Әлеумет

Тура жолдың негізі

Тура жолдың негізі

Жақында танымал блогер, халық алдына шығып жүрген, әр сөзіне, әр ісіне аса жауапкершілікпен қарайтын, қазақтарды теріскейге көшірумен айналысатын «Tauekel» ұйымының төрағасы Бурахан Дақанов өзінің фейсбук парақшасына ойын-шыны аралас мынадай жазба қалдырды.

«Ағайын, мына сала құлаш сақалдың кесірін енді көретін секілдімін... Бүгін облыстық полицияның экстремизмге қарсы бөлімінен маған біреулер келді. «Сақалыңыз неге сонша өсіп кеткен?» деді. «Менің сақалымның дінге қатысы жоқ. Бұл жай ғана имидж», – дедім мен. Қысқасы, ананы сұрап, мынаны сұрап, қайтты әйтеуір. Менің түсінбегенім, осы сақалмен Солтүстікте жүргеніме екі жыл боп қалды. Бұлар бұрын неге келмеген? Неге бүгін, неге дәл қазір және арнайы маған келіп тұр екен. Оның үстіне Астанада, министрліктердің маңында, тіпті Парламентке кіріп-шығып жүргенде бірде- біреуі бұлай сұрамап еді. Таңғалып, ойым сан-саққа жүгіріп отыр. Жоқ жерден бірдеңе шығып, аяқ астынан діни экстремист боп шыға келмейік»... Астына лүпіл басып, пікір білдірген желі оқырмандарының саны есепсіз. «Құрт сақалды!», «Өзіңнен бұрын ісіңе зиян тиеді. Сонша адал ісің үшін қайдағы бір жүнді имидж қылып», «Дұрыс, тексерсін солай. Сақалдары сапсиып неше түрлі ағымға кіріп, жастарды улап жүргендер көп», «Әдемілеп қиып қойсаңызшы, жалбыратып қойған соң күдік туғызады», «Сол сақалдың кесірі тиеді деп талай айттық қой саған», «Сенің сақалыңа көзіміз үйренді. Дінге қатысы жоқ екенін білеміз. Бірақ қазір елде мұрты жоқ сақалды талақшылар көбейді. Олар қауіпті. Қоғамды бұзып болды», «Сақалды белгілі бір сеніммен қою – мәңгүрттік. Ал, сенікі наным- сенімге қатысы жоқ шығар», «Осыны айта- айта шаршадық қой өзіңе, жат ағым өкілінің имиджі екені айдан анық. Елді артыңнан ілестірем дейсің, керісінше қашырасың, көбі сақалыңның артына ергісі келмейді. Теріскейдегілер сенен жат ағым әкелді деп жүруі әбден мүмкін»... деген сияқты пікірлер мен кеңестер қардай борапты.

Иә, қазір діни экстремизмнен әбден зардап шеккен жаһан жұртының көңілі бір орнында емес. Алаңдаулы. Бүгінгі таңда орта білімді меңгеру жалпыға бірдей міндетті саналатын біздің елімізде баяғыдай әріп танымайтын сауатсыздық деген түсінік жоқ. Сауатсыздық деген сөз көбінесе қаржылық білімсіздікке, құқықтық, нарықтық, кәсіпкерлік, технологиялық, мәдени, әлеуметтік, медициналық, экономикалық, кәсіби, діни, рухани, саяси сияқты әр қырлы сан саланың қоғам мүшелері тарапынан дұрыс игерілуі-игерілмеуі тұрғысындағы әрекеттерге ғана қатысты қолданылады. Мұның ішіндегі діни сауатсыздықтың мәселесі басқаларына қарағанда өте шиеленісті халде екенін жасыра алмаймыз. Атеистік жабық қоғамнан демократиялық ашық формацияға өтіп, өркениеттік ұстаныммен алға басып келе жатқан мемлекетіміздің дамуына алыс-жақын шетелдерде туындайтын діни қақтығыстар да, ішкі әлеміміздегі діни қайшылықтар да өзінің кері әсерін тигізеді. Сондықтан, елімізде теріс пиғылды діни ағымдардың алдын алу, азаматтарымыздың діни сауаттылығын арттыру бағытында жүйелі түрде жұмыстар жүргізіліп отыр. Алпауыт державалар арасында геосаяси қайшылықтар күшейіп, әлемнің түкпір- түкпірінде шиеленістер үдей түскен сайын дүние жүзіндегі халықаралық қатынасқа қырғи-қабақ және өзара сенімсіздік жағдайы әлсін-әлсін қайтып оралып соғып жатады. Мұндай заманауи сын-қатерлерге тек қана ізгі ниет, диалог және ортақ күш- жігер арқылы қасқая қарсы тұра алатын Қазақстан кез келген даулы мәселені БҰҰ Жарғысына сәйкес тек келіссөз арқылы шешуді қолға алып келеді. Туындаған қайшылықтарды күшпен, қорқытумен немесе санкциялармен реттеу мүмкін емес сәттерде гуманистік идеалдарға жүгіну аса маңызды. Олардың басты қайнар көзі дәстүрлі діндер болғандықтан, еліміз Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларымен тығыз байланыс орнатқан. Былтырғы қыркүйек айында солардың бәрінің дерлік басын қосып, елорда төрінде өткізілген VII съезд өркениетаралық диалог орнататын жаһандық деңгейдегі алқалы жиынға айналды. Бұл форумды ұйымдастыруға бастамашылық еткен қазақ елі ғасырлар бойы Батыс пен Шығыстың арасындағы көпір. Өйткені, діни ұстамдылық – Ұлы дала төрінде өмір сүрген небір алып көшпелі империялардың бәріне ортақ сипат болатын. Қазақстанда өзара түсіністік пен келісім жағдайында өмір сүріп жатқан этностар 100-ден асады. 18 конфессияның 4 мыңға жуық діни бірлестігі еркін жұмыс істеуде. Мұны біздің баға жетпес байлығымыз әрі мызғымас басымдығымыз деп санайтын мемлекетіміз еліміз бен бүкіл әлемде диалог пен ынтымақтастықты нығайтуды көздеді. Қандай идеялардың атын жамылғанына қарамастан, радикализм, зорлық-зомбылық пен қақтығыстарды сынға алды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтқанындай, діндер басшылары – адамзаттың ар-ожданын сақтаушылар. Өзара сенімге, қайырымдылық пен бейбітшілікке бастайтын жолды солар ғана нұсқайды. Сондықтан, қазіргі күрделі жағдайда діни көшбасшылардың бір үстел басына отырып, кез келген қайшылықты еңсеретін ізгі амалдың үлгісін күллі әлемге көрсетуі – съездің басты миссиясы мен ерекшелігі болды. Осы съезде «Біз цифрлық технологиялардың әсерімен қоғамның бөлшектеніп, көзқарастар қайшылығы күшейе бастағанын байқап отырмыз. Виртуалды әлем көптеген адам үшін шынайы әлемнің орнын алмастыра бастады. Сондықтан жаңа цифрлық заманда рухани құндылықтар мен адамгершілік қасиеттер туралы мәселені қайтадан күн тәртібіне қою керек. Жас ұрпаққа жүйесіз берілетін ілім мен білім адамзатты жалпы даму мен жақсылыққа апармайды. Дін барлық кезеңде өзінің негізгі тәрбие беру қызметін атқарды. Құран, Інжіл, Тәурат және басқа да қасиетті кітаптар гуманизм, жанашырлық және мейірімділік идеяларына толы. Олар агрессияны жақтамайды, радикализмді қабылдамайды, зорлық- зомбылықты айыптайды, толеранттылық пен ұстамдылыққа шақырады. Қазіргі заманда діндер көшбасшыларының жоғары миссиясы – адамдарға осы маңызды ақиқатты жеткізу»,– деген болатын Қазақстан Президенті.

Елдің діни сауатын арттырудың аса қажеттілігін, дәстүрлі ислам құндылықтарын әсіресе жастар мен жасөспірімдерге т ү с і н д і р у д і ң  қ а ж е т т і г і н  Қ а с ы м - Жомарт Тоқаев Ақордада биыл сәуірде ұйымдастырылған ауызашар барысында да қадап айтты. Қазақтың әдет-ғұрпы әрдайым ізгілікке шақыратынын, әрбір салттың терең тәрбиелік мәнінің бар екендігін, ақсақалдарымыздың жастарға батасын беретінін, жастарымыздың үлкеннің алдын кесіп өтпей, құрметін көрсететінін, ешкімнің ала жібін аттамайтынын, халқымыздың қашанда қыз баланы сыйлап, қадірлегенін мысал еткен Мемлекет басшысы осының бәрінің дәстүрлі ислам құндылықтарымен тығыз үндесетіндігін әсерлі сөзімен жеткізіп, «Жастардың дінге байланысты қарым- қатынасы – біздің назарымыздан тыс қалып жататын маңызды мәселелердің бірі» деген.

Ендеше, еліміздегі әрбір азамат, оның ішінде жастар өзінің діни сенімінен тыс мемлекетке, оның заңдары мен нышандарына құрметпен қарауы тиіс. Шетелден келген «жалған діни стереотиптерді» емес, ұлттық дәстүрлерімізді арқау етуі керек. Бірде Бұқара әмірлігіне елші болып бір жас жігіт барыпты. Әмір жас баланың келгеніне қатты ренжіп: – Ақ патшаның ақылы жоқ па? Елші қылып маған сақалсыз адамды жібергені несі?! – депті. – Егер ақылдың бәрі сақалда болса, онда патша мені емес, ешкіні жіберер еді ғой, – деген екен сонда жас елші. Сол айтқандай, адамның санасы дұрыс болса, сақалда тұрған ештеңе жоқ та шығар. Ал, ағартушымыз Ыбырай Алтынсариннің «Біз надан боп өсірдік, иектегі сақалды. Өнер – жігіт көркі деп, ескермедік мақалды», – деп бекер айтпағанын да жадымызда ұстауымыз керек-ақ. Адам – мұқтаж болмыс. «Құранда «Ақиқат айтылмаса, адам адасады» дейді. Құдайға құлшылық етуді намазға жығылу деп қана түсінетіндердің, сәждеге басы тимегендерді мұсылман емес, кәпір санайтындардың негізгі ойы не? Мақсаты қандай? Ниеті қаншалықты таза? Діни сауаты қаншалықты деңгейде? ...Ескі жылдың соңғы күнпарақтарының жабылуына санаулы күндер қалған болатын. Өзіміз де жыл қорытындысын жасап, атап өтілгелі жатқан кезекті корпоративтік кештердің біріне асыға үйден шыққалы жатқан апақ-сапақта басқа ауданда тұратын қызының отбасының жағдайын уайымдап, құрбым телефон соқты. – Не істейміз?!. Күйеубалам бұрынғы- бұрынғы ма, бүгін одан да зорын шығарып, шешесі мен келіншегі – құдағиым мен қызым екеуін бірдей еңіретіп жатыр дейді... Ертең мерекелік шыршада ақшақар боп киініп, тақпақ айтып, би билеп, өнерін көрсететін 1-сыныптағы бүлдіршіндерінің мектептің шыршасына қатысуына тыйым салыпты. Құрбымның күйеубаласы туралы «жыры» маған көптен бері мәлім-тін. Мұның алдында ғана туған інісінің үйлену тойына келіншегіне мойны қымталып, ұзын жең, тобығын жапқан көйлек кимесе апармайтынын айтып, шаштаразға барғызбай, қиғылық салған. Ол жігіт осыған дейін бір тұрақты жұмыс істеп көрмеген, ішіп алып, төбелестен көз ашпайтын, осы келіншегін де екіқабат қып қойып, ол қыз өзіне қол жұмсауға бара жаздап, істі боп, іс насырға шабатын болған соң ғана үйленген жігіт еді. «Басы қатты болса – аяғы тәтті болар» деп жұбатысқан ата-аналардың бағына тағы екі-үш балалы боп, немере сүйгізген жас отау иесі кейінгі жылдары ішкенін қойып, намазға жығылып, сол ауылдың мешітіне барып, уағыз тыңдап жүргенін естігенде, жақын-жуықтары тұрмақ, біздер де қуанғанбыз. Бірақ, оның намазxанға айналуының енді осындай проблемалары шыға бастады. Үш баласына қарап, емізулі кішкентайымен үйде отырған келіншегіне де, «Балапан» телеарнасына телміретін сәбилеріне де теледидар тамашалауға үзілді- кесілді тыйым салды. Өзі жалғызілікті шешесінің қолында, қуықтай баспанада осы шиеттей бала-шағасымен бірге тұратын, жалғыз бала. «Жаңа жыл деген орыстардың мейрамы. Шыршаға жібермеймін қызымды!» деп бұлқан-талқан болып, үйдегі балапандарын үрпитіп, кезекті бір сойқан жасаған жас әке мектеп табалдырығын енді аттап, өркениетті оқу мен білімге талпынып, апыл-тапыл қадам басқан әлгі балдырған қызын «мектептен шығарып алып, медресеге берем!» деп отыр дейді. Не керек, «қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақ». «Осыдан сол қызды енді мерекелік шырша түгілі, мектепке сабаққа жіберсең, көресің! Үш бала да саған жоқ! «Талақ» етем сені! Ажырасам! Кет, құры! Ал балалар – менікі! Өлсем де саған бермеймін!» деп байбалам салып, қоқан-лоққымен қорқытатын көрінеді. Сонда бұл азамат кімге «қиын» қылды... Ғұламалардың берген бәтуасы бойынша исламда үш түрлі білім болады. Бірінші білім – Алланың айтқаны. Ол – Құрандағы аят, сүрелер. Екінші білім – Пайғамбардың айтқаны. Ол – хадис шәріптер. Үшінші білім – «білмеймін» деген білім. Білмегенді «білмеймін» деп ашық айту да білім болып тұр ғой сонда. «Әрбір жан Алланың рұқсатымен ғана иманға келеді. Алла азапты ақылдарын істетпейтіндерге береді» деген 109 аяттан тұратын 10-шы «Юнус» сүресінің 100-ші аятына сүйенсек, Алла Тағаланың қалауынсыз ешкім де иман келтіріп мұсылман бола алмайды. Ешнәрсе ойламайтын санасыз адамдар азап тартады.

Ендеше, әрбір адасушы пендесін кешіруді Алланың рақымымен сұрап, атадан қалған тура жолдағы әрбір құлы үшін Алланың мейірімінен үміт ету – көзі ашық, көкірегі ояу әрбір мұсылманның парызы. «Кімде- кім шаңның тозаңындай жақсылық істесе, соның сыйын алады. Кім шаңның тозаңындай жамандық істесе, соның зардабын тартады («Зілзала», 7-8 аяттар)». Біздің де осы айтқанымыздан шаңның тозаңындай сауапты жақсылық шықса екен дейміз. Осы орайда Мемлекет басшысы Қасым- Жомарт Тоқаев «Ілім тұрғысынан ұшталған исламды дамыту үшін Қазақстанның барлық мүмкіндіктері бар. Біз прогресс, бейбітшілік және әділеттілік, дін мен адамгершілік құндылықтарды құрметтеу, толеранттылық және басқа дін ілімдерінің өкілдерімен тату көршілік қағидаттарында қоғамды құрудың лайықты үлгісін барша әлемге көрсетуге қауқарлымыз», деген болатын.  

 Үміт БИТЕНОВА.