Сөз бен тіл - егіз
Сөз бен тіл - егіз
Сөз – кие, ойланып сөйле, қастерлей біл. *** Асқақтата мақтайтын да – сөз, Тұқырайтып даттайтын да – сөз. *** Сөз – сөйлеуші адамның таным-түсінігінің, ой дәрежесінің бұлтартпас көрсеткіші. *** Сөз – өмірдің қаны, ғұмырдың бағдарламасы. *** Сөз – ақылдың асылы, Ақыл – сөздің ақыры. *** Сөз – ақылдың найзасы, Көз – өмірдің айнасы. *** Сөз – ойдың айнасы. *** Сөз – адамның ойлау қабілетінің куәсі. *** Мейірдің үні – көз, Ақылдың үні – сөз. *** Сөзді тыңдар – құлақ, Көз – жанған шырақ. *** Көз – сырдың сандығы, Сөз – көңіл жарлығы. *** Жүректің: сөз – емшісі, көз – елшісі. *** Жіктеп айқын сөйлеген сөз – асыл, Жарық дүние сыйлаған – көз асыл. *** Сөз – ықтырып тежейді, Көз – жол нұсқап безейді. *** Сөз – апатты басыңа төндірер, Сөз – еркені ерікке көндірер. *** Сөз – атқарылған істі жеткізіп баяндаушы. *** Сөз – кестелі кесек ойды тілге жеткізуші. *** Сөз – дүниенің кілті, Тұрпайы сөз – түрпі. *** Сөз – түбі ерекше терең, ғажап дария. *** Сөз – ұлтпен бірге жасасып келе жатқан асыл мұра. *** Көпіріп көп сөйлегеннен, мәнді келген аз сөз артық. *** Ұйқасты келсе, сөз сұлу, Мейірлі сөз – жанға жылу. *** Ойлы көркем сөз – жанға жайлы сөз. *** Сөз – ойлы еңбекпен келер, Бағасын тыңдаушы берер. *** Сөз – ойдан туар, Су – жерден шығар. *** Сөз – сананы сабақтастыратын, ұлтпен бірге жасайтын ұлы мұра. *** Асыл сөздің құны бар, Алқа етіп іліп ал. *** Ақымақ асыл сөздің парқын білмес, Мақал мен нақылға ол, іңкәр емес. *** Асыл сөз қалдырсам деп болашаққа, Ойымды сараптадым, қойдым сапқа. *** Сөз – тіл арқылы ұлтпен біте қайнасқан, ерекше тұтасқан әлем, таным-түсініктің қоймасы. *** Жақсы айтылған тәуір сөз орайлы келеді, Зерек сөздің жақсылығын, халық көреді. *** Жақсы сөз адамды балқытар, Рух беріп, шабытты шалқытар. *** Жарым ырыс боларлық, жақсы сөз сөйле, Сөз де бағдар, мақсатқа жеткізер демде. *** Ой пернесін зерлеп түзген, Сөз жеткізер жұртқа бірден. *** Жақсы сөз – ақыл қосар, Жаман сөз – көңіл басар.
Нұрмахан ТІЛЕГЕНОВ,
Жамбыл ауданының Құрметті азаматы,
Жамбыл облысының құрметті ардагері.
(Жалғасы бар).