атқарушы органдардың табиғат қорғау бөлімшелерінің материалдық-техникалық базасын тиесілі нормаларына дейін жеткізу жөнінде жүйелі шараларды әзірлеуді тапсырған болатын. Осыған орай, Үкіметтің 25 шілдедегі «Қазақстан Республикасы Үкіметінің резервінен қаражат бөлу туралы» қаулысына сәйкес, облыстың орман шаруашылығы мекемелерінің өрт сөндіру стансаларының өрт сөндіру жасақшыларына өртке қарсы арнайы киім сатып алуға нысаналы трансферттер арқылы 63,5 миллион теңге бөлінді. Қазіргі таңда өртке қарсы арнайы киімдер сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, Үкіметтің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы «Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы» қаулысына өзгеріс енгізу туралы қаулы жобасының негізінде, мемлекеттік орман күзеті қызметтерінің, табиғат қорғау мекемелерінің мемлекеттік инспекторларына және жануарлар дүниесін қорғау, ормандарды қорғау, өсімін молайту және орман пайдалану жөніндегі мамандандырылған ұйымдардың инспекторларына, сонымен бірге балық шаруашылығы су айдындары және балықтандыру бойынша өсім молайту кешенінің мемлекеттік кәсіпорындарының қызметкерлеріне ерекше еңбек жағдайлары үшін қосымша ақы төленеді деп көрсетілген. «Осыған байланысты биыл 1 шілдеден бастап облыс әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы бойынша барлығы 475 штат бірлігінің жалақысы жаңа тәртіппен төленуде. Бұл ретте республикалық бюджеттен берілетін трансферттер есебінен 294189,0 мың теңге қаражат қарастырылған. Сонымен қатар, Экология және табиғи ресурстар министрлігі, «Орман шаруашылығы және орман өңдеу ұйымдарының қауымдастығы «Жасыл орман» заңды тұлғалар бірлестігі және «Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігі арасында 2023-2025 жылдарға салалық келісімге қол қойылып, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде тіркелді. Нәтижесінде, 2025 жылға дейін қосалқы персонал мен табиғат қорғау ұйымдарының штаттан тыс қызметкерлерінің жалақысын 2 есеге ұлғайту бойынша шешім қабылданған. Ол биыл 1 шілдеден бастап 70 пайызды, 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап 85 пайыз және 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап 100 пайызды құрайды», – дейді басқарманың орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау бөлімінің басшысы Ә.Жақыпов. Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев та Мемлекет басшысының Абай облысында орын алған алапат өрттің қайталануына жол бермеу бағытында нақты тапсырмалары бар екенін және алдағы уақытта тиісті бағдарлама мен басқа да қажетті шаралар қабылданатынын айтқан болатын. «Біз осы мәселені келесі жылдың бюджетін қарау кезінде назарда ұстаймыз. Бұл ретте төтенше жағдайлар кезінде әрекет ететін құрылымдарды қаржыландырудың маңызы зор. Ең бастысы, бөлінген қаражаттың мақсатқа сай, дұрыс жұмсалуын бақылауымыз керек», – деген болатын Сенат спикері. Орман шаруашылығындағы қызметкерлердің жалақысы мардымсыз, қажетті киім-бұйымдармен қамтамасыз етілуі жарытымсыз екені бұрын да айтылып жүрді. Мемлекет басшысының тапсырмасынан кейін көп жылдан бергі бұл мәселе енді шешімін тапқандай. 1 шілдеден бастап орманшылардың айлығы өсті, ал саланың материалдық-техникалық базасы 2027 жылға қарай 100 пайызға жаңартылмақ. Бұл ретте біздің өңірдің орман шаруашылығы саласындағы жұмыстарда да Президент тапсырмасының орындалуы басты назарға алынатыны анық.  

 Жүрсінгүл ЖАҚЫП.