Әлеумет

Ауылдықтар ағын суға алаңдаулы

Ауылдықтар ағын суға алаңдаулы

Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов жұмыс сапарымен Қордай ауданына барып, тұрғындармен кездесті. Мұндағы халықтың дені тіршілік нәріне тәуелді, тіпті тамшы суға зәру. Ағын су арман болып, еңбегі зая кеткен шаруалар жылда айтылып келе жатқан мәселе түбегейлі шешілсе дейді.

Өңір басшысының Қордай ауданына жұмыс сапары «ОтарБиофарм» ЖШС-ның жұмысымен танысудан басталды. Қазіргі таңда биофармацевтикалық зауыт құрылысының екінші кезеңі жүруде. Ол бойынша Биозауыттың өндірістік қуатын айына 500 мыңнан 2,0 миллион дозаға дейін арттыру көзделген. Соған сәйкес, «Тиісті өндірістік практика (GMP) талаптарына сәйкес келетін иммунобиологиялық препараттар шығаратын биофармацевтикалық зауыт базасында субстанциялар өндіру жөніндегі цех» (BSL-3) жобасының құрылысы жүзеге асуда. Бүгінде өндірістік кесте бойынша инженерлік желілер мен негізгі құрылыс-монтаж жұмыстары жалғасуда. Фармакологиялық жабдықтардың 99 пайызы жеткізілген. Нысанның құрылыс жұмыстары ағымдағы жылдың тамыз айында аяқталады деп жоспарланған десек, жоба желтоқсан айында толығымен іске қосылады деп көзделуде. Өңір басшысы жауаптыларға жұмыстардың сапалы әрі тиісті мерзімде атқарылуын бақылауда ұстауды тапсырды. Бұдан соң облыс әкімі Сарыбұлақ ауылдық округіндегі «Самғау» шаруа қожалығының 130 гектар күнбағыс және Қақпатас ауылындағы «Ерхан» шаруа қожалығының қарбыз алқаптарын көрді. Шаруалар суармалы судың тапшылығынан шығынға батып отырғандарын жеткізді. Мұндағы шаруалардың барлығы ағын суға алаңдаулы. «Самғау» шаруа қожалығының басшысы Евгений Трубниковтың айтуынша, он жылдан бері су мәселесі оң шешімін таппаған. Биыл испаниялық инвесторлардың қаржысына егілген күнбағыс та судың тапшылығынан өнбей қалған. Басқа дақылдардың жайы да көңіл көншітпейді. Жалпы, аудан бойынша 5 мың гектардан астам егістік су тапшылығын кешуде. Нұржан Нұржігітов жыл сайын суармалы су мәселесі күрделеніп келе жатқанына тоқталып, су үнемдеу технологияларын енгізу, ұңғыма қазу ісіне баса ден қою керектігін айтты. Бұдан бөлек, келер жылы ауданда екі жаңа су қойманың құрылысы басталады. Сондай-ақ, облыс әкімі Үкіметпен құрылған комиссиямен зардап шеккен шаруалардың шығынын өтеп беру бойынша жұмыстар жүзеге асып жатқанын айтты. Жұмыс сапары барысында әкім тіршілік нәріне мұқтаж Қақпатас ауылдық округінің тұрғындарымен жүздесті. – Судың жоқтығынан зардап шеккен шаруашылықтар бойынша өткен аптада арнайы комиссия жұмыс істеді. Үкімет басшысының хаттамалық тапсырмасына сәйкес құрылған комиссия үш күн жағдайды зерделеді. Облыста 12 мың гектардан астам жер су тапшылығынан зардап шекті. Алты ауданда осындай жағдай. Қырғыздар су жоқ деп отыр. Киров су қоймасында бір аптаға жетерлік қана су қалды. Қазір әр ауданда комиссия құрылды. Зардап шеккен қожалықтардың шығынын төлеп береміз. Ғалымдар алдағы уақытта да осындай жағдай сақталатынын айтып отыр. Мемлекет басшысы 2050 жылы елімізде ауыз су тапшылығы болады деді. Сол үшін суды осы бастан үнемдеуіміз керек. Келесі көктемгі дала жұмыстарына жаңа көзқарас қажет. Суды аз ішетін дақылдарға көшуіміз керек. Жаңа су қоймаларын салып, ұңғыма қазып, жерасты су көздерін де пайдалануымыз қажет, – деді Нұржан Молдиярұлы. Ауыл тұрғыны Серғазы Бекқұлов су тапшылығынан жоңышқаның жағдайы да мәз емес екенін жеткізді. «Ауыл халқы негізінен жүгері, қарбыз егеді. Бәрі судан қиындық көріп отыр. Жоңышқаны биыл бір рет суғарғандар бар. Суды көрші ауылдардан тоқтатты. Сонда басқа ауылға су керек, бізге керек емес па? Жоңышқа күйді, тамыз айына дейін мәселені шешіп берулеріңізді талап етеміз», деді тұрғын. «Нұр» шаруа қожалығының төрағасы Нұрлан Барбашов та өз ойын жеткізді. «Шөптің бағасы мың жарым теңге болды, ал шөпсіз мал басын жоғалтамыз, бала-шағамызды қалай бағамыз? Бес шаруа қожалыққа су беріп, берідегі бес ауылды сусыз қалдырып отыр. Бізде тек бір ғана осы су мәселесі. Басқасының барлығын ауыл, аудан әкімімен шешіп келеміз. Су жоқ емес бар, бірақ дұрыс бермейді. Суды дұрыс үлестірмейді», деді ол. Ал, «Қазсушар» мекемесінің өкілдері судың көлемі 8 текше метрге дейін түсіп кеткендіктен, жоңышқаға суды бере алмайтынын жеткізді. Көлемі аз болғандықтан, бұл ауылдарға жетпей жататын көрінеді. Заңсыз орнатылған су насостарына қатысты мәселе де аудан прокуратурасының назарында екен. – Биыл Қызылорда, Түркістан, Павлодарда да осындай су тапшылығы болып жатыр. Жалпы, шаруалар «Қазсушармен» келісімге отырмай, дақыл екпеуі қажет. Көпшілігі жиырма гектарға жүгері егеміз деп келісімшартқа отырады, бірақ елу гектарға қарбыз егіп тастайды. Осындай мәселелер де әсер етеді, – деді облыс әкімі Нұржан Нұржігітов. Өз сөзінде өңір басшысы келер жылы Қордай ауданы табиғи газбен, 2025 жылға дейін ауыз сумен жүз пайыз қамтылатынын жеткізді. «Ауыл аманаты» жобасымен де алдағы уақытта аймақтағы 153 ауылдық округ толығымен қамтылатынын атап өтті. Жиын соңында облыс әкімі ауыл тұрғындарын жеке сұрақтары бойынша қабылдады.  

Нұржан ҚАДІРӘЛІ