Батырлардың ерлігі ұмытылмаса екен
Батырлардың ерлігі ұмытылмаса екен
Ал, осы тұста менің көңілімде жүрген бір жағдай бар. Бұл жағдай біраз жыл бұрын орын алған еді. Сол кездегі Меркі ауданының әкімі Бақтияр Көпбосынов бір жолы мені шақырып алып: «Ақсақал, өзіңіз білесіз, жақында біздің ауданда өрт оқиғасы болды. Өртті сөндіремін деп жүріп, үш адам өмірін қиды. Міне, осы батыр азаматтар жайлы ешқандай басылым жазбады. Соны сіз жазсаңыз», – деп өтініш айтты. Содан аудандық «Меркі тынысы» газетіне әлгі өрт оқиғасының қаһармандары туралы жаздым. Үш азаматтың қаншама ғимараттар мен тұрғын үйлерді тілсіз жаудан аман сақтап қалғанын ашық айттым. Өрттің құрбаны болған азаматтардың ата-аналары, отбасылары, ауылдастары риза болды. Мен әлі де сол үш азаматтың ерлік ісі ешқашан ұмытылмауы керек деп ойлаймын. Ол азаматтарды меркіліктер тегіс таниды. Олар өмірден өтсе де, отбасылары, перзенттері бар. Аудан әкімдігі, тиісті ауылдық округ әкімдігі, аудандық өрт саласына қатысты мекеме басшылығы тарапынан сол азаматтардың отбасына үздіксіз көмек көрсетілуі қажет деп ойлаймын. Тұрғындар тыныштығы жолында өмірін қиған азаматтардың отбасына көмек беру сауапты іс деп білемін.
Әшен ҚЫРҒАБАҚҰЛЫ,
зейнеткер.
Меркі ауданы