Әлеумет

Талапқа сай ма, таңдауың?

Талапқа сай ма, таңдауың?

Қоғамда сұранысқа ие, табысы жоғары маман атану – кім-кімнің де арманы. Дәл қазір тестілеуден құламай, қажетті балды жинаған талапкерлер қалаған мамандықтарына жаппай құжат тапсыру үстінде. Оксфорд мамандары барлық мамандықтың 35 пайызы алдағы 25 жылда автоматтандырылатынын айтады. Әлемдік мәселенің, әсіресе, қазаққа қатты қатысы болып тұр. Өйткені, елімізде еңбекке жарамды азаматтардың 5, жастардың 3,8 пайызы жұмыссыз болса, әр түрлі сала бойынша 134 мыңнан астам маман керек. Елімізде жоғары білім алған жас мамандардың 40 пайыздан астамы өз мамандығы бойынша жұмыс істемейді екен. Міне – парадокс!

Диплом бар, жұмыс жоқ. Маман жетіспейді, жұмыссыз көп. Бұл қандай теңсіздік? Қоғамға қажетсіз мамандықты меңгере бергеннен не ұтамыз? «Жалпыға арналған тегін кәсіптік білім беру» бағдарламасы да бұл мәселенің шешімін таба алмаған болып тұр. Себебі сол, бізге әлі де жұмысшы мамандықтары көптеп жетіспейді.

Жамбылға қандай кәсіп жетіспейді?

Қалай десек те, қазіргі балалар ақылды. Өзіне не керек екенін біледі. Заман талабына сай білім алып, құнды капитал саналатын уақытын бағалауды құнттайды. Кәсіпке бет бұрып, дипломды емес, бизнесті бірінші ойлап тұратын тенденция қалыптасты деуге де болады. Алайда, дәстүрлі мамандықты меңгеріп, нағыз маман болу да маңызды. «Бұл ел экономикасына кері әсерін тигізеді. Мемлекет бір студенттің білім алуына қыруар қаржы жұмсайды, ақша игеріледі, бірақ соңында түлек өз мамандығы бойынша жұмыс істемей, басқа салаға кетеді де, елде маманға деген сұраныс қала береді. Түлектің өзі үшін бұл жақсы болуы мүмкін. Басқа салада өз орнын тапты. Бірақ, бұл ел бюджетіне кері әсер етеді», – деді депутат Динара Наумова Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың атына жолдаған депутаттық сауалында. Бүгінде еліміз бойынша кадрларды аса қажет ететін салалардың қатарында сауда, өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, білім беру, ауыл шаруашылығы, орман шаруашылығы және балық шаруашылығы бар. Ал, біздің облысымызға 200-ге жуық дәрігер мамандары және мұғалімдер жетіспейді. Сондай-ақ, ауылшаруашылық саласына мамандар жетіспейді. Егістікке тракторшы, механизатор, агроном және басқа да орта буынды мамандар керек. Бұл саладағы мамандар былтыр 133,3 мың адам болса, биыл бұл сан 5,4 пайызға азайған. Ең қызығы, елге тапшы кадрлардың жартысына жуығында жұмыс істеу үшін кәсіптік білімі жеткілікті екен. Ал, төрттен бірінен астамына білімсіз де жұмысқа орналасуға болады. Тек әрбір бесінші бос орын міндетті жоғары білімді талап етеді. 2023-2024 оқу жылына 88 мыңнан астам оқу гранты бөлінді. Гранттардың басым бөлігі инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары мамандарын дайындауға арналған. Грант саны биылғы оқу жылына бөлінген мөлшерден 19 пайызға артық. Шыны керек, егемендігімізді алып, есімізді жинаған алғашқы жылдары жастар жаппай банкир, экономист, заңгер болуды ойлады. Бір кездері тенденцияға айналған бұл «беделді» мамандық иелеріне бүгінде сұраныс тым аз. Бүгінде жұмысшы кадрларды көптеп қажет ететін жаңа қоғам қалыптасып жатқанын аңғарамыз. Қоғамда жасанды интеллект, автоматтандырылған өнеркәсіпті басқаруды меңгеру, жаңа технологиялар асқан жылдамдықпен дамып келеді. Осының әсерінен компьютерлер немесе роботтар атқара алатын жұмыс орындары көбейіп, адамдар нәпақа табу мүмкіндігінен айырылуы мүмкін. Осының алдын алу үшін адамдар қаласа да, қаламаса да жұмысшы мамандықтарды меңгеруді мықтап қолға алулары керек.

Аттестатпен бірге диплом алады

Әулиеаталық оқушылар мектеп қабырғасында-ақ дайын маман болып шығады. Қуаныштысы сол, алдағы оқу жылында Оқу-ағарту министрлігінің бұйрығына сәйкес, мектептің 10-11сынып оқушыларына жұмысшы біліктілігі бойынша эксперименттік білім беру бағдарламалары енгізілетін болады. Оны облысымызда Тараз сервис және технология колледжі мен Жамбыл политехникалық жоғары колледжі жүзеге асыратын болады. Бағдарлама талаптарына сәйкес, оқушылар 16 мамандықтың ішінен қалағанын таңдай алады. Олардың дені техникалық мамандықты құрайды. Басқарма басшысының айтуынша, 1 жыл 5 ай оқыған оқушы қорытынды аттестаттаудан өткен соң білікті маман болып, орта білім жөніндегі аттестатпен қоса, қосымша кәсіптік білім жөнінде мемлекеттік үлгідегі құжат алып шығады. Қолына куәлік қана емес, диплом да алып шығатын маман уақыттан да ұтады. Елімізде мектеп қабырғасынан мамандарды даярлау ісін қолға алғаны – құптарлық іс. Себебі, Қазақстан бойынша жоғарыда аталған сала иелері үлкен сұранысқа ие. Академиялық тұрғыда 10,11-сыныпты жалғастырғысы келетіндер мектепте оқып жалғастырып, 10,11-сыныпта таңдаған мамандығын қатар оқи алады. Яғни, белгілі бір кесте бойынша мектеп аттестатымен қатар, мамандық та алып шыға алады. Бұл оқушылар осы мамандықтарын жалғастыру үшін жоғары оқу орындарына құжат тапсыра алады. Егер оған түсу мүмкіндігі болмаса, осы сертификаттарымен өздері курстан өткен колледждеріне автоматты түрде тегін оқу мүмкіндігіне ие болады. Жұмысшы мамандықтарды меңгерудегі алғашқы білімді мектеп қабырғасында жүріп-ақ тегін алудан бастау кез келген түлектің болашағын айқындап, қоғамдағы өзінің орнын анықтауға ықпал етері сөзсіз.

Сарапшылар не дейді?

Еңбек нарығы үнемі өзгеріп отырады. Жыл өтіп, заман дамыған сайын жаңа мамандықтар пайда болады. Түрлі цифрлық технологияға адамдардың да бейім болғаны керек, әрине. Жұмыспен қамту саласындағы сарапшы Рената Нурееваның айтуынша, қазір әлемдік компаниялар қызметкерлерін жаппай қысқартып, жұмыссыз қалғандар саны көбейіп жатыр. Эксперт бұл процесті 2020 жылы басталған коронавирус инфекциясымен байланыстырады. «Әлемде қызметкерлерді қысқарту процесінің түрлі себебі болуы мүмкін. Кей компаниялар экономикалық дағдарысқа ұшырады. Ал, технологиялық компаниялар, керісінше, Covid кезеңінде жылдам өсіп, штатқа сансыз жұмыскер алды. Дегенмен, Covid әуресі басылған соң, компаниялар сол кезде қабылдаған көп қызметкерге мұқтаж болмай, енді жұмыстан шығарып жатыр», – дейді эксперт. Ал, сала сарапшысы Руслан Бақытгелді компаниялар көбіне жасанды интеллект технологиясы және ішкі автоматизация арқасында да дами алатынын айтады. Сондықтан оларда күн өткен сайын қызметкер саны азая береді екен. «Жасанды интеллект адамдардың орнын басады деп қорқуға да болмайды. Оны жұмыссыз қалдыратын емес, жұмысымызды жеңілдететін фактор деп қарағанымыз абзалырақ болады-ау. Өйткені, адам күшін алмастыра алмайтын да жағдайлар өте көп. Сондықтан жастарды қоғамға қажетті мамандықтарды меңгеруге баулығанымыз дұрыс», – дейді ол. СӨЗ СОҢЫ: Қалай десек те, қоғамда бір-біріне кереғар пікір қалыптасқан. Еліміз бойынша әр салаға маман жетіспей жатыр. Соған қарамастан, жұмыссыздардың саны артуда. Өйткені, қажетсіз мамандар дайындайтын нашар университеттер әлі де жұмысын тоқтатпай отыр. Өздері оқу бағдарламасын жасап, өздері бақылап, өздері диплом ұсынатын дәл қазіргі білім жүйесіне үлкен өзгеріс керек. Оқу орнын бітіргеннен кейін ол маман жұмысқа тұрды ма, жоқ әлде ол мамандық бойынша еңбек етпей ме, мұның бәріне қадағалау болмай тұр. Сан емес, сапа керек екенін құнттайтын мемлекеттік жоспар жасалмайынша мәселенің түйіні әзір тарқатылмайтыны айдан да анық.  

Гүлжан РАХМАН