Тұрғындар айтты, мәселе шешілді
Тұрғындар айтты, мәселе шешілді
Біз осы орайда Жуалы ауданы әкімдігі тұрғын-жай коммуналдық шаруашылық, автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі бөлімінің басшысы Қайрат Жатқанбаевпен байланысқа шықтық. Мемлекеттік «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында аудандық мәндегі Шыңбұлақ ауылына кіреберіс автомобиль жолы бойынша жалпы ұзындығы 7610 метр, ені 6 метр, яғни 45660 шаршы метр жол бойына 2017 жылы арнайы мамандар келіп, жобалық-сметалық құжаты 60158,44 мың теңгеге әзірленіп, сараптамадан өткізілген. Жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкес, ұзындығы 4,5 шақырым, ені 6 метр жарамсыз жолдарға 27000 текшеметр жаңа асфальт салу қарастырылған. Мердігер мекеме «Жамбыл Дормостстрой-сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен келісімшарт жасалып, жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкес, жұмыстар толық аяқталған болатын. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес аталған жол былтыр ел игілігіне берілді, – деді. Ал, Шыңбұлақ ауылының тұрғыны Ғани Әділет: «Мен аталған ауылдың Бектаналы көшесінің тұрғынымын. Жұрымбай–Шыңбұлақ ауылдарының арасындағы асфальт жол былтыр жөнделді, арасындағы шұқырлар жамалып, ретке келтірілді. Биыл да көктемде аталған аралықтағы пайда болған шұқырлар тегістелді. Ауылымызда жол жөнделіп, тұрғындар ризашылықтарын білдіруде. Бірақ, осы жолдың Шыңбұлақ ауылына қарай жақын аралығында асфальт төсеу үшін қазылып, сол күйі тегістелмей қалып кеткен шұқырлары бар. Енді сол шұқырлар да тегістелсе деген тілегіміз бар», – дейді. Талай жылдан бері шешімін таппай келе жатқан жол мәселесі облыс әкімінің тапсырмасымен жөнделіп, тұрғындар жаңа жолдың игілігін көріп отыр.
Есет ДОСАЛЫ.
Жуалы ауданы.