Жаңалықтар

Желтоқсан қаһарманы

Желтоқсан қаһарманы

Тәуелсіздік күні мерекесі дегенде, ел есіне ең алдымен 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі мен оның қаһарманы Қайрат Рысқұлбеков түседі. Мойынқұм ауданындағы Бірлік ауылында дүниеге келген ол 1986 жылы мамыр айында әскери борышын өтеп келгеннен кейін Алматыға аттанып, сондағы сәулет-құрылыс институтына оқуға түсті. Міне, осы жылдың қақаған қысында ол коммунистік биліктің ызғарлы саясатының жазықсыз құрбанына айналды.

Қайрат Рысқұлбеков 1992 жылы, яғни еліміз егемендігін жариялағаннан кейін Қазақстан Жоғарғы Соты Пленумының 1992 жылғы 21 ақпандағы шешімімен толық ақталды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 1996 жылы 9 желтоқсанда оған «Халық Қаһарманы» атағы берілді. Еліміздегі ауыл, көше, мектеп, саябақ аттары Қайрат Рысқұлбеков есімімен атала бастады. 16 Желтоқсан – Тәуелсіздік мерекесі күні Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев, облыстық мәслихаттың хатшысы Бағлан Қарашолақов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тілеуқабыл Төребеков бастаған жұртшылық 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінің батыры, еліміздің ең жоғары наградасы – «Халық Қаһарманы» атағының тұңғыш иегерлерінің бірі Қайрат Рысқұлбековті еске алып, аяулы ұлдың атымен аталатын саябаққа барып, оның кіреберісінде тұрған батыр ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.

Тұрсынбек СҰЛТАНБЕКОВ, «Ақ жол».