Әлеумет

Іскерлікке бағыттайтын ілкімді іс

Іскерлікке бағыттайтын ілкімді іс

Жамбылдық жастар жаңа жобаны қолға алды. «Jas-JOBaLike» деп аталатын тың бастама жеке іс бастауға ниетті жастарға бағыт-бағдар беруді көздейді. Яғни, жастар арасында мемлекеттік бағдарламалар мен қолдау тетіктері туралы толық мәлімет береді. Кәсіпкерлік және стартап идеяларды ақпараттандырады. Жоба аясында іскерлік жайында кеңес беру, стартап, кәсіпкерлік идеяларды жетілдіру, заңдылықтарды реттеу, бизнес гранттар туралы ақпараттармен қамтамасыз етіп, виртуалды жұмыспен қамту жәрмеңкесін ұйымдастыратын фронт-офис жұмыс істейді. Ондағы жұмыс заңгер-кеңесші, байланыс операторы арқылы жүргізіледі. Фронт-офис арқылы консультациялық қолдау көрсету мақсатында call-орталық та іске қосылған.

Өмірден көрген-түйгенін кейінгі ұрпаққа өсиет еткен аталарымыз «Ақыл – жастан, асыл – тастан» деп бекер айтпаса керек. Жастардың арасында небір озық идеялары бар азаматтар жетерлік. Бірақ, неден бастап, ісін ары қарай қалай ілгерілетіп әкетудің жолын таппай жүр. Міне, осындай жастарға табысты идеяларын асыруға көмектесетін мемлекеттік бағдарламалар жайлы түсіндіретін тиімді әдісті қолға алсақ дедік. Оны жай ғана ауызбен айтып түсіндірмеу керек, бейнетүсірілім арқылы іс жүзінде ұтымды екенін жеткізе білсін деген ұстанымда болдық. Білесіздер, қазір көп адам мәтін оқығанды, ауызша айтылатын ұзақ әңгімені тыңдағанды аса ұната бермейді. Сондықтан, біз көздеген мәліметті іс жүзінде орындалғанын бейнетүсірілім арқылы ұсынғанды жөн санадық. Мемлекеттік бағдарламаны пайдаланып, жеке ісін ашып, шаруасын дөңгелетіп отырғандарды көрсетсек дейміз. Олармен сұхбаттаса отырып, жұмысты қалай жолға қойғанын нақты көрсетеміз. Тек кәсіпкерлерді ғана емес, біз бұл жобада өнертапқыш жастардың да қабілетін танытып, еңбегімен таныстырамыз. Сол арқылы бойында бар қабілетін кәдеге жарата алмай жүргендерге бағыт береміз. «Жұмыс жоқ» деп алтын уақытын бекер өткізіп жүргендерге өмірден өз жолын еңбекпен тапқандардың тәжірибесін көрсету арқылы бағыт сілтейміз. Міне, «Jas-JOBaLike»-тың негізгі мақсаты осы, – дейді жобаның жұмысын үйлестіріп отырған «Jastar» дамыту орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қаныбек Мұратбаев. Жобаны жүзеге асыру мақсатындағы арнайы фронт-офистің аясында Telegram-BOT құрастырылған. Онда облыс жастарына арналған мемлекеттік бағдарламалар, бизнес гранттар, заңгер кеңестерін онлайн түрде алуға мүмкіндіктер жасалған. Сонымен қатар, жастарға арналған мемлекеттік бағдарламалар, кәсіпкерлік, бизнес бастау үшін гранттар, жаңа стартап-идеялар, облыста жастар саясатын іске асыруға бағытталған іс-шаралар мен жобалардың ақпараттарымен бөлісіп отыру үшін өңірлік ақпараттық-әдістемелік сайт әзірленуде. Бұдан бөлек, «Jas-JOBaLike» атауымен Instagram, Facebook, Tik-tok, Telegram-канал, Youtube әлеуметтік желілерінде арнайы ақпараттық парақшалар ашылған. Тұрақты түрде сапалы фотолар мен бейнероликтер, жоба аясында атқарылып жатқан жұмыстар, мемлекет тарапынан жастарға арнайы көрсетілетін қолдау тетіктері туралы ақпараттар, инфографикалар енгізіліп отырады. Аталған жоба аясында «Jas Motive» бағдарламасымен жетістікке жеткен түрлі саланың мамандары және жас жеке кәсіпкерлер туралы Youtube интернет- каналына сюжеттер шығарылуда. Жастар алдағы уақытта бағдарлама аясында бизнес бастау, кәсіпкерлік, стартаптар туралы сұхбаттар, подкасттар түсіру, жастармен кездесулер ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Қазіргі таңда жастарға арналған мемлекеттік бағдарламалар туралы, оның ішінде «Әулиеата жастары» бағдарламасына арналған анимациялық екі бейнеролик әзірленіп, жарияланған. Осы жоба аясында өңіріміздің белсенді, жетістікке жеткен азаматтары және өнертапқыш жастары туралы ақпараттық энциклопедиялық кітаптың редактуралық жұмысы да жүргізілуде. – Озық тәжірибені көрсете отырып, еңбекпен адал табыс табуға жол нұсқауды көздеген жобамыз тек жастарға емес, барлық азаматтарға пайдалы дер едім. Кез келген дүние көрерменге қызықты, тартымды болса ғана тыңдағанның көңілінде жатталып қалатыны белгілі. Сондықтан, біз бағдарламаны жүргізуші бір сарында кетпей, арасында әзілін де айтып жарасымды жүргізетіндей импровизациясы мықты болсын деген оймен жайдарманшы Темірхан Бекзат деген жігітті таңдадық. Маусым айында басталған жобаның іске қосылғанына небары бір ай болды. Осы уақыт ішінде 8 істің көзін тапқан азаматты түсірдік. Олардың ішінде өз кәсібін заманауи үлгіде жүргізіп, өнімін қазіргі уақыт талабына лайықты етіп шығарып отырған жаңашыл жастар бар. Әрбір жұмысқа жаңалық керек. Өйткені, уақыт алға жылжыған сайын дамып, жаңалықпен өнімділікке бет бұрса ғана табысқа жол ашылады. Осындай ұстанымдағы еңбекқор әрі табысты азаматтармен болған қызықты әңгімемізді олардың жұмыс орнында жүріп түсіріп, көптің назарына ұсындық. Әрине, әркім өзіне керегін алады, ал біздің мақсат – пайдалы кеңес беру. Егер осы жобадан замандастарымыз өзіне керекті ақпарат алып, соның жетегімен жақсы жұмыс жасаса, біз үшін үлкен нәтиже болмақ, – дейді Қаныбек Мұратбаев. Жобаны жүзеге асырып отырған жастар енді пайдалы кеңестер айтылатын бейнетүсірілімді вирустық ролик етіп барлық әлеуметтік желілерде мейлінше кеңінен таратуға бет бұруда. – Вирустық роликті ойластырып отырған себебіміз – қазір көп адамдар алдамшы кеңестерге сенеді, мысалы, қаржы пирамидасы, лоторея секілділермен оп-оңай табысқа кенелуді ойлайды. Бірақ, тер төгіп еңбектенбей тапқан дүние дәл солай оп-оңай кетіп қалады. Құр кетсе мейлі ғой, арбауға түсіріп, сан соқтырады. Сондықтан, біз халыққа шынайы мүмкіндіктер барын қарапайым тілмен түсінікті етіп жеткізгіміз келеді. Мысалы, мемлекеттік бағдарламамен қайтарымсыз грант немесе жеңілдетілген несие алуға ұмтылғандар алғашқы кездескен кедергіден бірден беті қайтып, «бәрі өтірік, құр сөз екен» деп қолын бір- ақ сілтейді. Жетістік оңай келмейтінін ескеріп, қиындықтарға төзіп, діттеген мұратына жеткенше басқан қадамынан кері қайтпаса, міндетті түрде мақсатына жетеді. Мысалы, мен 2018 жылғы 5 миллион теңге гранттың иегерімін. Оны алу үшін құжат тапсыру, жоспар жасауды 2016 жылы бастап, екі жыл бойы жобаға ілікпедім. Бірақ мен алған бетімнен қайтпадым. Ешқандай таныссыз, өз бизнес жоспарымды, оның тиімділігін, инновациялық идеясын дәлелдеп, екі жылдан соң грантқа қол жеткіздім, – дейді Қаныбек Жарылқасынұлы. Рас, талмас талап пен қайтпас қайсарлық мұратқа жеткізбей қоймасы анық. Жастарға кездескен кедергілер мақсаттан айнытпай, керісінше жігерлілікке шыңдайтынын «Jas-JOBaLike» ұғынықты етіп жеткізер, табыскер замандасына қарап, алға ұмтылатын жастардың да қатары артқанын көрер күн де алыс емес деп ойлаймыз.  

Қамар ҚАРАСАЕВА