Әлеумет

Жеделсаты жөндейтін маман жоқ

Жеделсаты жөндейтін маман жоқ

Күн өткен сайын екі мың жылдық тарихы бар Тараз шаһарының керегесі кеңейіп, шаңырағы биіктеп келеді. Жаңа зәулім ғимараттар, қайталанбас сәулеттік нысандар, шұғылалы саябақтар тараздықтардың көз қуанышына айналуда. Келешекте шаһарда зәулім көпқабатты тұрғын үйлер салу жоспарланып отыр. Әрине, алыстан менмұндалап тұратын асқақ ғимараттардың болғаны жақсы, тек тұрғындар үшін жүріп-тұру қиындық туғызбаса. Олай дейтініміз, осы күнге дейін қаланың маңдайына біткен жалғыз 12 қабатты тұрғын үйде жеделсаты бір жарым айдан аса жұмыс істемеген. Кеңес өкіметінің «көзін көрген» тоғыз қабатты ғимараттардағы жеделсатының жағдайы да мәз емес. Себебі, бізде істен шыққан жеделсатыны жөндейтін маман да жоқ.

Еліміз тәуелсіздік алғалы бері Тараз қаласының аумағы үлкейіп, осымен төртінші жаңа шағынаудан тұрғындардың құтты қонысына а й н а л ғ а л ы от ы р . Б ұ ғ а н д е й і н тараздықтар үшін бес қабаттан биік ғимараттар таңсық болып келгені жасырын еме с. Сыйымдылығы тоқсан пәтерден асатын мұндай көпқабатты үйлер енді күні кеше қазығы қағылған 14-шағынаудан тұрғындарының көз қуанышына айналмақ. Сейсмологиялық сараптама қ о р ы т ы н д ы с ы н а н ке й і н ж а ң а шағынауданға 7,9,12 қабаттық тұрғын үйлер салу жоспарланып отыр. Тараз қалалық әкімдігінің мәліметінше, зәулім үйлердің басым көпшілігі мемлекеттің еме с, жекеменшік инвестиция есебінен жүзеге аспақ. Биыл «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында өңірде ұзын-ырғасы 71 тұрғын үй салу іске асыру жоспарланған. Осылайша, жауаптылар халықты баспанамен қамтудың барлық тетігін қарастырып отыр. Нәтижесінде үй кезегіндегілердің саны өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 35 пайызға азайып келеді. Соған қарамастан, облыс аумағында әлі де қырық мыңға жуық азамат үй кезегінде тұр. Олардың тең жартысы Тараз қаласында. Хош, баспананың мәселесі өз алдына бір төбе. Бізді сол жаңа тұрғын үйлердегі лифт қызметінің жайы алаңдатады. Себебі, күні кеше ғана тараздықтардың наразылығын тудырған Абай даңғылының бойындағы 12 қабатты үйдің жеделсатысы айдан аса істен шықса да, жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Ақыры аталған үйдің тұрғындары бас көтеріп, мәселенің түбегейлі шешілуін талап етті. Ендігі таңда ескі жеделсатыларды жөндей алмай есі кеткен тараздықтар жаңа үйлердегі лифтілердің жағдайына да алаңдаулы. Себебі, жеделсатыда қалып кетіп, арнайы мамандар болмағандықтан өздері сыртқа шығуға әрекет жасап, жарақат алып, жапа шеккендер де жетерлік. Қазіргідей аптап ыстықта жеделсатысыз жоғары қабатқа көтерілу қариялар тұрмақ, жастардың өзіне оңай емес. Жоғарыда біз атап өткен Абай даңғылындағы 12 қабатты тұрғын үйдегі халық бір жарым ай бойы осы азапты бастан кешкен. Бала-шаға, қариялар тұрмақ, жеделсатының жұмыс істемегені жедел жәрдем қызметкерлеріне де қиындық тудырған. – Үйімізге көтерілс ек, түс е алмаймыз, түссек көтерілу азап. Қайта- қайта түспес үшін азық-түлікті де артығымен алып қоятын болдық. Өзің болсаң мейлі, қолыңда жүгің болса тіпті қиын. Өзім секілді зейнет жасындағы кісілер, көпбалалы отбасылар да көп. Мұндағы тұрғындардың көбі осы жеделсатының кесірінен үйлерін сатып кетіп жатыр. Бұл биыл ғана емес, бұрыннан келе жатқан мәселе. Екі күннің бірінде лифті істемей қалатынына етіміз әбден үйреніп кеткен. Аптап ыстықта үйде қамалып отырған бала-шағаға тіпті обал болды. Ауырып қалсақ, жедел жәрдем үйге уақытылы келгенімен, көтеріле алмайды. Ал, дәрі-дәрмек алу үшін амалсыздан өз аяғыңмен түсуге тура келеді. Жанайқайымызды айтпаған жеріміз қалмады. Оны жөндейтін адам да жоқ. Лифтінің істемей тұрғанын хабарлаған күннің өзінде ешкім келмейді. Еліміз дамып, «Жаңа Қазақстан» боламыз деп жатқанда осы жасымызда қара тер болып жүргеніміз мынау. Күнделікті жұмысқа баратын тұрғындар амалсыздан шығып-түсуге мәжбүр. Сонда білдей облыс орталығында лифтінің «тілін» білетін бірде-бір маманның болмағаны ма? Жөндеген күннің өзінде қуанышымыз ұзаққа созылмайды. Күні ертеңінде-ақ бұзылып тұрады, – дейді тараздық тұрғын Алтынгүл Жұмабаева. 80 пәтерлі үйдің жеделсатысы әбден тозығы жеткендіктен талай рет жөндеу көрген. Тұрғындардың көбі бұл жайға еріксіз көндіккен. Ал, жолы түскен қонақтар лифтінің алдынан қайтып кететін көрінеді. – Бұл үйдегі 11,12-ші қабаттағы үлкен кісілер далаға шықпайды. Олар тек терезеден қарап отырады. Жеделсатының жайы әбден әбігерге салып қойды. Мүмкіндік болса үйімді сатып кеткім келеді. Сатып алатын адам болса бір минут та тұрмас едім. Бұл лифтіні толығымен жаңартпаса мәселе ешқашан шешілмейді. Осы үйде қанша жылдан бері тұрып келеміз. Неге бізде әлі лифті қызметі бақыланбайды? Бала-шаға жазатайым болса оған кім жауап береді? – дейді тұрғын Манат Түлекқызы. Бұл мәселеге қаладағы Төле би мен Қазыбек би көшелерінің бойындағы тоғыз қабатты тұрғын үйлердің халқы да алаңдаулы. Талай жылдан бері жеделсатының жырынан шаршаған халық бұл мәселе түбегейлі шешілгенін талап етуде. – Лифтінің бәрі әбден тозып біткен. Көтеріліп бара жатқанда кәлимаңды айтып тұрасың. Өзге өңірлерде бізден де ескі ғимараттарда мұндай мәселе орын ала бермейді. Алдағы уақытта жаңа ықшамаудан бой көтерейін деп жатыр. Бірақ лифті жөндейтін білікті мамандар болмаса, ол құзырлы орын тарапынан бақылауда болмаса халықтың шырылдағаны – шырылдаған. Балаларымыз, немерелеріміз үшін де алаңдаймыз. Қала билігі осы мәселені шешу үшін міндетті түрде біреу опат болуы керек пе? Өзім талай мәрте лифтіде қамалып қалдым. Ешкім келмегендіктен, жанталасып өзім шыққан кездер де болды. Аяғы ауыр жас келіндер үшін тіпті қиын. Бұл аудан орталығы емес, облыстың орталығы ғой. Алдағы уақытта қала басшылығы арнайы комиссия құрып, қаладағы барлық лифтілерге зерделеу жұмыстарын жүргізіп, жыл сайын бақылап тұрмаса болмайды, – дейді тұрғын Олжас Нәметбеков. 12 қабатты үйдің жағдайы бойынша қалалық әкімдік те мердігерлерге іздеу салған. Тараз қаласы әкімдігі тұрғын-үй қатынастары бөлімі мамандары көпқабатты тұрғын үйдің жеделсатысын жөндеуге жергілікті бюджеттен қаржы да бөлініп қойған. Жауаптылар жылдың аяғына дейін жаңа лифті орнатылады деп сендіруде. Тараз қаласы аумағында көппәтерлі тұрғын үйлерде жалпы 58 лифт бар екен. Оның ішінде тұрғын үй қатынастары бөлімінің теңгеріміндегісі – 29 лифт. Жыл соңына дейін алтауын ауыстырғанға бюджеттен 90 миллион теңге қаралған. Одан бөлек, әлеуметтік нысандарда 63 лифт бар. Бөлім теңгеріміндегі жеделсатылар Беларусь елінде өндірілген, «МогилевЛифтМаш» зауытынан шыққан, олар қазіргі таңда өндірістен алынып тасталған ескі үлгілер болып табылады. Әрбірінің жалпы қызмет ету мерзімі – 25 жыл. Ескі үйлердің көбісіндегі лифтілер пайдалану мерзімінен әлдеқашан асып кеткен. Сондықтан, жеделсатылардың баяу жұмысы ертерек бақылауға алынып, арнайы мамандар тобы жұмыс жасамаса, биік үй салуға деген талпынысымыз бекершілік болмақ.  

 Нұржан ҚАДІРӘЛІ.