Әлеумет

Билер кеңесі – бітімгерлік бастауы

Билер кеңесі – бітімгерлік бастауы

Қоғамда орын алған дау-дамай, келіспеушіліктерді сотқа дейін жеткізбей шешу мақсатында облыстық сотының бастамасымен бірқатар жұмыс атқарылуда.

2019 жылдан бергі аралықта облысымызда Билер кеңестері дау-дамайды сотқа дейін немесе сотта істерді қарау барысында шешу бағытында жемісті жұмыс жүргізіп, оң нәтиже көрсетіп отыр. Олар аз ғана уақыт ішінде даулы мәселелерді сотқа жеткізбей-ақ шешіп, адамдар арасында өзара тату қарым-қатынастың қалыпты сақталуына игі әсерін тигізуде. Билер кеңесінің басты мақсаты – қоғамдық қарым-қатынастың тұрақтылығын сақтау, қоғамдағы даукестік деңгейін төмендету, ұлтаралық мәселелерді дер кезінде басу, билер институтын жандандырып, «ұлттық кодтың» құндылықтарын қолдану арқылы, яғни атадан қалған әдет-ғұрыпты, салтымызды жаңғыртып, мәдениетімізді көтеріп, құқықтық сананы өзгертіп, қоғамдағы кез келген шиеленіскен, пайда болған дауларды медиация рәсімін қолданып татуластыру. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауынан туындаған міндеттерді жүзеге асыру мақсатында өткен жылдың қараша айында Тараз қаласында «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің екі күнге созылған көшпелі кеңесі жоғары деңгейде өтті. Көшпелі кеңесті Орталық кеңес төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетов жүргізді. Кеңесте орталық кеңестің 2019 жылы қабылдаған «Дәнекер» жобасының «Қоғамдық келісімді және жалпыұлттық бірлікті нығайту» бағытында біршама үлкен жетістіктерге жеткені айтылды. Орталық кеңес төрағасы осы жобаның қатысушыларының ішінде Жамбыл облысы ардагерлерінің, билерінің қосқан еңбегі орасан екенін айтты. Өз кезегінде көшпелі отырыста облыстық ардагерлер кеңесі жанындағы билер кеңесінің төрағасы әрі «Дәнекер» жобасының облыстағы үйлестірушісі Оңласын Есіркепов билер кеңесі облыстық сотымен бірге бірқатар жұмыс атқарып, үлкен нәтижеге жеткенін де баяндады. Орталық кеңес төралқасының қаулысы бойынша «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің орталық кеңесінің төралқасы «Дәнекер» жобасындағы оң тәжірибелерін орталық кеңес назарға алып, республика көлемінде өңірлердегі барлық филиалдарға үлгі ретінде таратылғаны көрсетілді. Бүгінгі таңда Жамбыл облыстық сотының ғимаратында және барлық қала мен аудан соттарында билер кеңесінің кабинеттері ашылған. Әр аудан орталығында 5 адамнан тұратын «Билер кеңесі» құрылған. Ауданның әрбір ауылдық округында билер бөлмелері жұмыс істейді. Осы жылдың 22 желтоқсанында облыстық сотының ұйымдастыруымен республикалық медиаторлар қауымдастығы заңды тұлғалар бірлестігінің басшысы Нұрбала Оразқұлова «Медиация негіздері» тақырыбында семинар өткізіп, дәріс берді. Облысымыздың 120 беделді азаматына «қоғамдық медиатор» сертификаттары берілді. Облыстық билер кеңесі барлық әдістемелік құралдармен жабдықталған. Қала, аудан соттарында билердің қатысуымен әрбір талап-арыз, азаматтық істер бойынша медиация немесе бітімгершілік тәртібімен шешу тәжірибесі қалыптасқан. Билер кеңесімен қала, аудан көлемінде әрбір пайда болған дау-дамайларды билердің, медиаторлардың тікелей араласуымен бірқатар күрделі даулар да өз шешімдерін тауып, бітімгершілікпен аяқталып жатыр. Билер кеңесі «Отбасылық сот» пилоттық жобасының іске асырылуына белсенді ықпал етіп, отбасылық дауларды шешу үшін сотта немесе соттан тыс реттеу бойынша айтарлықтай көмек көрсетті. Медиация институтын дамыту, қоғамда келісім, адам құқықтарын құрметтеу, заң үстемділігін сақтау басты мақсат екенін халыққа түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Әрбір іс бойынша сотқа дейінгі татуластыру жұмыстарын, яғни сотқа дейінгі хаттама рәсімдерін сапалы, жан-жақты жүргізіп, билердің, медиаторлардың көмегімен татуластыру жұмысының сапасын арттыру қажет. Себебі, Төле, Қазыбек, Әйтеке билердің салып кеткен сара жолын жаңғырта отырып, бүгінгі жаңа Қазақстанның экономикалық, мәдени, әлеуметтік дамуына билер кеңесінің қосатын үлесі зор.  

Дәулет ТАСЫБАЕВ,

облыстық сотының судьясы.