Әлеумет

Тұтастықты ту еткен басқосу

Тұтастықты ту еткен басқосу

Елордада «Ұлттық мүдде кеңесі» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Әулет қорғаны – елдіктің қорғаны» атты ғылыми конференциясы өтті. Елордада «Ұлттық мүдде кеңесі» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Әулет қорғаны – елдіктің қорғаны» атты ғылыми конференциясы өтті.

Бірлікті, тек қана бірлікті көздеген, осы мақсатта халықты бұрынғыдан да бірігуге шақырған алқалы жиынға мен де барып қайттым. Көп нәрсе алып қайттым. Соны облыс баспасөзінің қарашаңырағы «Aq jol» газеті арқылы оқырманмен бөліссем, үлгілі үрдісті жастарға жеткізсем бе деп едім. «Бірлік бар жерде, тірлік бар», «Бірлігі бар ел – берекелі ел», «Бөлінгенді бөрі жер, жарылғанды жау алар», «Болар елдің баласы, бірін-бірі батыр дейді», «Жүзге бөлгеннің жүзі күйсін» деп мақалдатып, мәтелдеткен қазақ халқы ежелден-ақ тұтастықты ту еткен. Соның арқасында ата-бабаларымыз ұлан-байтақ даланы, баға жетпес байлықты ұрпағына мұра етіп қалдырып кеткен. Конференцияны ашып, беташар сөз сөйлеген белгілі ғалым, қоғам қайраткері, аталған қоғамдық бірлестіктің төрағасы Қойшығара Салғараұлы осы тұрғыда ұлағатты сөздер айтты. Ол ел тарихында елеулі оқиғалар, олардағы билер мен шешендердің шешуші рөлі туралы толғай келіп, осының алдында ғана киелі Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда айтылған, көтерілген мәселелер, алға қойылған міндеттер бізге де ортақ дегенді айқын аңғартты. – Қазақтың «Басшы – біреу, қалғаны – тіреу» қағидасын ұстана отырып, біз Мемлекет басшысы – Президентіміз Қасым- Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың жарқын болашақта діттеген барлық бастамаларына қолдау көрсетуіміз керек. Ол үшін ең керегі – ел бірлігі, елдік мүдде. Осы мақсатта «бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығара отырып жүзеге асыру мақсатында осы басқосуды ұйымдастыруды жөн көрдік. Ұйымшылдық таныту арқылы ғана ұтысқа қол жеткізетініміз айтпаса да түсінікті. Мен бірлік бар жерде тірлік болатыны туралы қағидаға сүйене отырып, ісіміз жемісті әрі жеңісті болатынына сенемін! Халқымыз армандаған бірліктің тұғыры – ұлттық мүдде, құралы – ұлттық идеология. Әділетсіз қоғамда халық пен билік ешқашан біріге алмақ емес. Сондықтан да, әділетті де өркениетті ел боламыз десек, хан алдына барғанда да халықтың сөзін сөйлейтін, халықтың қамын ойлайтын ұлттың ұрпағы екенімізді көрсетуіміз керек. Ел болашағы жолындағы игілікті іске өз тарапымыздан не қостық, не жоғалттық? Осыны ойласар едік. Ойласқанның опығы жоқ. Бүгінгі мақтан тұтар бай тіліміз де, қасиетті де қадірлі салт-дәстүріміз де, соған сай адами құндылықтарымыз да ата-бабаларымыздың таным-түсінігінің жемісі. Біз осыларды көздің қарашығындай сақтап қалуға, дамытуға үлес қосуымыз үшін бірлік, тек қана бірлік керек. Ақпараттық шабуыл асқынған мына заманда онсыз жеңіске жету жоқ. Халық алдында ханның абыройын асырып, беделін көтере сөз сөйлеген, бірақ, турасын айтқан кешегі дана билердің жолын жалғастыру – перзенттік парыз, бізге кешеден жеткен аманат. Аманатқа адал болайық! – деді Қойшығара Салғараұлы. Көпті көрген көшелі кісінің сөзі. Дәл бүгінгі заманда өз уақытында айтылған сөз. Айтылуға тиіс сөз! Ко н ф е р е н ц и я д а Е л д і к к е ң е с т і ң идеологиялық маңызы жайында сөз сөйлеген профессор Жасан Зекейұлы құрылып отырған қоғамдық бірлестіктің атқаратын ісі туралы егжей-тегжейлі айтты.Тарихтың тереңінен әңгіме қозғаған профессор сөзінің басында ұлы ойшыл-ғалым әл-Фараби бабамыздың «Қоғамда жетіспей тұрған мейірім. Өйткені, әлемді мейірім ғана құтқарады» деген тұжырымын мысалға келтірген. Сонда «Мейірім әлемді неден құтқарады?» деген сұрақ туындамай ма өзінен-өзі. Жауабы да көкіректе сайрап тұр: барлық жамандықтардан! Жасан Зекейұлы ұлы ғұламаның сол замандарда-ақ адамға, қоғамға мейірім керектігін шегелеп айтқанын мысалға келтіре отырып, әрі қарай мейірім барлық ізгіліктің ізашары екенін айтып, ақиқат дін – Ислам тұрғысынан сөз тізгіндеді. Ол өткеніміз бен бүгінімізді екшеп, ел бірлігі ғана елдігімізді сақтайтынын ескертті. Оны қайталап жатудың қажеті бола қоймас. «Жүзге бөлгеннің жүзі күйсін» деген Төле би Тәуке ханның «Жеті жарғысын» жазу кезінде Қаз дауысты Қазыбек, Әйтеке билермен тізе қосып тірлік жасағаны тарихтан мәлім. Қазақ елі Конституциясының алғашқы нұсқасы деп бағалауға лайық осы тарихи құжатта да ел бірлігі ең бірінші кезекте сөз болған. Ендеше, болашақ «Елдік кеңес» атауына ие болғалы отырған бұл қоғамдық ұйымның негізі ата дәстүрден алынғанын дұрыс түсіну керек. Осы алқалы жиын алдында Түркістанда ұлттық құрылтай өткен болатын. Менің пайымдауымда екі басқосу бірін-бірі толықтырып тұрғандай. Ол – қоғамды елдікке, ауызбіршілікке шақыру. Конференцияда «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан Жаңа Қазақстан, Әділетті Қазақстан құру жолында Президенттің бағалы бастамаларына қолдау көрсету бірінші кезектегі іс» деген сипатта ұйғарым жасалды. Қоғамда мейірім қалыптастыру, ұлт болып ұйысу үшін Елдік кеңес жалпы тәрбиеге, оның ішінде жастар тәрбиесіне қатысы бар алты министрлікпен – Оқу- ағарту, Ғылым және жоғары білім, Ақпарат және қоғамдық даму, Денсаулық сақтау, Мәдениет және спорт, Еңбек және Халықты әлеуметтік қорғау министрліктерімен бірлесе жұмыс істеуі керек. Әрине, мемлекеттік ұйым қоғамдық ұйым бағдарламасын біле бермейді. Сондықтан, Елдік кеңес аталған министрліктерге өзінің орынды ұсыныс- пікірлерімен шығып, ол мүмкіндігіне қарай қолдау тауып отырса, нұр үстіне нұр! Бұл жерде ешқандай оппозиция жоқ.  

Әзімбек ТІЛЕШЕВ,

«Қобыланды батыр» қоғамдық қайырымдылық қорының төрағасы.