Әлеумет

Балаларға бақыт сыйлаған күн

Балаларға бақыт сыйлаған күн

Жамбыл ауданы, Жалпақтөбе ауылы «Рауан» балалар сауықтыру лагерінде «Бақытты балалық шақ» атты іс-шара өтті. Тараз қаласының «Өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің тәрбиеленушілері қатысқан мерекелік кездесуді қалалық ардагерлер кеңесі ұйымдастырды.

Әуелі ардагерлер мен балалар арасында шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ, асық ату, арқан тартыстан спорттық сайыстар өтті. Қариялар балаша асық атып, кішкентай жеткіншектермен арқан тартысты. Одан кейін әкелер кеңесі мен аналар алқасы ән айтып, өнер көрсетті. Балалар да ата-апаларынан қалыс қалмай әннен шашу шашып, бимен сахнаның сәнін келтірді. «Бақытты балалық шақ» жобасын ұйымдастырудағы мақсат – балалардың дамуына қолдау көрсету, спортқа, өнерге деген құштарлықтарын арттыру, шеберліктерін шыңдау арқылы шығармашылық деңгейінің өсуіне ықпал жасау, патриоттық тәрбие беру. Ардагерлер кеңесі балаларға ойыншықтар, тәтті-дәмділер, сыйлықтар табыстады. Сондай-ақ, қатысушылар дипломдармен марапатталды. Мерекелік іс-шараға қатысқан балдырғандар алған әсерімен бөлісті. Балалар үйінің тәрбиеленушісі Руслана Мировая: – Біз мұнда әр жыл сайын келіп, жақсы демалып қайтамыз. Қариялар да мұнда былтырдан бері келіп, концерттік бағдарлама мен спорттық ойындар ұйымдастырып, көңілімізді көтереді. Ата-апаларымызға шексіз алғысымды білдіремін, – деді. Бүгінде 300 балаға арналған бұл лагерьде өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығынан 59 бала демалуда. Орталық директоры Айжан Дүкенбаева: «Шілденің ыстығына қарамай балалардың жағдайын көруге келіп, өз тараптарынан ойыншықтар, тәттілерін әкелген ардагерлерге рақметімізді айтамыз. Тараз қалалық ішкі саясат бөлімі де қолдау көрсетті. Қалалық ардагерлер кеңесінің басшысы Күләш Әбдікешова біздің жыл сайынғы қонағымыз. Балдырғандарды әрқашанда қолдап жүреді», – деп алғысын білдірді. «Қариясын сыйлаған елде қасиет бар» дейді дана халқымыз. Сондықтан да үлкенге құрмет көрсеткен ұрпақтың болашағы да жарқын болмақ.  

Назерке СӘНДІБЕК.